«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРПЫҚТЫҢ “ҚАЙҒЫСЫ”

“Soltústik Qazaqstan” облыстық газетінде қырық жылға жуық қызмет атқарған журналист Жоламан Шаханов сатира жанрына көп қалам тербеді. Қаламгер 1948 жылдың 7 наурызында Шал ақын ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тамамдаған. Газетімізде меншікті тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен. Әзіл-сықақ әңгімелері облыстық газетпен қатар республикалық “Ара”, “Мағжан” журналдарында жарияланды. Оқырмандарының лайықты бағасын алған қаламгердің көзі тірісінде “Солақайлар соқпағы” және “Айтпайын десем…” атты екі жинағы жарық көрді. Газетіміздің бүгінгі санында Жоламан Шахановтың қолжазба күйінде сақталған, еш жерде жарияланбаған әзіл әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қырықты қырдан асырып салған Қарпық – осы жасында қызға қырындап көз салмаған, тетелестерімен төбе көрсетіп жиын-тойға бармаған, әзіл айтсаң, ойнап-күлмеген жан. Обалы не керек, осындай тұйықтығы болмаса, сұйықтығы жоқ. Осы жасында танауынан көк түтін шығарғанын, ұртын “улы суға” лайлағанын, түйіндеп айтқанда, артық-тыртық әбестік мінін байқаған жоқпыз. Сонысына қарап: “Осы Қарпық неге үйленбейді?” – деп қатты қиналатынбыз.
Кейде жанашыр құрдастары есік алдында жалғыз отырған Қарпыққа аяушылық білдіріп:
– Қарпық-ау, қу тізеңді құшақтап қашанға жалғыз отыра бермексің? Үйлен. Бәленбай ауылда түгенбайдың отырып қалған қызы бар, сөз айтып қайтайық, – десетін. Сонда Қарпық:
– Гөләйттауға уақыт жоқ, ақша жинап алайын. Сосын қызылкөз қыздардың өзі-ақ келеді, – дейтін. Сонымен танауын делдитіп жүргенде біраз уақыт өтіп те кетті. “Өзі келетін” қыздар да көріне қоймады.
Ақша жиып алды ма, әлде шәу тартып бара жатқан жасынан сескенді ме, бірде Қарпық әлгі аяушылық білдіріп жүрген құрдастарына:
– Отырып қалған қыздарың қайда? Әйда, сөз айтып қайтайық, – демесі бар ма? Мұны естіген құрдастары қолды-аяққа тұрмай, жеңіл машинаға міне салып, Қарпықты ортаға алып, кәрі қыздың ауылына бір-ақ тартты. Сөз мәнісін білмейтін Қарпықты жол-жөнекей сөйлеуге үйретті. Не керек, Қарпық көсіле сөйлеген құрдастарынан қызды қызықтыратындай біраз сөзді жадына түйгендей болды.
Әнеміне дегенше, қара жолды қою шаңға көмген машина кәрі қыздың ауылына жетіп келді. Қыз жалғыз екен. Шамасы құрдастардың бірі күні бұрын құлаққағыс жасап қойғандай, самауыр қайнап, дастарқан жайнап, бәрі жасаулы тұр. Жігіттер жайғасып, шай ішіп болған соң Қарпықты жалғыз қалдырып, тысқа шығып кетті. Оңаша қалған екеуі үнсіз біраз отырды. Сөзді бастар Қарпығың ана қалтасын бір, мына қалтасын бір сипалап қимылдағаны болмаса, ә деп аузын аша қоймады. Жігіттің сөзге шорқақ, ұяңдау екенін бұрын естіп алған қыз үнсіздікті өзі бұзып:
– Келген шаруаңызды айта отырыңыз, – дейді. Тікесінен қойылған сауалға Қарпық сасқалақтап қалады. Бағана жолда құрдастары жарыса үйреткен сөздер қым-қуыт шашырап, есіне түсе қоймайды. Сәлден соң қысылған Қарпық құрдастары үйреткен сөздердің бәрін сыпырып тастап, бұрыннан есінде жүрген тоқ етер ойын бір-ақ айтты.
– Жұмыстан қалмадым… ақша жинадым… сөйтіп жастың біразға келіп қалғанын байқамадым…, – деді күмілжи сөйлеп.
– Е, бәсе, манадан бері қалталарыңызды сипалап отырғаңыздан-ақ ақшаңыздың көп екенін байқадым, – деді қыз әзілдей күліп.
– Рас айтам, ақшам көп, ақша болмаса қалай үйленіп, қалай үй боламын. Соны ана құрдастарыма айтсам, түсінбейді. Сәтті күн енді түскендей, – деді Қарпық ағынан жарылып.
Жігіттің түр-тұлғасын, жөн-жобасын, мін-мінезін манадан бері аңдап, ұққан қыз Қарпықты одан әрі қинамай, көнетіндігін білдірді.
Сол күні Қарпық аңсаған арман құсы алақанына қонғандай қуанып, үйіне көңілді қайтты. Үйге келе сала үлкен қазақы абдыраның қақпағын айқара ашып, пакетке салынған шапанды іздей бастады.
– Балам, не іздеп отырсың, – деді шешесі абдыраны астан-кестен ақтарып отырған баласын көріп.
– Апа, әлгі әкемнен қалған шапанды іздеп отырмын. Қашаннан бері жинаған ақшамды сол шапанның төсқалтасына жасырған едім, – деді.
– Ой, құлыным-ай, анада тұқымның үлкені Жәпек атаң қайтқанда ораулы қалпы соған апарғанмын. Жақында Жәпектің кемпірі сол шапанды Шымкенттен келген құдаларға бас ілу қылып беріп жіберіпті, – деді шешесі абдырап.
– Ой, апа, қырықтан асқанда әйел алудың сәті бүгін түскен еді. Енді не істедім, жер астында жатқан Жәпектен сұраймын ба, әлде Шымкенттегі құдадан сұраймын ба?! Жәпек шалдың үндемесі белгілі, ал Шымкенттегі құда “көке көрген жоқпын” деп бір-ақ қайтаратыны анық. Енді ақшасыз қалдым ғой, – деп Қарпық қу тізесін құшақтап, еденге отыра кетті.


Жоламан ШАХАНОВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp