«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОРАНДА АДАСҚАН АДАМ ТАБЫЛДЫ

Есіл ауданындағы Қараағаш ауылынан Аққайың ауданындағы Рублевка ауылына бара жатқан жолда адасып кеткен ер адам облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел кезекшісіне қоңырау шалуға мәжбүр болды. Әңгіме барысында оның ұялы телефонының батареясы отырып қалғанымен, ол жақын маңайда электр бағаналары барын айтып үлгерген.

 Бұл ақпарат шұғыл түрде екі ауданның төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімдеріне, полицияға, жергілікті атқарушы органдарға таратылып, құтқару шарасы басталды. Есіл аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жұлдыз Есенғазин бастаған, құрамында өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, аға лейтенант Болат Бекенов, жүргізуші Ерлан Оразалин, өрт сөндіруші Кирилл Терехин және Заречный ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Олег Войцеховский бар іздестіру-құтқару тобы «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын көлігімен дереу жолға шықты.
«Жауынгерлік машина» экипажы жүздеген шақырым жол жүріп, адасқан адамды алты сағат бойы іздеді. Ақ түтек боран адамның басқан ізін бірден жауып тастап, қиындық келтірді. Іздестірушілердің үміті сөне бастаған кезде жол бойында көзге көрінер-көрінбес із байқалды. Бұл із қараусыз қалған, бос тұрған қойма ғимаратына алып келді. Адасып кеткен 33 жасар Дәурен осы қойманы паналапты. Түннің бір уағында бей далада от жағып, бораннан бой тасалап отырған Дәурен ұйқы қысқанымен, бес арсыздың біріне бой бермей отыр екен. Өйткені ол бір ұйықтаса оянуы екіталай еді. Күтпеген жерден құтқарушылар келіп жеткенде, оның қуанышында шек болмады. Құтқарушыларға алғысын жаудырған жігіт Қараағаш ауылының асханасына жеткізіліп, тамақтандырылды. Оның медициналық көмекке мұқтаж еместігі анықталған соң, “Трэкол” түннің бір уағында Явленкаға аттанды.

Сурет https://24.kz/ сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp