«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАСҚА ҚҰЛЫН

Қазақ халқы малдың әр түлігінің өз тәңірісі, иесі болады деп есептеген. Малдың киесі барына, табиғаттың төліне қиянат жасаудың арты ауыр жағдайға душар ететініне көзімді жеткізген мына бір оқиға тоқсаныншы жылдың басында орын алған еді.

Көршім Елубай келіншегін әркімнен бір қызғанып жүретін. Ішіп алып, әйелін дүйім жұрттың көзінше сыбап-сабап алудан да тайынбайтын. Араша түсетіндерге тап-тап беретін. Әйелі болмаса, өшін малдан алады. Бірде таңертең малды өріске айдамақ болып шарбақты ашып жатыр едім, Күлзияннің ащы даусы шықты. “Мына есерсоқ әйелін өлтіретін болды-ау!”. Жүгіріп ауласына кірдім. Не болғанын түсінбей далмын. Елубай қос қолымен мойнын басып, ыңыранып жерде домалап жатыр. Айнала қып-қызыл қан. Әйелінің есі шығып кеткен, күйеуінің жанында ағыл-тегіл жылап жүр. Қора маңында қасқа құлын серейіп жатыр. Жылқы төлінің жанында шұбатылып жатқан ұзын темір арқанды көргенде бір жамандықтың орын алғанын ішім сезді. Бірақ Елубай мен құлынды бір уақытта сұлатып тастаған кім?
Күлзияннің ащы дауысынан ауыл түгел оянды. Тайлы-тұяғымен үйдің жанына жиналып, өзара сыбырласып тұр. Ауыл мейірбикесі Елубайдың мойнын таңып, аудандық ауруханаға хабарласты. Асығыс жеткен “Жедел жәрдем” көлігі қансырап жатқан көршіні алып кеткен соң ауыл тұрғындары үйлеріне тарасты. Көшенің келесі басынан аяңдап енді жеткен Хамит ақсақал мұнда не болғанын көрмей-ақ біліп тұр. Қолының шипасы бар қарт құлынның бұйрабұйра балғын жалынан сипап өтті де: “Қамбар атаның аруағын әбден қорлады-ау. Мал киесі жібермейді ғой…”, – деді.
Сабасына түскен Күлзиян күйеуінің күндегі әдетіне салып, малдарды ұрғанын, үш айлық құлыншақ қораны айнала шауып, ойнақтап шықпаған соң оны да таяқтың астына алға­нын айтты. Таяқ емес-ау, темір сымдары бар зіл батпан арқанмен жон арқасынан осып-осып өткен. Құлынның ышқынған дауысына қосылған сиырлар өкіріп, қой-ешкілер жамырап, қора маңы азан-қазан болған. Әйелі тоқтау айтқан сайын, көзі алая түскен ызақор еркек тағы да қолындағысын сілтей бергенде, буындары дірілдеген қасқа құлын одан көзін алмай, тіксініп қарап тұрып қалған екен. Сол уақытта әп жыландай жиырылған арқан құлынға тиер-тиместен кері қарай серпіліп, Елубайдың мойнына қадалады.
Жылқы төлі орнынан тұра алмай, бірер сағаттан соң өліп қалды. Есерсоқ көршім де ұзаққа бармады. Үш күннен соң ауруханада көз жұмды. Арқанның темір ұшы оның ұйқы күретамырына тиген екен. Тістеуікпен де оңайлықпен үзілмейтін сымның бір бөлігі сынып кетіп, сол тамырмен жүрекке барып қадалған деседі. Ел: “Ажалы ақыры құлыннан келді”, – деді де жерледі. Дана халқымызда “Тұлпарға қас қылғанның тұқымы құриды” деген киелі сөз бар. Бәлкім, шынымен солай шығар…

Алтай ЕЛЕУКЕНОВ,
зейнеткер. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp