
Биыл 75 жылдығы кеңінен аталып өтілгелі отырған Отан соғысындағы Ұлы Жеңісті жақындатуға неміс-фашист басқыншыларымен қасық қаны қалғанша соғысып, елге аман оралып, бейбіт еңбекке белсене араласқан ардагерлердің, алыстағы ауылда қаршадайынан бәрі майдан үшін деп еңбекке араласқан тыл еңбеккерлерінің қатары күн өткен сайын сиреп барады. Сондай тыл еңбеккерлерінің бірі, “Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы” Жасұлан Құдабаев ертең 90 жасқа толғалы отыр.
Ойлап отырсам, менің Жасұлан Құдабайұлымен таныстығым сонау 1966 жылдан басталған екен. Бұл құрамына Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары енген тың өлкесінің жабылып, облыстар қайта қалпына келтірілген кезең болатын. Мен сол жылдың басында облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газеті редакциясына қызметке орналасқан едім. Сондықтан қызмет бабымен Жасұлан Құдабаевпен талай кездесуге, әңгімелесуге, ой бөлісуге тура келді. Қандай қызметте болмасын әңгімелескенде Жәкеңнің бойынан қарапайымдылық, өз мамандығының нағыз шебері, біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілеттерінің жоғары екенін көруші едім.
Жасұлан Құдабайұлының балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына дөп келді. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін еңбек етіп, майданға азық-түлік, киім-кешек жіберіп жатқан шақ, асық ойнау қуанышы да бұйырмаған. Әкесі Құдабай өзі туып-өскен Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданындағы Орталық ауылында күзетші болып істеген. Анасы ерте дүние салған. Ауылдың басқа балаларымен бірге оны бригадаға жібереді. Екі өгіз, алты сиыр бар. Оларды жұптап соқаға жегеді. Бір жұптағы соқаны айдау әлі бұғанасы қата қоймаған Жасұланға міндеттелген. Жыртылған жерге шалдар дорбаға салынған астықты шашады. Олар ауырып қалса, бұл жұмыс та бала-шағаның мойнында.
Ал жазғы айларда балалар шөп шабумен айналысады да, күзде лобогрейкада істейді. Комбайншылар Зікірия Дүйсекин, Қасен Жанмұрзин, Қабыл Байсеркин күні-түні еңбек етеді. Солардың жанында балалар да жүріп, астық бастырады. Одан кейін оны тазалау керек. Не керек, қысы-жазы бос болмайды.
Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталды. Қан майданнан аман қалған ер-азаматтар, кейбірі жаралы, кейбірі арып-шаршаған күйде ауылға орала бастайды. Әрине, біразына туған жерден топырақ бұйырмады.
– Бейнеттің бел ортасында жүріп, соғыс аяқталса оқуға түсермін деп армандайтынмын, – деп еске алады Жасұлан Құдабайұлы, – Жұмысты жақсы істегенімнен болар, мені 1944 жылы колхозға мүшелікке қабылдаған. Енді одан шығу керек болып, басқарма төрағасы Қуандық Әбілдинге өтініш жаздым. Бірақ бригадир Бимырза Төлебаев менің колхоздан шығуыма қарсы болды. Оны да түсінуге болатын еді, жұмыс ауқымы көп, ал еңбек күші жетіспейтін кез ғой ол. Бірақ басқа бригаданың бригадирі Нұрақай Құсайынов:
– Баланың талабы бар. Бағын байламаңдар. Босатыңдар колхоздан. Оқысын, білім алсын, – деп кесіп айтты.
Сөйтіп, жас жігіт колхоздан босап, Петропавлға келіп, ауыл шаруашылығы техникумының агрономия факультетіне түседі. Ол кезде техникум қазіргі облыстық аурухананың бесқабатты жаңа ғимаратының орнында болатын. Ауылдан келген әрі қазақша білім алған балаға техникумда оқу оңайға түспейді. Біріншіден, орысша оқу қиын болса, екіншіден, қаржының жоқтығы аяққа тұсау. Әйтеуір, қиындыққа қарамай мамандық алып шығады. Артынан қызмет істей жүріп, Омбының ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып бітіреді.
– Техникумды бітіргеннен кейін қайда жіберді? Ол кезде мамандық алған жастарды жолдамамен еліміздің түкпір-түкпіріне жіберіп жатушы еді ғой, – деймін.
– Менің бұл орайда да жолым болды. Басқа облысқа жолдама берген жоқ, өзіміздің Преснов ауданының ауыл шаруашылығы бөліміне агроном етіп жіберді, – дейді Жасұлан Құдабайұлы, – Одан кейін Преснов машина-трактор стансасында, “Прибой” колхозында, Совет ауданындағы (қазіргі Аққайың) “Ленинский” совхозында, Москва аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном, “Қайранкөл” совхозында директор болып істедім. Көп жылдар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном болып істеуіме тура келді.
Ол Преснов МТС-інде агроном болып істеп жүргенде Кеңес Одағы министрлер кеңесі ауыл шаруашылығының мамандарын колхоздарға жолдамамен жіберіп, елді мекендерді кадрлармен толықтыру жөнінде қаулы шығарады. Осыған орай Жасұлан Құдабайұлын “Прибой” колхозына бас агроном етіп тағайындайды. Ол қазіргі Жамбыл ауданының Казанка ауылы, кейіннен Иван Шухов атындағы совхоз құрылды. Тың игерудің арқасында 1956 жылы Қазақстан қамбаға бір миллиард пұт астық құйды. Сол жылы осы колхозда да егін бітік шықты. Бас агрономның еңбегі жоғары бағаланып, ол “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. Бұл оның алғашқы наградасы еді. Ал “Киров” совхозында екінші “Құрмет белгісі” орденін алды, “Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы” атағын берді. Одан кейінгі жылдардағы еңбегі Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен атап өтілді. Осындай табыстардың сыры неде деп сұрағанымда:
– Мен егіншілік мәдениетін арттыруға байланысты жазылған кітаптарды оқумен бірге ғалымдармен де, нақты жетістіктерге қол жеткізіп жүрген мамандармен де тығыз байланыста болдым. Әсіресе, Қорған облысындағы сол кездегі әйгілі егінші Терентий Мальцевпен қатынасып тұрдым, – деп жауап берген еді бірде Жасұлан Құдабайұлы.
Иә, ол кездегі облыстық партия комитеті есімі бүкіл Кеңес одағына жайылған қарапайым егіншіні жыл сайын көктемгі егіс алдында өңірімізге шақыратын. Оның ақыл-кеңесін облыс диқандары құлақ түре тыңдайтын. Ол жазғытұры топырақтың жылынғанын, тұқым себетін кезін анықтау үшін танаптарды жалаңаяқ аралайтынын айтатын. Диқандарға тұқымды қай кезден бастап себу керектігі жөнінде кеңес беретін. Осы ақыл-кеңес Жасұлан Құдабаевқа көп көмектесті. Кез келген танаптың топырағын қазып, жер-ананың тамырын басатын.
Сол жылдардағы егін шығымдылығының жақсы болуына тұқымның біздің облыстың ауа райына төзімді сорттарын таңдап алу, ауыспалы егіс жүйесі, танаптарға сапа белгісін беру, тағы басқа да агротехникалық шаралар көп септігін тигізген еді. Осы істің басы-қасында агроном Жасұлан Құдабайұлы да болды.
Тың игеру жылдарында Ставрополь өлкесінен мамандар келді. Олардың айтуынша, құрғақшылық болған жылдың өзінде әр гектардан кемінде он центнер өнім алынады екен. Ал бізде ол жақсы көрсеткіш деп есептелінетін. Басты мақсат жүз пұттық өнім алу еді. Бұл дегенің – 16,7 центнер. Артынан басқа мамандармен бірге Жасұлан Құдабаев та сол өлкеде болып, тәжірибелерін көрді, сосын өзімізде қолдана білді. Соның нәтижесі болар, 1976 жылы Қазақстан қамбаға тағы бір миллиард пұт астық құйғанда ол бас агроном болып істеген Москва ауданында гектар берекелілігі орта есеппен 25,4 центнерден айналды. Мұндай рекордтық өнім осыған дейін бірде-бір ауданда болып көрмеген еді.
Тың және тыңайған жерлерді игерген жылдары және одан кейін облысымызда атақты агрономдар шоғыры қалыптасты. Солардың ішінде Тимирязев ауданындағы “Восход” совхозынан Леонид Корецкий, Соколов ауданындағы “Петропавл” совхозынан Степан Веселый және басқалары. Олардың кейбірі совхоз директорлығына ауыстырылды. Мысалы, Степан Веселыйды “Преснов” совхозына директор етіп жіберді. Бұрын алдыңғы қатарда келе жатқан шаруашылық біртіндеп артта қала бастады. Яғни, білімді агрономнан іскер басшы шықпады. Сол сияқты Жасұлан Құдабаев Жамбыл ауданында “Қайранкөл” совхозын ұйымдастыруға атсалысқанымен, ақыры агрономдық жұмысқа қайта ауысты. Осының мәнін сұрағанымда ол былай жауап берген еді.
– Мен жоғарыда айттым ғой, агроном болып істегенде танаптарды жаяу аралайтынмын. Әр танапта қыста қанша қар тоқтатылды, жазда қанша тыңайтқыш енгізілді, тұқым қалай себілді, егіннің шығу барысы қалай, оны қалай ору керек, міне, осының бәрі менің назарымда болатын. Ал совхоз басқару ондай мүмкіндікті шектейді. Басқа мәселелер шаш етектен. Онда тек әкімші болуың керек. Ал егін өсіру үшін жерге етене жақын болып, оның тамырын үнемі басып отыруың керек. Степан Веселыйды да, мені де қайта жерге итермелеген күш сол.
Бұл күндері тоқсан жасқа келіп отырған қарт өзінің барлық саналы ғұмырын адамзат баласының басты байлығы, басты қорегі – алтын астық өсіруге арнады. Сол еңбегі, әрине, зая кеткен жоқ. Ол зейнеткерлікке шыққасын да қол қусырып отыра алмады. Қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Біраз жыл Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды, қарияларға қамқор, жастарға ақылшы бола білді.
Соғыс жылдарындағы аш-жалаңаштық, бұғанасы қатпай тұрып ауыр жұмысқа араласудың ауыртпалығы, ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы ұйқы-күлкі көрмей еткен еңбек отағасының денсаулығына өз әсерін тигізді. Қазір шаңырақ иесі – кіші баласының қолында тұрады. Баяғыдай керзі етік киіп, танап басын араламақ түгіл, бесқабатты үйден далаға шығудың өзі қиынға соққан жайы бар.
– Мен дүниеге қызыққан да, жинаған да адам емеспін. Менің ойым еліме адал қызмет етіп, бала-шағамды асырап жеткізу болды. Зайыбым Сара Рахметқызы тігінші болып істеп, дүниеден өтті. Балаларымның бәрін оқыттым. Үлкен ұлымыз Талғат – инженер, Марат полиция подполковнигінен отставкаға шықты, қыздарымыз Роза, Майра және Светлана Түркістанда, Алматыда және Көкшетауда тұрады. Немере-шөберелерім мен жиен-жиеншарлар өмірімнің жалғасы деп білемін. Солардың күміс күлкісі бізді қуантады, жасартады, – дейді ақсақал.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.