
Ақан сері атындағы аудандық Мәдениет үйінде Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исмановтың тұрғындар алдында қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев, облыстық жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясының басшылары, аудандық атқарушы органдар өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен тұрғындар қатысты.
Есепті кездесуде аудан әкімі Бейбіт Исманов өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын саралап, алда тұрған ауқымды міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың міндеті – экономиканы өркендету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, тұрғындардың мәселелерін шешу. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 57,3 млрд. теңгені құрады. Аудан бойынша егістік жер көлемі 374 мың гектар. “Солтүстік соясы” бағдарламасы аясында 1200 гектар алқапқа соя өсірілді. Дәнді дақылдардың жалпы түсімі 386 мың тонна, гектар берекелілігі 15,7 центнерден айналды.
Аудан мал шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлері бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Өткен жылы тірі салмақта 10,3 мың тонна ет, 63,2 мың тонна сүт және 23,1 млн. жұмыртқа өндірілді. Мал және ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін “Іскер” және “Еңбек” бағдарламалары бойынша 187,7 млн. теңгенің 48 өтінімі қаржыландырылды. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша Чехиядан симменталь тұқымды 364 бас ірі қара сатып алынды.
Ауданда республикадағы жалғыз және Орталық Азиядағы ең ірі Сырымбет қалайы кен орнын игеру бойынша жұмыстар қолға алынды. Биыл тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталады. Кәсіпорын жылына 10 мың тонна қалайы өндіретін болады. Жобаның жалпы құны – 100 миллиард теңге, 600-ден астам адамды жұмыспен қамту көзделуде.
Ауданда туризм саласының дамуына айрықша көңіл бөлінген. Қазір 40 туристік база жұмыс істейді. Өткен жылы еліміздің әр түкпірі мен алыс-жақын шетелдерден 63 мың турист демалды.
2019 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд. 291 млн. теңгені құрады. Соның ішінде Саумалкөлде 80 отбасы баспанаға ие болып, 27 көпбалалы шаңырақ қоныстойын тойлады.
Биыл жолдарды жөндеуге 3 млрд. 852 млн. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы Саумалкөл – Новоукраинка – Қаратал, Еленовка – Чистополье, Лобаново – Зеренді, “Солнечный ВИП” кіреберіс жолы, Антоновка – Горное және тағы басқа бағыттардағы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
– “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында аудан орталығында жалпы сомасы 2,3 млрд. теңгеге 19 жоба іске асырылды. Саумалкөлде 354 миллион теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, – деді аудан әкімі Бейбіт Исманов.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев Айыртау ауданының дамуына оң бағасын берді. Алда атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталып, бірқатар мәселені шешу қажет екенін атап өтті. Өз кезегінде аудан тұрғындары оңтайлы сәтті пайдаланып, көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Қарақамыс ауылының тумасы Өміртай Жүсіпов Сырымбет және Қамсақты ауылдық округтеріндегі қазақ ауылдарының бүгінгі жағдайы мүшкіл екенін жеткізді. Аудандық маңыздағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін, қысқы уақытта жолдар тазаланбайтынын, ауылдарда жастарға арналған демалыс орындары қарастырылмағанын айтып, учаскелік инспекторлардың жұмысын да сынға алды. Бірлестік, Дәуқара ауылдарының тұрғындарын сапалы ауызсу, жол жөндеу мәселелері толғандырады. Бірлестік ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт қажет. Кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарға жауап берген аудан басшысы биылғы жылы көптеген жұмыстар жоспарланғанын айтып, тиісті қаржы бөлінген жағдайда жүзеге асырылатынын жеткізді.
Кездесуде ауылдың жер мәселесі де ескерусіз қалмады. Жиын соңында Светлый, Дәуқара, Қарақамыс, Бірлестік және Егіндіағаш ауылдарының аукционға қойылған егістік жерлерінің сатылымға шығарылуына қарсылық танытқан тұрғындар жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерімен жеке кездесіп, “Жарқын СҚ” ЖШС-ға қатысты қозғалған қылмыстық істің мән-жайымен танысты.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.