
Оқушылар сарайында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай “Хакім Абай даналығы” тақырыбында ауқымды шара өтті. Оған ұстаздар мен мектеп оқушылары, зиялы қауым өкілдері мен педагогика ардагерлері қатысты. Облыстық білім басқармасы ақын мерейтойын өңір көлемінде атап өту мақсатында оқу орындарында 50-ге жуық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Бас ақынымызға арналған іс-шаралардың бастамасы ретінде ұйымдастырылған әдеби-сазды кештің шымылдығы Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің шәкірті Сара Құлахметованың “Бас иемін” атты арнау өлеңімен ашылды. Жас ақын қазақ елінің Абайдың шығармалары арқылы әлемге танылғанын, оның қарасөздері мен әр өлеңі баға жетпес асыл қазына екенін өлең жолдарына арқау етті. Ал Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты кешенінің ұстаздары мен студенттері сахналаған қойылымда қаламгердің қазақ халқының рухани көшбасшысы ретіндегі бейнесі айшықталды.Оның жырлары еліміздің түкпір-түкпірінде күн сайын айтылып, әндері шырқалуда.
Абайды құрметтеу – өзіңді құрметтеу, Абайды қастерлеу – ұлтыңды қастерлеу дескен жастар өз замандастарын еліне қызмет еткен тұлғаларды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге шақырды. Бұл орайда жастар арасында ұйымдастырылып жатқан игі шаралар жайында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова баяндады. “Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту мақсатында барлық мектептер мен оқу орындарында арнайы жоспар бекітілді. Халқымыздың рухани көсеміне айналған ұлы бабамыз елім, жерім деп, жарқын болашақты қалыптастыру жолында артына өшпес мұра қалдырды. Қазіргі таңда дамыған тұлғаны қалыптастыру мақсаты тұрғанда Абайдың мұрасы – біз үшін асыл қазына. Сондықтан оның шығармашылығын одан әрі зерттеп-зерделеу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бұл орайда білім ордаларында ашылған Абай орталықтары мен факультативтер өз жемісін беруде. Жыл басынан бері барлық оқу орындарында Абай шығармаларын жатқа айту бойынша эстафета ұйымдастырылып, оның мұрасымен танысу мақсатында бірнеше танымдық іс-шаралар өткізілуде. Жас ұрпақтың арасында Абай атамыздың мұрасын дәріптеу, құндылығын арттыру жұмысы ашық сабақтар мен тақырыптық байқаулармен де жалғасын табады”, – деді Гүлмира Райынбекқызы.
Жазушы, белгілі журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов өз сөзінде білім басқармасы қолға алған игі істерге ризашылығын білдіріп, Абай мұрасының мән-маңызына тереңірек тоқталды. Алаштың біртуар азаматтары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов пен Мағжан Жұмабаев өз заманында Абайға бас иіп, оның халқымыз үшін ұлы тұлға екенін атап өткен. Абай том-том кітап шығармаған. Оның 176 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қарасөзі бар. Ақын дәуірінен бергі заман неше қайта өзгермеді. Бірақ әлі күнге дейін біз оның деңгейіне жете қойған жоқпыз. Ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Абайдың тұжырымдары қашан да баршамызға рухани азық болары сөзсіз. Осылайша, ой өрбіткен Жарасбай Қабдоллаұлы жас ұрпаққа тәрбие беру міндеті ұлттық салт-дәстүрлер, қазақи болмыс-бітім негізінде жүзеге асуы тиіс деген пікірімен бөлісті.
Қоғам қайраткерінің бұл сөзін жалғаған ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев өзі қызмет еткен жылдары Абайды таныту мақсатында ұйымдастырылған шаралардың зор нәтижесі туралы әңгімеледі. Ардагердің айтуынша, Абайтану тұжырымдамасы имандылық, ізгілік, еркіндікке негізделген жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.
Кеште талантты өнерпаздар Абайдың шығармаларын насихаттап, өнерлерін ортаға салды. Олар Абай атамыздың қарасөздерін, өлеңдерін жарыса жатқа айтып, қошеметке бөленді. Балалар шырқаған Абайдың “Желсіз түнде жарық ай”, “Көзімнің қарасы”, “Айттым сәлем, Қаламқас” әндерін жұртшылық қосыла орындап, салтанатты шараның тағылымын арттыра түсті.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.