«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҚАЙНАРЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін бүгінгі толқынға рухани азық беру, ұлттық сананы жаңғырту мақсатында жер-жерде түрлі жобалар қолға алынып, ұлтымыздың өзіндік моделі қалыптаса бастады. Тұңғыш Президентіміз өз мақаласында: “…Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды”, – деп жаңғырудың төл тарихымыздан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізден басталуы керектігін айтқан еді. Расында да, өткенімізді зерделемей, бақытты болашақты қалыптастыру жолында аянбай тер төккен ардақтыларымызды түгендемей, келешекке бағдар жасау мүмкін емес. Бағдарлама аясында жүзеге асқан шаралардың барлығы осы ұстаныммен қатар мемлекеттің мәдени өркендеуін жүзеге асыруды басты мақсат етіп отыр. Мәдениет саласының мекемелері бұл міндеттерді негізге ала отырып, қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттары бойынша жұмыс жүргізуде.

Ауданымызда екі жылдан бері “Қоғамдық сананы жаңғырту” қосымша бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламадағы негізгі алты міндетті іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Негізгі жұмысымыз жас ұрпаққа рухани тәрбие беруге, олардың бойында Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастыруға бағытталған. Кейінгі толқынның сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру мақсатында ауданымызда 100-ге жуық іс-шара өткізілді.

“Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында қазақ әдебиетінің көрнекті ақын-жазушыларының мұрасын насихаттау шараларына зор мән берілуде. Жуырда Ясновка ауылдық кітапханасында ақын, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толуына орай “Қаламгердің жарқын жолы” тақырыбында әдеби кеш өткізілді. Бұл шараға мектеп оқушыларымен бірге олардың ата-аналары мен туған-туысқандары да қатысты. Ауыл азаматтарының аудан деңгейінде өтетін әдеби, мәдени шараларда белсенділік танытқанын айтып өткен жөн. Бұл жолы Ясновка тұрғындары Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы білімдерін толықтырып, балалардың өнерін тамашалады. Қазақшаға судай Кирилл Сущенко мен Алита Рязанцева мемлекеттік тілде өлеңдер оқып, “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының маңызы жайында өз ойларын ортаға салды. Әдеби кеште ақынның “Тау ішінде” әні де шырқалды.

Былтыр №1 Явленка орта мектебінде саламатты өмір салты тақырыбында сынып сағаты өткізілді. Оқушылар “Есірткіге жол жоқ!” деректі фильмін тамашалап, аудандық емхананың өкілі Надежда Лашевичтің қоғам кеселі жайындағы әңгімесін ұйып тыңдады. Мәселен, ол өмірді енді ғана танып келе жатқан өрендерге есірткінің құлына айналғандардың тағдырындағы қиындықтар жайлы баяндап, бұл дерттен аулақ болуға шақырды. Ауданымыздың білікті дәрігері Ерболат Таупықұлының саламатты өмір салтын ұстанудың пайдасы жайындағы дәрісінен оқушылар есірткі мен психотроптық заттарды тұтыну ағзаны улаумен қатар, мұның соңы қылмыстық жауапкершілікке ұласуы мүмкін екенін ұғынды.

“Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясындағы “Туған жер” арнайы жобасына орай да ізгі шаралар жүзеге асырылуда. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарымен танысу мақсатында бірқатар өңірлерге саяхат жасады. Сонымен қатар жоба шеңберінде жергілікті меценаттар туып-өскен ауылдарының тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында қаржылай көмек көрсетіп келеді. Былтыр ауданымызда жомарт жандардың көмегімен бірнеше нысанға жөндеу жүргізілді. Жарғайың ауылының 90 жылдық мерейтойын тойлау кезінде аталмыш ауыл кәсіпкерлердің көмегімен түрлене түсті. Мұнда да ауыл шаруашылығы ғимараттары қалпына келтіріліп, әр отбасының баспаналары жөнделді. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкерлер де бұл іске бір кісідей жұмылып, ауданымызды көркейту ісіне белсене араласты. Аудан деңгейінде ұйымдастырылған “Ажарлы үй – ырысты”, “Табиғат – тіршілік нәрі” жобалары аясында жергілікті тұрғындар ағаш отырғызу акциясына қатысып, қоғамдық орындарды қалпына келтірді.

Жас ұрпақ бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру бағытындағы шаралардың маңызы зор. Аудандағы барлық Мәдениет үйлерінде “Туған жерім – тұғырым” тақырыбында кездесулер мен “дөңгелек үстел” өткізілді. Былтыр Бұлақ ауылдық кітапханасында ұйымдастырылған шаралар елімізге танымал тұлғаларды насихаттауға бағытталды. Осы орайда ауылдың қарттары абзал азаматтар жайындағы естеліктерімен бөлісіп, жастарды білімге, еңбекқорлыққа үгіттеді. Ал Ильинка ауылының кітапханашылары халық композиторлары Балуан Шолақтың 155 және Біржан салдың 185 жылдығына орай “Поэтикалық дала” тақырыбында кітап көрмесін өткізді. Мұнда танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайында тың ақпараттар берілді.

Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150 және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы ел көлемінде тойлануда. Біздің аудан ұлы бабаларымыздың мерейтойына орай жұмыс жоспарын бекітіп, тарихи тұлғаларға арналған әдеби-сазды шараларды бастап кетті. Жас буынды туған жерге деген сүйіспеншілікке, Отан тыныштығын қорғауға, адамгершілікке, табиғат әсемдігін түсінуге, қасиетті нәрселерді қадір тұтуға тәрбиелеуде – Абай мұрасы таптырмас құрал. Осы орайда бүгінде аудандағы барлық білім ордаларында танымдық тұрғыдағы сынып сағаттары өткізілуде. Сонымен қатар қазақтың бас ақынының өлеңдерін жатқа айтудан челлендж ұйымдастырылуда. Аудандық Мәдениет үйі “Абай – қазақ елінің мақтанышы” атты концерттік бағдарламамен ауылдарға гастрольдік сапармен шығуды жоспарлап отыр. Жуырда Явленка ауылында аға буын өкілдері “дөңгелек үстел” басына жиналып, жастарға тәрбие беруде Абай мұрасының пайдасы жайында әңгіме өрбітті. Ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек еткен ардагер ұстаздар Абай атамыздың рухани мұрасының терең тұңғиығына бойлау арқылы жастарға дұрыс тәрбие бере алсақ ұтарымыз көп дейді. Себебі, ұлы ойшыл – шығыс поэзиясында қалыптасқан дәстүрлерді жалғастырушы ғана емес, Фирдоуси Низами, Әлішер Науаи секілді шығыс ғұламаларының ізбасары. Осыған орай алдағы уақытта барлық мектептерде Абайдың қарасөздеріне арналған тәрбие сағаттарын өткізуді жоспарладық. Түркі дүниесінің ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған шаралардың да ауқымы кең болмақ.

Жеңіс КЕМЕЛОВ,

Есіл аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp