«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКЕК ӘКЕЛЕР

Елімізде жас отаулардың жартысына жуығы неке құрған күнінен бастап бір жылға жетпей ажырасып тынады екен. Өкінішке қарай, олардың қатарында біздің өңірдің азаматтары да бар. Облыстық әділет департаменті атқару өндірісін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жұлдыз Баймашеваның айтуынша, былтыр ажырасуға өтініш білдірген мың жарымнан астам азаматқа алимент төлеу міндеттелген. “2016 жылдан бері алимент өндіру ісі жеке сот орындаушыларының құзырына берілді. Бүгінгі күні біздің мамандар барлық аудандар бойынша әкелік міндетін орындағысы келмейтін ер-азаматтарды іздестіру шараларын белсенді жүргізгенімен, алимент өндіру ісі оңайға соқпай отыр. Өзінің тікелей борышын өтегісі келмейтіндердің қатары көбеймесе, азаяр емес. Олардың қатарында көкек әкелер ғана емес, бала-шағасын күйеуіне тастап кеткен әйелдер де бар”, – дейді бөлім басшысы.

Бүгінде сот орындаушылары алимент өндіру бойынша 5781 істі қарастыруда. Солардың ішінде 300-ге жуығы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. 123 борышкер үш айдан бері берешегін өтемесе, 147-сі балаларына азық-түлік, киім-кешек, өзге де қажетті құрал-жабдықтарды алуға мүлде көмектеспеген. Мұндай азаматтарды жауапкершілікке тарту мақсатында әділет органдарының өкілдері жергілікті қоғамдық бірлестіктермен бірігіп, “Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам” жоспарын әзірлеген. Бүгінгі күні бұл жоба аясында біраз істер атқарылған. Мысалы борышкерлер жұмыспен қамтылып, кейбіреулері өз отбасына оралған.
Әйелдерді қолдау орталығының төрайымы Алина Орлованың айтуынша, дәм-тұзы жараспай, ажырасуға бел буған әкелер анасымен қалған сәбиге материалдық жәрдем берумен қатар моральдық тұрғыда да көмектесуі тиіс. Бүгінде аталмыш орталыққа келіп, тиісті көмек алған 50-ге жуық әйелдің бір емес, бірнеше баласы бар. Олардың жұбайлары алимент төлеуден мүлде бас тартқан. “Балалардың жәутеңдеген көздеріне қарап, жүрегім елжірейді. Сәбилердің еш кінәсі жоқ қой деп іштей тынудан басқа амал жоқ. Сәбилерін қараусыз қалдырған әкелерді іздестіру, оларды отбасына қайтаруға көмектесеміз”, – дейді Алина Геннадьевна.
Ажырасу азайса, жетім бала мен жесір әйел мәселесі өздігінен шешілер еді. Өкінішке қарай, ажырасу, әсіресе, қалалық жерде көп орын алуда. Мәселен, алақандай ауылда кімнің, қалай тіршілік етіп жатқаны жұрттың көз алдында емес пе? Ауыл жастары мұндай қадамға бармас бұрын аяқтарын аңдап басады. Ал қалалық жерде өздері араласып жүрген орта, көрші-қолаң болмаса қай баланың шаңырағы шайқалды, кімнің бағы жанбады, кімнің қызы қайтып келді, оған аса бас қатыра қоймайды. Сондықтан бұл мәселеде қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандырып, көп болып әрекет еткен жөн сияқты.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp