
Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Ақжар ауданының Горький орта мектебінде кітапханашылар арасында «Мен Абайды оқимын» байқауы өткізілді. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында байқау қатысушылары ақынның өлеңдерін жатқа айтты. Қазылар алқасы кітапханашылардың туындыларды мәнерлеп жеткізу қабілетіне, актерлік шеберлігіне мән берді. Екінші кезеңде кеш жүргізушілері аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Сұлушаш Мұқанова мен Горький орта мектебінің кітапханашысы Анна Герлиц үміткерлерге ақын шығармашылығына қатысты түрлі сұрақтар қойды. Ұлы Абайдың қара сөздерінің мән-мағынасын жарыса жеткізген сайыскерлер байқау барысында ән шырқап, өз өнерлерін ортаға салды. Барлық кезең бойынша үздік деп танылған Дәуіт және Киев орта мектептерінің кітапханашылары А.Бердіғұлова мен А.Муттакиева бірінші орынды иеленді. Ленинград №2 орта мектебінің кітапханашысы М.Салыкова, Бестерек орта мектебінің кітапханашысы С.Қожағұлова – екінші, Ақсарыдан Ж.Сейдалиева мен Кеңашыдан Г.Әмренова үшінші орындардан көрінді. Байқау жеңімпаздары дипломдармен марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Шара барысында «Абай – дана, Абай – дара» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кеш соңында көрермендер байқау қатысушыларымен бірге Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық Ай» әндерін қосыла шырқады.