
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өңір, қала әкімдері, облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің басшылары және депутаттар азаматтарды қабылдады. Кездесуге келген 190 адамның 30-ы өңір басшысы, “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақаловтың қабылдауында болды.
“Ашық есік күніне” келген қызылжарлықтар негiзiнен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен баспана мәселелерiн көтерді. Қала тұрғыны Наталья Першина көршілерінің қыс бойы қар шығармайтынын айтып шағымданды. Зейнеткердің айтуынша, Копай шағынауданында орналасқан үйінің жанындағы “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен автотұрақ қар шығару жұмыстарын жүргізбейтін көрінеді. Нәтижесінде көшенің бойында үйілген қар көктемде еріп, су қарияның ауласына жиналады екен. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Сондай-ақ, Наталья Першина аталмыш шағынаудандағы ескі үйлерді сүру жұмыстарының қашан басталатынын сұрады. Облыс әкімі көше бойындағы қарлардың міндетті түрде қала сыртына шығарылатынын айтты. Бүгінгі таңда үйлерді сүру мен коммуникациялық желілерді тартуға қажетті қаражат есептеліп, атқарылатын жұмыстардың жобасы жасалуда. Ал үйлерді сүру жұмыстары алдағы жылы басталмақ.
Қабылдауға келген Рахима Қазбекова баспана тауқыметін тартып жүргенін жеткізді. Айтуынша, Совхозная көшесі, 28 мекенжайында орналасқан баспанасы апаттық жағдайда. Үйдің төбесі ескірген, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал шатырды ауыстырып, жаңғырту жұмыстарын жүргізетін қаражаты жоқ зейнеткер Құмар Ақсақаловтан күрмеуі қиын мәселесін шешіп беруді сұрады.
– Өңірімізде жыл сайын бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілуде. Ол үйлерден көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, соғыс ардагерлеріне, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға пәтер беріледі. Бұл тізімде апаттық үйлердің тұрғындары да бар. Тәуелсіз сараптама баспанаңызды апаттық жағдайда деп таныған жағдайда, қала әкімдігіне пәтер кезегіне тұруыңыз қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.
Көмек сұрай келгендердің бірі – Айнаш Байжігітова Шал ақын ауданының орталығындағы баспанасын атына түсіре алмай жүргенін ашына жеткізді. Сергеевка қаласында көп жылдан бері иесіз тұрған жер үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қомақты қаражатын жұмсаған. Сол кезде жергілікті атқарушы орган өкілдері нәзік жанға үйдің құжаттарын рәсімдеуге көмектесуге уәделерін берген. Алайда, Айнаш Байжігітова әлі күнге дейін баспананы өз атына аудара алмауда. Сотқа жүгінгенімен, одан да еш нәтиже шықпаған. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов соттың шешімін өзгерте алмайтынын, десек те, аудандық әкімдік тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.
Айыртау ауданындағы 883 үлескер мен “Жарқын СҚ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы жер дауына нүкте қойылар емес. 42 мың гектар жер аукционға шығарылған. Бұған ашынған бес ауылдың тұрғындары облыс әкімінен көмек сұрай келді. Өңір басшысының айтуынша, қазіргі уақытта облыстық прокуратура мамандары жер заңнамасының сақталуын тексеріп, сараптама жұмыстарын жүргізуде. “Әзірге Қылмыстық кодекстің 190-бабына (ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) және 152-баптың 3-тармағына (еңбек заңнамасын бұзу) сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта серіктестіктің жерді қаржы институттарының біріне кепілдікке қою туралы Бірлестік, Қарақамыс, Дәуқара, Егіндіағаш және Светлый ауылдары тұрғындарының келісімін алғаналмағаны тексерілуде”, – деді Құмар Іргебайұлы.
Павел Широченко бастаған бір топ петропавлдық Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстанға әкелінген, бірақ арнайы тіркеуден өтпеген көліктердің мәселесін шешу бойынша көмек сұрады. Тұрғындар көліктерін елімізде тіркеуге қоюға қарсы емес. Дегенмен, бюджетке төленетін салықты көпшіліктің қалтасы көтермейді екен.
– Өңірімізде Ресейден, Қырғызстаннан және Армениядан әкелінген үш мыңға жуық көлік бар екенін білемін. ЕАЭО елдерінен әкелініп, Қазақстанда уақытша тіркелген көліктерге арнайы нөмірлер берілетін болды. Тұрғындарға бір жыл ішінде аталған автокөліктерді заңдастыруға, утилизация алымын және кедендік баж салығын төлеуге мүмкіндік беріледі. Жергілікті билік те бұл мәселені шешу жолдарын қарастыратын болады, – деді Құмар Ақсақалов.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.