Қоғамда көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы жиілеп барады. Әл-Фараби мектеп-лицейінде “Қызылжар” орталық мешіті жанындағы әжелер клубы мүшелерінің қатысуымен өткен “дөңгелек үстел” отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды.
Жиын барысында ақ жаулықты әжелер мен ұстаздар дәм-тұзы жараспаған жас отаулардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Өткен жылы екі мыңға жуық ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылованың айтуынша, бүгінде қоғамда өмір сүріп жатқан әйел адамдардың арасында эгоцентристік, яғни менмендік көзқарас басым екенін байқауға болады. Ашуға булыққан нәзік жандар отбасының болашағын, балаларының тағдырын ойламастан, жұбайымен ажырасуға асығады.
Шаңырағы шайқалған отбасындағы сәбилер тағдырын сөз еткен Сапура қажы Әміреқызы мен Алтын қажы Жарас бақытты ғұмыр кешудің қыр-сырымен бөлісті. “Ұлттық құндылықтардан ажырап бара жатқандықтан отбасылардың ойраны шығып, арадағы бала тағдыры тәлкекке түсіп жатыр. Мәселен, бұрын жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, өздері бәрін реттеп отырған. Ал қазіргі ұрпақ аға буынның айтқанына құлақ асқысы келмейді. Өзімдікі дұрыс деп ойлайды. Біз осындай олқылықты жою мақсатында мектептерге шығып, оқушылармен кездесу ұйымдастырудамыз”, – деді әжелер клубының төрайымы Сәлима қажы Атажанқызы.
Сондай-ақ, жиын барысында қыз бала тәрбиесіне қатысты көп ой айтылды. Зейнеткер Ырысжамал Әленова белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның: “Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек” деген пікірін мысалға келтіре отыра, бойжеткендеріміздің бойында қандай қасиеттер болу керектігіне тоқталды. Оның пайымдауынша, ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс. Қазақ қызды “жат жұрттық” деп қадірлеп, төрінен орын берген. Бүгінгі қоғамда да осындай салтты берік ұстануымыз керек. Аналар қыздарына бойындағы бар жақсы қасиетін сіңіруге тырысып, оларды өз дәстүріміз негізінде тәрбиелегеніміз жөн десті әжелер.
Қымбат ИСМАНОВА,
ардагер ұстаз.