«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ХАЛЫҚ ЖАУЫ” АТАНҒАН ҚАЛАМГЕР

1937-1938 жылдары қуғын-сүргін көрген, жазықсыз жапа шеккен абзал азаматтарымызды еске алу, олардың елі үшін еткен еңбектерін елеусіз қалдырмау бағытында бүгінгі күні бірқатар игілікті істер жалғасын табуда. Десек те, есімдері әлі күнге дейін атаусыз қалып, сіңірген еңбектері елге жеткізілмей, белгісіз күй кешіп жатқандары қаншама?! Олардың өз елі, халқы үшін сарп еткен өмірі мен қызметін егеменді еліміздің жастарына үлгі ету, есімдерін жарыққа шығару, елге таныту негізгі міндеттеріміздің бірі екені даусыз.

Осындай арыстарымыздың бірі – халық ағарту, мәдениет саласында, қоғамдық-саяси өмірде жауапты қызметтер атқарған, 1936-1937 жылдары бұрынғы “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетінің бас редакторы болған Сейілбек Үсенов. Жас та болса ұйымдастырушылық қабілеті мол, сауатты қызметкер өз дәуірінде ұлағатты ұстаз болған. Халықтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының өзі оқыған Шымкенттегі Қ.Сыпатаев атындағы мектепте білім берген ұстаздарын еске алғанда: “Менің алғашқы ұстазым – Сейілбек Үсенов” деп тебірене әңгімелеп, ол кісінің тарих, қоғамтану пәндерінен дәріс бергенін айтқаны бар екен. “Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады”, – деп Абай бабамыз айтқандай, Бауыржан Момышұлының кісілік қасиеттерінің қалыптасуына, үлкен биіктерге жетуіне алғашқы ұстаздары, соның ішінде Сейілбек Үсеновтің де ықпалы болғанын айта кеткен жөн. “Ол кезде мектепті басқаратын кісіні директор демей, меңгеруші дейтін. Біздің меңгерушіміз, партия мүшесі Сейілбек Үсенов деген кісі еді, – деп еске алады Бауыржан Момышұлы. – Шамалауымша, ол кісінің жасы 25-30-дардың арасында болу керек. Орта бойлы, реңді, сабырлы кісі болатын”.
Сейілбек Үсенов 1905 жылы бұрынғы Сырдария облысының Шымкент уезі, Сарыкөл болысында қарапайым ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Бес жасқа жетпей әкесінен айырылған оны тағдыр ерте есейтті. Өз қолымен жазылған өмірбаянына үңілсек, онда былай делінген: “Әкеден айырылған соң анам мен ағамның қамқорлығында болдым. Күн көруіміздің негізі болған – 0,5 гектар жер телімі. Ол жерге мақта егіп жан сақтайтынбыз. Сонымен бірге байға жалданып, әртүрлі жұмыс атқардық. Осылайша ерте көктемнен қара күздің соңына дейін еңбектеніп, тек қыс түсе ауыл мектебіне баруға мүмкіншілік алатынбыз”. Жастайынан білімге ұмтылған ол 1917 жылы Шымкенттегі бірінші сатылы мектепке оқуға барады. Оны аяқтаған соң мұғалімдер даярлайтын үш айлық курста оқуын жалғастырады. Бұл өте қиын жылдар болатын: кеңес өкіметінің орнауы, азамат соғысы, 20-шы жылдардың басындағы ашаршылық. Дей тұрғанмен, оқуын одан әрі жалғастыру мақсатында 1920 жылы педагогикалық техникумға түсіп, ол жерде 1923 жылға дейін білім алады. Ол кезеңде мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орнын ашпай, халыққа білім беру мәселесін дұрыс жолға қою мүмкін емес екендігі белгілі болатын. Осылайша 1920 жылы Ташкентте мұғалімдер институты ашылып, кейіннен 1925 жылдан бастап, Қазақ педагогикалық институты ретінде жұмыс жүргізе бастады және де “жоғары педагогикалық оқу орны” деп есептелінді. Міне, осы оқу орнында білім ала жүріп, Сейілбек Үсенов қоғамдық-саяси жұмысқа белсене қатысады. Қалалық кітапханаларда отырып, саяси әдебиеттермен танысады, студенттік үйірмелерге мүше болады. “Кедейшіл жас” жастар басылымына редактор бола отырып, қазақ студенттерінің арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Аталмыш оқу орнын бітіргені жөнінде 1925 жылы 16 студент куәлік алған болса, солардың қатарында: Сейілбек Үсенов, Құрманбек Жандарбеков, Әуелбек Қоңыратбаев, т.б. болған. Кейін олар еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік көрсетіп, танымал болады. Осы кезден бастап Сейілбек қазақ жастарының ішінен шыққан білімді маман ретінде көзге түсіп, жауапты қызметтер атқарады.
1925 жылы күзде 20 жасар С.Үсенов Шымкент қаласында Қазақ педагогикалық техникумында оқытушы, оқу бөлімінің меңгерушісі, 1926 жылдан жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Шымкентте қазіргі Қ.Сыпатаев атындағы жетіжылдық мектептің басшысы болады. Сол кезде өзі оқытқан шәкірттеріне білім ғана беріп қоймай, өмірді тануға да ықпал еткен. Олардың арасынан елімізге танымал тұлғалар, халқымыздың мақтанышы бола білген Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Қажым Жұмалиев, т.б. шыққаны белгілі.
1928 жылдан 1929 жылғы ақпан айына дейін Сырдария округінің халық-ағарту бөлімінде нұсқаушы болады. Ол қандай қызмет атқармасын, елжұртының ықыласына бөленген. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің молдығы нәтижесінде сол кездегі идеологиялық жұмыста да жақсы қырынан көріне білген, 1929 жылы ақпан айынан бастап Бостандық ауданына партия комитетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылады. Ол жылдары Бостандық ауданы – Сырдария округінің шалғай жатқан ауданының бірі. Үш республиканың – Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның түйіскен тұсында орналасқан еді. Ауданның ұлттық құрамы да әртүрлі ұлттардан құралған болатын. Мұнда негізінен өзбектер, тәжіктер және қазақтар тұрды. Қиыншылығы көп, бұл ауданда көтеріліс болып, Сейілбек аға қиын-қыстау кезеңге тап болады және сол сыннан сүрінбей өтеді. Ол кезде Сейілбек Үсенов бар-жоғы 24 жаста еді. Сол жылдың қараша айында Шымкентке қайта шақырылып, Сырдария округінің “Ленин жолы” газетінің редакторы қызметін атқарады. Ал 1930 жылдың көктемінен Сырдария округтік комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі болады. Сол жылдары ол осы аймақтың мәдени-ағарту мәселелері бойынша алқа мәжілістеріне төрағалық ете отырып, көптеген өзекті мәселелердің дұрыс шешілуіне, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына назар аударған. Бұл жөнінде мұрағат деректері көп сақталған. Сол жылдың мамыр айынан бұл кісі Сырдария округтік комитетінің бірінші хатшысы қызметін уақытша атқарады. Одан соң Мойынқұм ауданында бірінші хатшы, Алматыда “Социалды Қазақстан”, (қазіргі “Egemen Qazaqstan”-С.Ә.) газетінің тілшілер бөлімінің меңгерушісі, “Қарағанды пролетариаты” газетінде редактор, ал 1936-1937 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің редакторы қызметін атқарған.
Бауыржан Момышұлы бұл жөнінде: “Академик Мұхаметжан Қаратаевтың Ілияс туралы естелігінен Сәкеңнің (С.Үсенов) Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің редакторы болғанын оқыдым. Бұл өзі қызық дерек. Қалайынша редактор, ол жағынан хабарым жоқ”, – дейді. Шамасы жас та болса, зерек, ұйымдастырушылық қабілеті мол Сейілбек Үсеновті партия қайда жұмсаса да, қызметін адал атқарған. Сонымен бірге ол кісі қаламгер ретінде де жан-жақты көзге түседі. Оның өлең жинақтары, әртүрлі сын мақалалары республикалық газет-журналдарда жарық көрген. Солардың ішінде “Сұлушашқа сын” (С.Мұқановтың поэмасы туралы, “Жаңа әдебиет”, 1929 ж. №11, 68-81 беттер, №12, 68-86 беттер), “Жиренше шешен сөздері” (“Жас қайрат”, 1924 ж., №6. 27-28 беттер), “Түсінбеймін” (“Жаңа әдебиет” журналы, 1928 ж.) мақалалары мен өлеңдері оқырман тарапынан жоғары бағасын алған.
Сейілбек Үсенов өмірде де кең, көпшілікпен тез тіл табыса білетін қасиеттерімен танылған. Оның жақын араласып сыйласқан әріптестерінің арасында танымал тұлғалар Сәкен Сейфуллин, Саттар Ерубаев болған. Қызмет бабымен қоян-қолтық жұмыс жасап, бірге жүрген замандастары қатарында Абдушахман Жамбыловты, Нысанбай Садықбековті, Байлар Айдаровты, т.б. атауға болады.
Өз қолымен жазылған өмірбаянынан үзінді келтіре кетсек, онда былай делінген: “1928 жылдан елде жүргізілген барлық іс-шараларға белсенді түрде қатыстым (ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, азық-түлік дайындау, егін егу т.б.). Шымкент қалалық кеңесінің 2 шақырылымына және Алматы округтік комитетіне мүше болдым. Екі өлкелік съезге және Қазақ өлкелік комитетінің үш пленумына қатыстым. 1935 жылы “ҚазАССР-не – 15 жыл” белгісімен марапатталдым”.
