«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРМАН — ЕЛ БАЙЛЫҒЫ

Мемлекетіміздің баға жетпес байлығы – табиғаты. Оны қорғау – абыройлы міндет. Табиғат ре­сурстарын сақтау, көбейту және ұтымды пайдалану – орман ша­руашылығы қызметкерлері­нің негізгі міндеті.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасының қарамағын­дағы мемлекеттік орман қоры­ның жалпы ауданы 550 мың гек­тарды құрайды. Табиғат бай­лы­ғын қорғау 12 коммуналдық кә­сіпорын және түз тағыларын өсірумен айналысатын “Крас­ный бор” мемлекеттік меке­месіне жүктелген.

Биологиялық әртүрлілікті, фло­ра мен фаунаның сирек түрлерін және экологиялық теңгерімді сақтау үшін өңірімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар белгіленген. Табиғат ескерткіштері 121 гектар жерде орналасса, 134,6 мың гектар аумақ “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің енші­сінде. Орманшыларға өртке қар­сы қауіпсіздік шараларын ұйым­дастыру, орманды қорғау сияқты маңызды жұмыстар сеніп тапсы­рылған. Біздің мамандар был­тыр бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарды. Атап айтқанда, жауапты меке­мелердің материалдық-техни­калық базалары жаңартылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 180 миллион теңгеге 10 өрт сөн­діру көлігі сатып алынды. Сон­дай-ақ, ормандардағы өрт сөн­діру бекеттері жеке қаражаттарына тағы 10 көлік пен 1 трактор, 89 млн. тең­генің құрал-жабдықтарын алды.
Ормандарды өрттен қор­ғау – күн тәртібінен түспейтін мә­селенің бірі. Орман шаруа­шылығы жұмысында өрттерді болжау, алдын алу, анықтау, от ошақтарын оқшаулау және жою жұмыстары бір жүйеге келтіріл­ген. Заманауи құрылғылармен жабдықталған өрт сөндіру стан­циялары, бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Былтыр өңіріміз­де 32 гектар жерде 16 орман өрті тіркелді. Тексеріс барысында өрттің шығуына себеп болған 4 және орманда өрт қауіпсіздігі ере­жесін бұзған 114 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ор­ман шаруашылығы қызмет­кер­ле­рі табиғатты қорғау заңын бұ­зудың 390 фактісін тіркеп, 3 млн. 55 мың теңгенің айыппұлын сал­ды. Қазіргі уақытта оның 2 млн. 967 мың теңгесі өндіріліп алын­ды.
“Бір тал кессең, он тал ек” де­ген­дей, орманды қалпына келті­ру мәселесі – орман шаруашы­лы­ғы қызметкерлері үшін маңыз­ды міндет. Ағаштарды зиянкес­тер­ден қорғау және аурулардың алдын алу мақсатында 91 мың гектар аумақ зерттеліп, 3581 гек­тар алқапты санитарлық-сауық­тыру шаралары қолға алынды. Нәтижесінде ауру ағаштардың аумағы біршама қысқартылды. Санитарлық ағаш кесу жұмыс­тары 3815 гектар аумақта жүргі­зілді. Бүгінгі таңда облысымызда көшеттер өсірілетін 29 орман тәлімбағы бар. Онда 6 миллион­ға жуық көшет егілген. Өткен жы­лы күзде облыстың орманды ау­мағы 1860 гектарға ұлғайтылды.
Мемлекеттік орман қоры ау­ма­ғында барлығы 26 ұзақ­мер­зім­ді орман пайдаланушы жұ­мыс істейді. Олардан жергілікті бюджетке 266 млн. теңгенің са­лығы түсті. Бүгіндері орман шикі­затын өңдеудің инновация­лық тә­сілдері енгізілуде. Ормандарды жалға алушылар 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып, сү­рек көмірін дайындайтын 20 цех пен ағаш көмірін дайындайтын 4 зауыт салды. Сонымен қатар 29 ағаш тілгіш орнатылды.
2017 жылы “АБД-Орманы” жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігі сүрек дайындау бойынша ұзақ­мерзімді орман пай­даланушы­лар­дың алғашқы­сы болып Қа­зақ­стан Республи­касы­ның Ғы­лым қоры арқылы 300 млн. тең­ге­нің грантын алды. Бұл қаражат ағаш кесу, көшеттер өсіру, ор­ман­дарды қалпына кел­тіру жұ­мыс­тарын жүргізу үшін бө­лінді. Сүрек дайындауға қажетті жаңа техникалар сатып алынды. Кө­шет­тер өсіру үшін жылыжай са­лын­ды. Былтырғы жылдың та­мы­зында айына 160 тонна сүрек көмірін дайындайтын зауыт пай­далануға берілді. Ал 2018 жылы сүрек дайындау бойынша ор­ман­дарды ұзақмерзімді жалға алушы “Азия – WOODS” ЖШС-і де 300 миллион теңгенің гранты­на қол жеткізген болатын. Серік­тес­тік былтыр өз қаражаты есе­бінен ағаш қалдықтарын өңдей­тін зауытты іске қосты. Сондай-ақ, кәсіпорында жоғары сапалы сүрек көмірі және еуробөрене жасалады.
Біздің басты мақсатымыз – ор­мандарды сақтау және көбейту. Алдағы уақытта орманға бас-көз болу, өрт шалған және бос жер­лерге көшет егу біздің жұмы­сы­мыздың басым бағыттарының бірі болып қала бермек. 

Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы.

Сурет https://pkzsk.info/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp