
Елімізде дәрі-дәрмекті жеткізумен айналысатын бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» компаниясының мәліметі бойынша, біздің өңірімізге 508 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі жөнелтілді.
Қаңтар айының алғашқы күндерінен бастап біздің облысқа тегін дәрі-дәрмек жөнелтілуде. Өткен айда өңір тұрғындары 170 миллион теңгенің тегін дәрі-дәрмегіне ие болды. Мәселен, қант диабеті сырқатына шалдыққан науқастар үшін 50,1 миллион теңге, артериалды гипертензияға – 45 миллион теңге, онкологиялық аурулары бар сырқаттарға 17,6 миллион теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы өңірдің медициналық ұйымдары тарапынан жалпы сомасы 6 миллиард теңгеге өтініш берілген. Соның 1,4 миллиард теңгесі қант диабеті сырқаты бар, 771 миллион теңге қатерлі ісік, 554 миллион теңге артериалды гипертензиямен ауыратын науқастарды емдеуге бөлінді. Бірыңғай дистрибьютордың 1439 нөмірі бойынша колл- орталыққа түскен өтініштер саны бойынша біздің облысымыз 6 орында тұр. Ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты еліміздің солтүстік өңіріне тегін дәрі жеткізуде бірқатар қиындықтар орын алды. Орталыққа осындай 66 өтініш түскен, ал кейбір өтініштер бойынша тегін дәрі медициналық ұйымдарға жөнелтілді. Ауа райы түзеліп, жолдар ашылған сәттен бастап дәріні жеткізу қайта қолға алынды. Ал белгілі бір дәрілердің аз мөлшеріне орай жеткізілуде іркіліс болды. Бұл мәселе жедел түрде шешілді.
2019 жылы өңір тұрғындары 4 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілгенін айтып өткен жөн. Бюджеттің айтарлықтай өсуіне тегін дәрілер тізімінің ұлғаюы мен жаңа аурулар тобының туындауы әсер еткен.
Сурет https://24.kz/ сайтынан алынды.