Сейілбек Үсеновтің соңғы жұмыс істеген жері Петропавл қаласы болғанын айтып өттік. Сол жерде 1937 жылы 4 қарашада “халық жауы” деген айыппен тұтқындалған. Одан кейінгі тағдыры адам айтқысыз. Отбасылық жағдайы тіптен аянышты. Зайыбы Гүлдана Байсейіт болыстың қызы болған дейді. Оңтүстік Қазақстанда Көмешбұлақ ауылында 1911 жылы туған. Күйеуін тұтқындағанға дейін 1937 жылдың ақпанында 26 жасында ауыр науқастан көз жұмған. Артында үш кішкене баласы (екі қыз, бір ұлы) қалған. Сол бір азапты, ауыр күндерді Сейілбек Үсеновтің жалғыз баласы – Сәлім аға былайша еске алады: “1937 жыл еді. Біз ол кезде Солтүстік Қазақстанда Петропавл қаласында тұрып жатқан болатынбыз. Әкеміз С.Үсенов облыстық газетте редакторлық қызметте. 12 ақпанда шешеміз 26 жасында қайтыс болды. Артында үш кішкене бала қалдық. Фарида, Қалима және мен. Әкеміз күндіз-түні жұмыста, бізбен бірге әжеміз қалатын. Ол кісі анамыздың орнына ана болды. Бірақ бұл да ұзаққа бармады. Бізді бұдан да ауыр күндер күтіп тұр екен. Күздің суық түнінің бірінде, мен бұл күнді өмір-бақи естен шығармаймын: 1937 жылы қараша айының 3-інен 4-іне ауған шағында біздің үйге “қара құзғынмен” НКВД-дан бір топ адам сау етіп келді. Олардың біреуі, шамасы бастығы болу керек, әкеме “жинал” деп белгі берді. Біздер, балалары, үрпиіп, көзіміз шарамыздан шығып, не болғанын түсінбей жылап, әкеміздің қол астына тығылып, оны құшақтап тұрып қалыппыз. Сол кезде әлгілердің біреуі бізді жұлып алып, еденге бір-ақ лақтырып кете барды. Бөлмеден шыға бере әкеміз бізге қарап: “Мен қайтып келемін”, – деп шығып кетті. Бірақ сол кеткеннен ол қайтып оралмады.
Араға бірнеше күн салып, біздің де соңымыздан келіп “халық жауының” балалары ретінде алып кетті. Бізге енді осындай айдар тағылды. Бізді алып келген балалар үйінде 3 жастан 12 жас аралығында балалар толып жүр. Біздің әжеміз соңымыздан бірнеше рет келіп, жолығуға еш мүмкіндік таппай, қақпаның сыртында бірнеше сағаттар бойы қарауылдап, бізді бір көруге зар болып, сыртта тосып жүреді екен. Кейіннен әжеміз өткен күндерді еске алып, “сол кездегі балалардың шырқыраған дауысын әлі күнге дейін ұмыта алар емеспін” деп егіліп жылап алатын. Содан бізді, бір топ балаларды топырлатып пойызға салып, алып кетті. Қайда? Белгісіз, бізге ешкім ештеңе айтпайды. Ал біздер көзіміз жасқа толып, жылап-сықтап жолдың өзін әрең көретінбіз. Бірнеше күн, бірнеше түн ұзақ жол жүріп, ақыр соңында Ресейден бір-ақ шықтық. Мені Орынбор облысының Новоорск балалар үйіне орналастырды”.
Сәлім Үсенов жақында дүниеден озды. Қазір Ресейдің Орынбор облысындағы Карачанка селосында балалары тұрып жатыр. Фарида балалар үйінен шыққаннан кейін, Жамбыл облысына Шу ауданына тұрмысқа шығып, сонда тұрып қалған. 1976 жылы дүние салды. Ал екінші қызы Қалима балалар үйіне жіберілгеннен кейін хабарсыз кеткен. Кейіннен каншама іздеу салынғанымен, нәтиже бермеді. Әлі күнге дейін табылған жоқ.
Қуғын-сүргінге оның өзі ғана ұшыраған жоқ, сонымен бірге туған інісі Әшірбек Үсенов те жазықсыз жапа шекті. Ол кісі белгілі қаламгер, бірнеше оқулықтардың авторы болған. Солардың ішінде мектеп оқушыларына арналған “Әдебиет хрестоматиясы” Алматыда 1937 жылы жарық көрген. Тұтқындалғанға дейін (1938 жылдың наурызы) Алматы қаласында №12 мектепте оқытушылық қызметте болды. 1938 жылы 11 қарашада ату жазасына кесіліп, 1960 жылы 20 қыркүйекте КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасының шешімімен толық ақталды.
Қаншама жылдар өтсе де, С.Үсеновтің ауыр да аянышты тағдырын ұмыт қалдыру мүмкін емес. Ол бар-жоғы 33 жыл ғана өмір сүрді. Сол жылдардың өзінде еліміз үшін қаншама іс тындырып кетті. Оның өмірі мен қызметі – кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сондықтан өз халқы үшін аянбай еңбек еткен абзал азамат, жазықсыз жапа шеккен Сейілбек Үсеновтің бейнесін ұрпақтар жадында мәңгі қалдыру мақсатында алдағы уақытта Петропавл қаласының бір көшесіне оның есімі берілсе, үлкен игілікті іс болар еді.

Сейдехан ӘЛІБЕК,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.
СУРЕТТЕ: С.Үсенов отбасымен бірге, 1930 жыл.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp