«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТЕ КҮШ БІРІКТІРМЕК

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің “Аntıkor” орталығында өткен баспасөз мәслихатында кәсіпкерлік саласында бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алу бойынша былтыр атқарылған жұмыстар жайлы әңгіме өрбіді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек қатысты.

Әкімнің орынбасары жиналғандарды өңірімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан шаралармен таныстырып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті қолдау мен қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөледі. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет жанынан инвесторларға қолға алған жобаларын жүзеге асыруға, виза рәсімдеу, қонақүй, көлік мәселелерін ұйымдастыруға көмектесетін арнайы институттар құрылды. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен осы мәселе бойынша әр жарты жыл сайын инвесторлар кеңесінің отырысы өткізіліп тұрады. Өңіріміздегі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алып, өзекті мәселелерді шешуде “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесі маңызды рөл атқаруда. Жер-жерде ашылған жобалық кеңселерде тұрғындар мен кәсіпкерлерге құқықтық кеңестер берілуде. Қолға алынған бұл шаралардың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі ең төмен өңірлердің қатарына кірді, – деді Дәурен Жандарбекұлы.
Баяндамашының айтуынша, қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде өңірімізге инвесторларды тарту нәтиже бере бастаған. Атап айтқанда, былтыр 100 млрд. теңгенің инвестициясы құйылды. Облыс басшылығы алдағы бес жылдың ішінде инвестицияны үш есеге көбейтуді жоспарлауда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қорғау мақсатында өңірімізде атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.
– Елдің дамуына кедергі келті­ріп отырған бармақ басты, көз қыстылықпен күреске назар ерекше. Есептік кезеңде жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында мемлекеттік орган және оларға бағынышты ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор жұмысына тексерістер жүргізілді. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр кәсіпкерлікке заңсыз араласуға қатысты алты фактіні анықтады. Сонымен қатар 26 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қалпына келтірілді. Жемқорлыққа жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелді, – деді Нұрлан Серікұлы.
2018 жылы агенттік Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің шығындарын азайту мақсатында “Protecting business and investments” жобасын қолға алғаны белгілі. Жобаның бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасса, барлық өңірлерде фронт-кеңселер ашылды. Жоба жұмысының аясында облыста 17 жергілікті және шетелдік инвестормен 144,8 млрд. теңгенің келісімі жасалды. Олардың қатарында “Радуга”, “BioOperations”, “Тайынша май”, “ЕМС-Агро”, “Северный строитель”, “Kazmeаl”, “Shi Yan De Rui Gong Mao Co” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері өңір кәсіпкерлерінен 60 өтініш түскен. Мәселен, шетелдік жұмысшыларға виза беру мәселесін қозғаған “BioOperations” ЖШС-нің өтініші шешімін тапты. Сондай-ақ, “Агротрак” жеке кәсіпкерлігінің импортталған өнімге қайтадан ақы төлеуге қатысты мәселесі оң шешілді.
Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп атқарған жұмыстар туралы баяндады.
Баспасөз мәслихатының соңында жиынға қатысқан жергілікті бизнес өкілдерін толғандырған сұрақтарға жауап беріліп, Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, кәсіпкерлер палатасы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті арасында кәсіпкерлердің құқығын қорғауда бірлесіп әрекет ету жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойылды.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp