«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ КӨНЕ БАҚ

Айыртау ауданындағы дендропарк­тің 120 жылдық тарихы бар. Айыртау ауылы тұрғындарының айтуынша, бұл бақтың негізін Ресейден қоныс аударған полковник Храновский деген кісі қалаған екен. Қазіргі Айыртау ауданының әсем табиғатына қызыққан ол 1898 жылы осы жерге саяжай салады. Отбасымен қыдырып, демалу үшін аллея жасап, ағаш өскіндерін отырғызған екен. Баққа “дендропарк” мәртебесі 1954 жылы беріліпті. Қазір мұнда ағаштар мен бұталардың 30-дан астам түрі бар. Олардың ішінде өңірімізде кездесе бермейтін балқарағай, шегіршін, май қарағай, барбарис, емен сияқты ағаштар жайқалып өсіп тұр.

Үш гектар жерді алып жатқан саябақты күтіп-ұстаумен төрт адам айналысады. Олар соңғы екі жылда дендропаркке өздері тұқымнан өсірген самырсын, емен, шыршаның 50 шақтысын отырғызған. “Шренк” деп аталған көгілдір шырша кезінде Башқұртстаннан арнайы әкелінген екен. Ал қазір мұндай сирек кездесетін ағаштың түрлерін көбейту мүмкін болмай отырған көрінеді.
– Былтыр республикалық қазынадан қаражат бөлініп, оған дендропарктің кіреберісін жаңарттық. Жолдарына қиыршықтас төседік. Жаңа орындықтар орнаттық. Ішін қураған ағаш пен жапырақтардан тазарттық. Біздің шамамыз қазір дендропаркті қорғап, сақтауға ғана жетіп отыр, – дейді “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі” республикалық мемлекеттік мекемесі Айыртау филиалы директорының орынбасары Кәкімбек Әбішев.


Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp