
Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушылары Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Бала шабыты» атты халықаралық байқаудан жүлдемен оралды.
Еліміздің әр түкпірі мен Қырғызстан, Ресей елдерінен қатысқан 950 бала төрт аталым бойынша сынға түскен. Байқауда Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің «Мұрагер» атты домбырашылар ансамблі халық күйі «Тепеңкөкті» орындап, үздіктер қатарынан көрінді.
– Бұл байқауға балалар екі ай дайындалды. Сайыс барысында біздің шәкірттеріміз, әрине, қобалжыды. Өйткені, музыка мектептерінен қатысқан үміткерлердің бабы келіскен. «Орындау өнері» аталымы бойынша 18 нөмір орындалды. Дегенмен шәкірттеріміз жақсы өнер көрсетті. Олар біздің үмітімізді ақтады, – дей келе «Мұрагер» ансамблінің жетекшісі Шынар Темірханова балаларды сайысқа дайындаған музыка пәнінің ұстазы Сымбат Тәліпованың еңбегін ерекше атап өтті. Он жылдан астам ұлттық өнерді ұлықтап жүрген аталмыш топтың бұл алғашқы және соңғы жеңісі емес. Қос ішекті аспаптың құдыретін ұғынып, халқымыздың өнерін насихаттаған ұл-қыздардың айтулы белесі жалғасын табатынына сенім зор.