«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Басқарма басшысы Руслан Есеналин, ең алдымен, өткен жылы облысымызда спортты дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, негізінен қол жеткен жетістіктерге тоқталды.

– Бүгінде өңірде 176 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Бұл – жалпы тұрғындардың 32 пайызы. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 3,1 мың спортшыға артқан, – деді басқарма басшысы. 

Жыл бойы 1435 спорттық шара ұйымдастырылып, ол 350 мың адамды қамтыған. Облыста бүгінде спорттың 80 түрі жақсы дамып келеді. Қазіргі таңда 413 спортшымыз ел құрамаларының сапында өнер көрсетуде. Жалпы 2870 спорттық ғимарат болса, оның 80 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Өткен жылдармен салыстырғанда спортқа бет бұрған оқушылар саны әлдеқайда өскен. Оның бір себебі – аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылуда. Атап айтқанда, желтоқсан айында Ақжар ауданындағы Талшық ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында Саумалкөл, Явленка және Пресновка ауылдарында спорттық нысандар салынбақ.
Былтыр Петропавл қаласындағы “Дельфин”, “Жеңіс”, “Барыс” спорт мектептерінде және спортқа дарынды балаларға мамандандырылған спорт мектеп-интернат-колледжінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал үстіміздегі жылы саланы дамытуға бөлінген 5,9 млрд. теңгеге 7 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Дегенмен, бұл қаржы қажетті жұмыстарды толық атқаруға жетпейді.
Алқалы жиында ақпанның 20-23 күндері аралығында Тайынша ауданында өтетін “Солтүстік – 2020” қысқы спорт мерекесіне дайындық барысы да сөз болды. Бұл туралы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ержан Жұмабаев баяндады. Ал жиынға қатысқан жаттықтырушылар мен сала ардагерлері өңірде жекпе-жек академиясының жоқтығын, қысқы спорт түрлерінің дамуын сынға алып, спорт клубтарындағы легионерлер мәселесін көтерді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев барлық ұсыныстар мен өтініштерді өңір жетекшісіне жеткізетінін, өзекті мәселелерді шешу жолында жұмыла жұмыс жасау қажеттігін айтты.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp