«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛМЫС ЖАСАРЫП БАРАДЫ

Былтыр облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде кішігірім келіспеушіліктен туындаған төбелестің салдарынан 28 жастағы жігіттің қаза тапқаны белгілі. Осыдан бір апта бұрын бір адамның өліміне себеп болған екі жігітке қатысты сот үкімі шықты. Олардың біреуі 1 жыл алты айын, ал екіншісі он жылын түрмеде өткізетін болды. Ал марқұмның артында зайыбы мен үш жасар қызы қалды.

Алдыңғы буын үлкен сенім артып, болашақтары жарқын болсын деп батасын беріп отырған жастардың қылмысқа бой ұруы – кім-кімді де алаңдататын мәселе. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Евгений Скорощеконың айтуынша, өңіріміздегі жастардың арасында ойнақтап жүріп от басатындар аз емес. Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында және оларға қарсы жасалған құқық бұзушылықтар азайғанымен, күрмеуі қиын мәселе әлі де жетіп артылады. Мәселен, 2015 жылы жас буынның қатысуымен 93 заң бұзушылық орын алса, өткен жылы бұл көрсеткіш 51-ге дейін азайған. Статистикалық көрсеткіштер төмендеді деп арқаны кенге салуға болмайды. Мәселен, бүгінде облыс бойынша жасөспірімдер ісі жөніндегі 91 инспектор жетіспейді. Соның 70-сі – мектеп инспекторлары.
Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің тәртіп бұзуы ешкімді таңғалдырмайтын болды. Мұндай оқиғалардың басында әлімжеттік тұрғаны жасырын емес. Яғни, оқушылар бір-біріне күш көрсетуге дейін барып жатады. Бұл сөзімізге ғаламтор беттерінен оқып, көгілдір экраннан күнделікті көріп жүрген жаңалықтар мен оқиғалар арқылы да көз жеткізіп отырмыз. Психолог Айжан Дәуренбекованың айтуынша, мұндай жайттарға, көбінесе, жасөспірімнің отбасында орын алған жағдайлар әсер етеді. Күнделікті өмірде әлімжеттік пен әлеуметтік теңсіздікті, дауыс көтеру, қол жұмсау, басқа да заң бұзушылықтарды көріп өс кен бала мейірімсіз, қатыгез адамға айналады.
Өткен жылы облыс орталығындағы мектептердің бірінде оқушылар мен мұғалімдер газбен уланып, ауруханаға жеткізілген болатын. Кейін белгілі болғандай, оқушылардың бірі мектепке көзге газ шашатын баллон алып келген. Ата-анасы балаларына баллонды өздері бергенін айтып, кінәларын мойындап, түсініктеме жазумен ғана шектелді. Мектеп қабырғасында мұндай тәртіп бұзушылыққа жол берген баланың бірнеше жылдан соң нағыз бұзақыға айналмасына кім кепіл? Осындай жайттарды қадағалау үшін әр білім ордасында мектеп инспекторының болуы қажет.
Өңір жұртын дүрліктірген, көпшілікті алаңдатқан аты шулы қылмыстық оқиғалардың дені түнгі клубтарда орын алатынын да білеміз. Өткен жылы алған соққысынан есін жимастан жан сақтау бөлімінде өмірімен қоштасқан баскетболшы Игорь Нанаевтың қайғылы қазасы, болашағынан зор үміт күттірген спортшы Ербол Хамитовтың аяғынан айырылғаны, артында екі жасар қызы қалған Ксения Овсянникованың өліміне алып келген жол апаты сөзімізге дәлел бола алады. Түнгі көңіл көтеру орындарына баратын жастар өткен жылы да бірқатар заң бұзушылықтарға жол берген. Мысалы, “Шоколад”-та – төрт, “777”-де үш және “Ностальжи” түнгі клубында екі бұзақылық фактісі тіркелген.
Сондықтан жастар мен жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыстардың алдын алу шараларын күшейту керек. Бұл жұмыстарға құқық қорғау органдары ғана емес, білім ордалары, психолог мамандар мен ата-аналар да белсене араласулары керек.


Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp