«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЙДЫҢ, КҮННІҢ АМАНЫНДА АДАСЫП ҚАЛМАЙЫҚ!”

Өңірімізде жалғыз қазақ тілінде тарайтын облыстық қоғамдық-саяси “Soltústik Qazaqstan” газетінің №9 санында белгілі журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің “Айдың, күннің аманында адасып қалмайық!” атты мақаласы жарияланған болатын. Қоғамға қозғау салған мақала қолыма қалам алуға мәжбүр етті.

БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ

Ертеде үлкен кісілер балаға бата бергенде “молда бол, мұғалім бол” дейтін. Өйткені, ұстаз – қоғам­ның тірегі әрі тамыршысы. Мұға­лім – жас ұрпаққа бағыт-бағдар бе­руші адам, ұлы тұлға. Алаштың күн келбетті көркем ақыны Мағжан Жұмабаев: “Алты Алаштың игі жақ­сысы бас қосса, төрдегі орын – ұс­таздікі”, – деп тегін айтпаса керек. Бұрынғы Көкшетау облысына қа­рас­ты Қызыл сая орта мектебін та­мамдаған соң ұстаздық маман­дық­ты таңдап, ұрпақ тәрбиелеуді алдыма мақсат еттім. Оған да, міне, жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Барлық саналы ғұмырымды балаларға тәрбие мен білім беру­ге арнадым. Әлі де білім беру са­ла­сының ыстығына күйіп, суы­ғы­на тоңып, заман көшінен қалмай ке­лемін. Бар білгенімді балаларға үйретіп, шәкірттерімнің зерек ой­лы, білімді, алғыр, бәсекеге қабі­летті болғанын қалаймын. Оқушы­ларым да сол сенімді ақтауда. 
Ұстаз ретінде келешек ұрпақ­тың болашағына алаңдаймын. Бү­гінгі алмағайып заманда таңдану­дан, таңғалудан қалдық. Жаһан­дану дәуірі өз еркіне бағындырмай қоймас. Экономикалық алға басу өз алдына, ақпараттық техноло­гия­лар кеңінен қолданысқа енгізі­лу­де. Заман көшінен қалып қой­мау да жөн шығар. Дегенмен, біз өзіміздің ұлттық құндылықтары­мыз­дан айырылып қалмай, дін, діл, тіл­ді сақтауға барынша тыры­суы­мыз қажет. Отанға сүйіспенші­лікті ұлттық құндылықты қастер­леу деп ұғынған жөн. Ал ұлттық құн­дылық ұрпақты тәрбиелеуден бас­тау ала­ды. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болаша­ғы. Сондықтан Жарасбай Сүлей­ме­новтің бала тәрбиесіне қа­тысты айтқан толымды пікірімен ке­лісе­мін. Бүгінгі күннің шындығы­мен бө­ліс­кен автор қоғам, ұлт үшін қауіпті ғаламтордың қасіретін алға тарт­қан.
“Ауруын жасырған өледі” де­мек­­ші, егер қоғамда болып жатқан келеңсіз көріністі ескермей, ұлт­тың санасын улап жатқан теріс әре­кеттерге дер кезінде назар ау­дар­масақ, ұрпақтың ертеңгі тағ­ды­ры не болмақ? Көрсек те, көрме­ген­дей сыңай танытсақ, бұл адам­шы­лық­қа жата ма? “Атымды адам қой­ған соң, қайтіп надан болайын”, – деп ұлы ақын, данышпан Абай ата­мыз айтпақшы, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір саналы адам ұлтының бо­лашағына алаңдауы тиіс. Әсіре­се, біздер, ұстаздар қауымы ұрпақ тәрбиесінде бейжайлық таныт­пауымыз керек.
“Айдың, күннің аманында ада­сып қалмайық!” атты мақалада ав­тор рухани құндылық жайлы терең ой қозғаған екен. Бәрінің жүрегін жау­лап алған интернет, әлеумет­тік желілерге қатысты келтірген уәжі орынды. Ол рас, қазір ақпа­рат­тық дәуір заманы. Ғаламтор­дың шырмауына түскен адам одан оңайлықпен құтыла қоймасы анық. Сондықтан интернеттің пай­да­сынан зияны басым деп ойлай­мын. Өйткені, қазір кез келген ақ­па­рат қолжетімді. Қатыгездік, со­рақылық, айуандық, бейбастақтық ғаламторда толып жүр. Жақында “WHATSAPP” желісі арқылы жасөс­пі­рім­дердің төбелесінен бейне­жаз­ба тарады. Бір-бірін аяусыз соқ­қы­ға жығып, қатыгездік танытқан балалардың бұл қылығы жаға ұстатты. Бұл түсірілімнің қан­дай тәрбиелік мәні бар? Кейінгі ұр­пақ одан қандай ой түйеді деген са­уал маған маза берер емес. Ға­лам­т­ор­да міне, осындай қатыгез­дік наси­хатталады. Оның орнына неге біз­дің салт-дәстүріміз, ұлттық құн­дылықтарымыз дәріптелмей­ді? Сондықтан бұл отбасындағы тәр­бие­ден жіберілген қателік деп ой­лаймын. Ұстаздар да мұндай со­рақылықтың алдын алу керек. 
Қазір жастарды интернет тәр­бие­леуде. Кейбір ата-ана баласы­на еркіндік беріп қойған. “Әй дейтін әже, қой дейтін қожа” болмаған соң бала да өзін еркін сезінеді. Ба­ланы тұқыртуға болмайды, алай­да, тәрбиенің тізгінін жіберіп ал­мау керек. Күнделікті қым-қуыт ша­руадан қолы босамайтын кей­бір ата-аналар балаларына дұрыс кө­ңіл бөлмейді. Тәрбие киерге киім, ішерге ас тауып берумен шек­тел­мейді. Өкінішке қарай, мұны кей­бір жастар қаперіне алғысы келмейді. 
Қазір Айыртау ауданындағы Ка­расевка орта мектебінде матема­ти­ка пәнінен сабақ беремін. Биыл мен 54-ші оқу жылын аяқтаймын. Уақыт көшінде талай баланы тәр­бие­леуге үлес қостым. Педагоги­калық тәжірибемде балалардың психологиясы өзгергенін аңғар­дым. Балалар ойын еркін айта ал­майды, тұйық. Бұл интернеттің ке­сірі деп білемін. Балалардың бар ермегі – телефон, интернет. Оқу­шы­ларға мектепте телефон ұстау­ға шектеу қойылуы қажет деп ой­лаймын. Мектептен тыс уақытта олардың немен айналысатынын білмейміз. Ал білім ордасында балалардың тәрбиесіне ұстаздар барынша назар аударуы қажет. Бо­лашақ ұрпақтың тағдырына алаң­дасақ, елімізде интернеттің еркін­дігін бұғаттау мәселесі өз шешімін тап­са, құба-құп. Өйткені, шексіз ке­ңістікте баланың сорақы дүние­лер­ді тамашалауына жол бермеу­ге тиіспіз. Әлеуметтік желінің же­те­гінде кеткен жеткіншектердің өз-өзіне қол салу жағдайлары да жиі кездеседі. Егер бұлай жалғаса бер­се, түбі жақсылықпен аяқталуы не­ғайбіл. Сондықтан көпті көрген ұс­таз ретінде барша әріптестерімді, әсіресе, қатарға жаңадан қосыл­ған жас мамандарға болашақ ұр­пақ­­тың тәрбиесімен мықтап айна­лы­­суымыз қажет екенін айтқым ке­ле­ді. Бала тәрбиесі – баршаға ор­тақ. Көркем шығармаларды наси­хат­тап, оқушыларды кітап оқуға ша­қы­руымыз керек. Ал ұстаздың өзі кітап, газет-журнал оқымаса, ол ба­лаға қандай тәрбие береді? 


Нұржәмила ӘЛІБЕКОВА, 
ұстаз. 
Айыртау ауданы. 


КІТАП ОҚУДАН ҚАЛЫП БАРАМЫЗ

Жуырда “Soltústik Qazaqstan” газетінде жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сү­лейменовтің “Айдың, күннің ама­нында адасып қалмайық!” деген мақаласын оқыдым. Ертеңгі кү­нін ойлаған адамды алаңдата­тын бұл мәселе маған да ой сал­ды. Шынымен де, жас балалар­дың арасында күні-түні ұялы те­ле­фонын қолынан түсірмейтіндер көп. Да­лада ойнап, жүгіруден қалып ба­рады. Бір кездері даладағы ба­ла­ны үйге кіргізе алмаушы едік. Енді компьютерден тұрғызып, үй­ден шығару уайым болып бара­ды. 

Қазір облыс орталығының өзі­нен бір-екі кітап дүкенін зорға та­басыз. Ол дүкендердің қай жер­де орналасқанын да білмейміз. Ал кітапханаларға бас сұға қал­саңыз, студенттерден басқа жан­ды кездестірмейсіз. Мұның өзі де жас қауымның кітап оқуға деген ынтасының жоқтығын аңғартып тұрғандай. Бүгінде керек мағлұ­матты ғаламтордан ала салған жөн деп ойлайтын жастар аз емес. Жаһандануға бет бұру үшін жаңа технологиялар керек шығар. Алайда, ешбір техно­ло­гия кітаптың орнын баса алмай­ды ғой. Бір қызығы, жоғары тех­но­логиясы көз ілеспес жылдам­дықпен дамып жатқан Жапония елінің өзі кітап оқудан үздік ел­дер­дің қатарында екен. Жапон­дық­тар өздері ойлап шығарған дүниелерді екінші кезекке қойып отырғаны көпшілікті ойланды­руы тиіс емес пе?!
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құ­нанбайұлы: “Адам білімін өз бе­ті­мен ізденуінің, кітапты көп оқуы­ның арқасында жетілдіреді әрі бірнеше тілді меңгереді. Ал­дыңғы қатарлы ойшылдар­дың еңбектерімен танысады”, – де­ген болатын. Дегенмен, көшеде қо­лы­на кітап алып жүрген жасты кө­ріп жүрміз бе? Жоқ. Қайта қол­да­рынан телефон түспейді. Әр нәр­­сенің өзіндік шегі болуы ке­рек. Жа­ңа технологияның көмегі­мен әлемде, елімізде болып жат­қан хабарларды естірту жылдам­ды­ғы артты. Бірақ жағымды жа­ңа­лық­тарға қарағанда жантүрші­гер­лік оқиғаларды бейнесімен қо­са асыра сілтеушілікпен жарыса жазатын адамдар қатары көбей­месе, сирер емес. Ғаламторда кез келген сайтты ашып қалсаң, адам шошитындай жазбалар табылып жататыны жасырын емес. Жастар үшін ғаламтор, қа­рапайым сөзбен айтқанда, “өсек” алаңына айналып отыр. Ұя­­лы телефонда “WHATSAPP” ар­қылы келген небір хабарларды, “Fa­cebook”, “VK”, “Instagram” жә­не та­ғы басқа әлеуметтік желіде жүктелген қысқа видеоларды қараумен әлекпіз. 
Жарасбай Қабдоллаұлының ма­қалада көтерген пікірлерімен келісемін. Бүгінгі күні жастарды кітап оқуға қолымыздан келген­ше шақырамыз. Жастармен өт­кен кездесулерде кітап оқудың артықшылықтарын айтамыз. Дегенмен, бұл сөзімізге құлақ асып жатқандары шамалы. Бү­гін­гі күні қай мектепке, қай ауыл­ға барсаңыз да, кітапханадан не­бір туындыларды табуға бола­ды. Су жаңа кітаптар беті ашыл­маған күйі сөрелерде тұр. Әттең, жай ғана шаң басып жатыр. Сон­дықтан бір мезет басымызды те­лефон мен ғаламтордан көтеріп, қолымызға кітап алсақ, нұр үс­тіне нұр болар еді. 
“Адам кітап оқуды қойса, ой­лауды да қояды” деген екен XVIII ғасырдағы француз ағарту­шы-материалисі, жазушы Дени Дидро. Жаңа технология дамып жатқан бұл заманда кітапқа де­ген қызығушылықтың төмендеп кеткені, қолынан телефонын тас­тамаған балалардың жанары­ның солып бара жатқаны көңілге кір­бің түсіреді. Технология жағы­нан емес, рухани тұрғыдан да­мы­ған елдің “Мәңгілік елге” ай­налатынын ұмытпайық.

Бауыржан ҚҰЛЖАНОВ,
Петропавл қаласының Құрметті азаматы. 

РУХАНИ БАЙЛЫҚҚА ЗӘРУМІЗ

Жуырда телефоным бұзылып, жаңасын алып едім, ойда-жоқта немерем қағып кетті. Бұрынғы телефонымды қайда қой­сам, сол жерден алушы едім, жаңасын қой­ған жерімнен емес, кішкентайдың қолынан іздейтін болдым. Бір күні осы бала не шұ­қылап жүр деп, қасыма отырғызып қойып қарап отырдым. Саусағым дірілдеп, хабар­ласатын адамымды әзер тауып алатын мен бес жасар немеремнің шаңына да іле­се алмайды екенмін. Ойын, ән жүктеп алып, камерасына сурет, бейнежазба түсі­ріп отыр. “Телефонымды бері әкел. Бала­бақшадағы тәрбиешің берген үй тапсырма­сын орындайық” десем, иығын қиқаң еткіз­ді де, теріс қарап отырып алды. Әжелік ер­келетуді қойып, дауысымды қатайтқанда ғана ырқыма көніп, телефонды өзіме қай­тарды.
Қазіргі баланың да, жастың да, жаса­мыс­тың да алданышы телефон болды. Күн­делікті көріп жүргеніміз – бүгінгі қоғамның ғаламторға жіпсіз байланып, алақандай ғана телефонға телміріп отырғаны саналы адамды ойлантуы тиіс. Жуырда облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінде жариялан­ған белгілі журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің “Айдың, күннің аманында адасып қалмайық!” деген ма­қаласы осы ойымды тарқатқандай болды. Мақала авторы ғалымдар гаджеттерді ұзақ уақыт пайдалану сөйлеу мен жазу секілді қабілеттерге жауап беретін мидың ақ заты­на кері әсер ететінін анықтағанын жазыпты. Бұл пікірдің жаны бар.
Бүгін “Анау тұрған немене, мынау тұр­ған кеме ме?” деп сан түрлі сұрақ қойып, мазаңды алуы тиіс бүлдіршіндердің тілін сындыра алмай жүрген ата-аналар көбей­ді. Томаға тұйық, бір тілде ойын анық жеткі­зе алмайтын, шолжың, өзімшіл балалар­дың қатары қалыңдаған сайын болаша­ғы­мыз қандай болады деген алаңдаушылық басым. Өткен жолы немерем: “Әже қара­шы”, – деп бір бейнежазбаны көрсетті. Ата-анасы жылап жатқан балаға телефонды ұстатқанда тыйышталады, алып қойса, жер­­ге жата қалып жылайды. Күлетін емес, жы­­лай­тын жағдай. Ертең телефонға тәуел­ді, ғаламтордан неше түрлі қулық-сұм­­дық­ты көретін баланың психологиясы қалай қалыптаспақ? Осыдан кейін бала неге ашу­ланшақ, тұйық, тілі шықпай жатыр деп дәрі­герден дәрігерге сүйрейміз. Құдайдың бер­ген сау баласын, өзіміз ауру қылып отыр­ғанымызды аңғармайтынымыз өкінішті.
Баланы жастайынан ертегі оқуға бау­лысақ, ержеткенде кітап, газет-журнал оқып, рухани азық жинап, ойы толысып, өре­сі тереңдейді. Кітап адамды тәрбиелейтінін білсек те, неге елемейтінімізді түсінбеймін. Қоғамда болып жатқан сан түрлі оқиғалар­дың, жан түршіктіретін сұмдық жағдай­лар­дың өршуіне кітап, газет оқымай, гаджет­терге телмірудің салдары емес пе деген ой туады кейде.


Шәрбан БӘЖЕНОВА,
зейнеткер.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp