«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев облыс әкімі Құмар Ақсқаловпен кездесіп, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын дамыту бойынша үшжақты меморандумға қол қойды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында елімізде «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиені күшейту қажеттігі туралы айтылған болатын. Сондай-ақ, жалпыұлттық жоспарда «Жас сарбаздың» өңірлік филиалдарын құру жөнінде де нұсқау бар. Соған сәйкес былтыр барлық облыстарда жаңа бірлестіктің бөлімшелері ашылып, бүгінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кездесу барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының болашағы зор екендігін, бұл жастарды тәрбиелеуде маңызды қадам екендігін атап өтті.

– Жастар жылы аясында өңірімізде көптеген игі істер атқарылды. Соның ішінде жастар арасындағы әскери-патриоттық тәрбие мәселесіне басымдық берілді. Солтүстікқазақстандықтар жаумен қасық қаны қалғанша соғысып, еліне қорған бола білген батыр бабаларын мақтан тұтады. Бұдан бөлек, майдан даласында асқан ерліктің үлгісін көрсеткен 55 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры, 11-і “Даңқ” орденінің толық иегері болды. Сондықтан біз жастарға тарихи және адами құндылықтарды ұғындыруымыз керек. Бүгінгі таңда облыста 315 әскери-патриоттық клуб бар. Соның ішінде «Жас сарбаз» сыныптарында 6 мыңнан астам жасөспірім тәлім-тәрбие алуда, – деген Құмар Іргебайұлы өңірде осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларды өз сөзіне арқау етті. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өз кезегінде елімізде «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылғанын, нәтижесінде ел бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі таңда еліміздегі алты мыңнан астам әскери-патриоттық клуб бірлестіктің құрамына кірсе, онда 202 мың жасөспірім тәрбиеленуде. Министр облыс орталығынан бөлек, аудандар мен ауыл мектептерінде де аталған бірлестіктің филиалын ашу, оларды арнайы формамен, педагогтармен, техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету туралы ұсынысын жеткізді.
Кездесу барысында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, облыс әкімі Құмар Ақсқалов және «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев үшжақты меморандумға қол қойды. Содан соң Нұрлан Ермекбаев облыс әкіміне «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының арнайы төсбелгісін және облыстық филиал үйлестіру кеңесі төрағасының куәлігін табыстады.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp