«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтуды 660-тан 735 мың адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 660 мың адам қамтылды. Олардың 36 пайызы – жастар, жартысына жуығы әйелдер және 60 пайызы – ауыл тұрғындары.

Былтыр 450 мың адам жұмысқа, оның 383 мыңы немесе 85 пайызы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 150 мыңнан астам адам оқытылды, оның ішінде 75 мың адам бизнес негіздеріне оқудан өтті. Өз ісін дамыту үшін, шамамен, 18 мың жеңілдетілген микрокредит, 40 мыңнан астам мемлекеттік грант берілді. Бұл 18 мың қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тудырды. Мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 140 мың адам орналастырылды. Солтүстік өңірлерге 9 мыңнан астам адам қоныс аударды, оның 4,5 мыңы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар, олардың басым бөлігі жұмыспен қамтылған, бизнесін дамытып, басқа да қолдау шараларын алып жатыр.
“Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру еңбек нарығының тұрақтылығына ықпал етеді, бүгінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Егер аталмыш бағдарлама болмаса, бүгінгі таңда жұмыссыздықтың деңгейі 7,9 пайызды құрайтын еді.
2020 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 735 мың адамды қамту жоспарланған. Енді қысқамерзімді оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ғана жүргізіледі. Көпбалалы және табысы аз отбасынан шыққан мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 4 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдетілген микрокредиттер берілетін болады. Жастарды тұрақты жұмысқа орналастырудың “Алғашқы жұмыс орны” және “Ұрпақтар келісімшарты” жаңа тетіктері енгізілді.
Халыққа, әсіресе, жастарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктері туралы ақпарат беруді жақсарту үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы “өтінім беру” қағидатынан “проактивті” форматқа ауыстырылатын болады. Бүгінгі таңда еліміздің сегіз өңірінде 84 мобильді орталық жұмыс істеуде.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың, оның ішінде табысы аз және көпбалалы отбасыларды қамтудың маңызы зор. 2019 жылдан бері бес өңірде 204 отбасын, көпбалалы және табысы аз отбасыларды қамтитын “Менің кәсібім” жобасы іске асырылуда. Биыл “Жасыл экономика” коалициясымен бірлескен жобаны іске асыру жоспарлануда. Сервистік-өткізу кооперативтерін құру үшін жеке аулаларға, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетілетін болады. Жергілікті әкімдіктер әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударулары қажет.

Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp