
Жеті білім беру ұйымы еліміздегі үздік мектептердің қатарынан көрінді. Бірнеше жыл өңір оқушылары республикалық пән олимпиадаларында алдыңғы орындарды иеленуде. Бұл туралы облыстық білім басқармасының өткен жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Оқушылар сарайында өткен педагогтардың алқалы жиынына облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, “Білім – инновация” халықаралық қоғамдық қорының өкілі Ғалымбек Бермағанбетов, М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев, “AlmaU”-дың бірінші проректоры, Білім беруді дамыту институтының директоры Алмагүл Қанағатова мен сала мамандары қатысты. 300-ге жуық педагогтың басын қосқан жиында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өткен жылғы жетістіктерге тоқталды.
– Білім беру жүйесі мемлекет тарапынан әрқашан қолдауға ие. Өткен жылы тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет “Педагог мәртебесі туралы” Заң қабылданды. Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Сондай-ақ, білім беру саласы бойынша басшыларды тағайындау тәртібі, білім беру жүйесін басқару мен қаржыландыруға қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді.
Аталмыш құжаттарды әзірлеуге біздің өңірдің ұстаздары да белсене қатысты, – дей келе Гүлмира Райынбекқызы биыл педагогтардың жалақысы өсіп, олар жаңа жүйе бойынша еңбекақы алып жатқанын айтты. Аталмыш саладағы өзгерістерге сәйкес енді білім басқармаларының басшысын жұмыстан босату мен тағайындау Білім және ғылым министрлігінің келісімімен жүргізіледі. Мұндай шаралар басқарушы органдардың кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Баяндамашының айтуынша, қазір өңірімізде 40 мектеп директорының орны бос тұр. Соның ішінде Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда мектеп директорлары жетіспейді. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологиялар мен бағдарламалар, оның ішінде баланы мектепке дейінгі мекемеге қабылдаудың электронды жүйесі енгізілуде. Барлық аудандар балаларды 2 жастан бастап мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе, Петропавл қаласында бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінуі қажет екенін айтқан баяндамашы 2020 жылы электронды форматқа қызметтердің 90 пайызы көшірілетінін тілге тиек етті.
Өткен жылы елімізде 21 мыңнан астам оқушыны қамтыған 70 жекеменшік мектеп ашылған. Қазір ата-аналар тарапынан заманауи, бәсекеге қабілетті оқу орнына сұраныс жоғары. Алайда аталмыш бастама біздің өңірімізде әлі күнге дейін шешімін таппаған. Бұл үшауысымды мектептердің мәселесін шешуге де оң ықпалын тигізетін еді.
Қазір елімізде ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға басымдық берілуде. Бүгінгі таңда Ақжар, Қызылжар, Жамбыл, Тимирязев, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Аққайың аудандары бұл мәселеде белсенділік танытып отыр. Гүлмира Райынбекқызы балаларды инклюзивті біліммен қамтамасыз ету шақыру түймесі мен пандустар орнатумен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Бүгінгі таңда өңірде 155 арнайы педагог тапшы. Өйткені, ерекше қажеттілігі бар балалардың саны өсуде.
– Қазір біздің облыста техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету көрсеткіші төмен. Бұл мәселеде “Жас маман” жобасы үлкен қолдау болмақ. Соның аясында 4 колледж заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, – деген Гүлмира Кәрімова Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін аудиторияларда бейнебақылау камералары орнатылып, биылдан бастап тыйым салынған заттарды пайдалануға бақылау шаралары күшейтілгенін жеткізді.
Отырыста облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Хасенова “Педагог мәртебесі туралы” Заңға егжей-тегжейлі тоқталды. Аталмыш заң педагог мәртебесін айқындап, білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді. Заң адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделеді. Педагогты кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға шектеулер қойылған.
“Білім – инновация” халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ғалымбек Бермағанбетов тәрбие жұмысының жаңа тәсілдері туралы айтты. Ол әріптестеріне баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге кеңес берді. Өйткені, білім мен тәрбие – егіз ұғым, ал тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына. Бұл орайда ұлы ғұлама әл-Фарабидің “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы”, – деген өсиеті ойға оралады. Ал тәрбие ұлттық құндылықтарды құрметтеуден басталады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда білім беру саласына айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді.
– Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде озық тәжірибелерді қолданысқа енгізу маңызды. Оған баршамыз күш салуымыз қажет. Білім беру жүйесінде кадрлардың біліктілігін арттыруға да ерекше назар аударған жөн. Бұл салаға өңір басшысы тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Жыл сайын қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Қазір ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту – өзекті мәселе, – деген Руслан Қанатханұлы жас ұрпақтың рухани сәулеткері ретінде ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті.
Ерен еңбек әрқашан ескерусіз қалмайды. Алқа отырысында білім беру саласында айтулы жетістікке жеткен бірқатар педагогтың есімі ерекше аталды. Еңбегіне қарай лайықты құрмет көрсетілді. Жылдар бойы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосқан Мәнсия Сердалина мен Галина Кутикова “Еңбек ардагері” төс белгісімен марапатталды. Ал Шал ақын аудандық білім бөлімінің басшысы Қайрат Жанғожинов “Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісіне ие болды. Ақмарал Жақыпова мен Людмила Дейнега “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісін алды. Жайнагүл Сәдуақасова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.