
Жыл соңына дейін “Сев КазЭнерго” акционерлік қоғамының қарамағындағы №2 жылу-электр орталығына жаңғырту және жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Кәсіпорында 12 қазандық, 7 турбоагрегат және 7 трансформатор бар. Мамандардың жұмысы 80 пайызға автоматтандырылған серіктестікте 2009-2016 жылдар аралығында “Тарифті инвестицияға алмастыру” мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылған болатын. Бұл жылдары кәсіпорындағы жаңғырту жұмыстарына 45,3 млрд. теңге жұмсалып, қазандықтар мен турбоагрегаттар ауыстырылды. Нәтижесінде орталықтың электр өндіру қуаттылығы 380 МВт-тан 541-ге дейін артса, жылу қуаттылығы 304 Гкал-дан 713 Гкал-ға жетті. Бұл өз кезегінде 103 мың тонна көмірді үнемдеуге мүмкіндік берді.
Ал биыл орталықтағы бірнеше жылға жоспарланған жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Көмір күлін шығаратын №2 секциясында қайта құру және №3 секцияны кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар серіктестіктегі көмір қалдықтарын сақтауды бес жылға дейін ұзартуға және қаланы жылумен қамтуды жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, 2020 жылы “3ГТ” трансформатрын ауыстыру жоспарлануда. Тозығы жетіп, нысандағы жұмыс талаптарына жауап бермейтін құрал-жабдық толығымен жаңартылады. Нәтижесінде №2 жылу-электр орталығындағы №3 турбоагрегаттың жүктемесі азайтылады. Бұдан бөлек, соңғы 50 жылдан бері ауыстырылмаған басқа да құрылғылар жаңартылады. Бұл жабдықтар бүгінгі таңда техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Жыл соңына дейін “1А” және “1Б” конвейерлері мен №1А, Б, В, 6 және 17-19 кабель желілерін жаңғырту көзделуде. Орталықтың №2 жылу қазандығында да жөндеу жұмыстары қолға алынады.
Жаңғырту жұмыстары тозған жабдықтарды жаңартып, облыс орталығын толыққанды жылумен қамтуға мүмкіндік бермек.
Андрей АГЕЕВ,
“СевКазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс
бөлімінің басшысы.
Сурет https://www.zakon.kz/ сайтынан алынды.