«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАР ҚҰРСАУЫНАН ҚҰТҚАРДЫ

Өңірімізде қатты жел мен көктайғаққа байланысты полицейлер күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Төтенше жағдай, жол қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері тәртіп сақшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Ауа райының қолайсыздығына орай алыс жолға шығудан бас тарту туралы ескертулер SMS-хабарламалар мен әлеуметтік желілер арқылы таратылды. Алайда соған қарамастан облыс тұрғындарының кейбірі жолға шығып, қар құрсауында қалып қойды.

…Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның 55 жастағы тұрғыны Сергей Тарасов кешкісін Тахтаброд ауылынан Новоишимское ауылына бара жатып, «Екатеринбург-Алматы» тас жолында Рузаевка ауылының маңында жолда қалып қойды. Мұндай жолаушыларға патрульік полиция қызметкерлері көмекке келеді. Өзгелердің қауіпсіздігін ойлаған Сергей Тарасов дереу бейнеүндеу жазып, жерлестеріне таратты. Айналасы бір сағаттың ішінде оның үндеуі Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының чаттарында тарап кетті.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Айдос Ідірісовтің айтуынша, 18 ақпан күні қар құрсауынан 6 фура, 6 КамАЗ, 10 жеңіл көлік пен 2 «Газель» автокөлігі шығарылды. Жүргізушілер мен жолаушылардың біршамасы Рузаевка ауылындағы қонақ үйге, қалғандары лицей жатақханасына орналастырылды. Барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Ал Жамбыл ауданында патрульдік полицейлер мен төтенше жағдай қызметкерлері Қытай Халық Республикасының азаматына көмек көрсетті. 32 жастағы Джан Сяобо (Zhang Xiaobo) Renault Duster автокөлігімен жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан қаласынан Қайранкөл ауылына бара жатқанда Украинское ауылының маңында қалың қардан өте алмай қалған. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың, жергілікті атқарушы органдардың күшімен арнайы техника жұмылдырылып, қытайлықтың темір тұлпары қардан шығарылды. Джан Сяобо да бейнежазба түсіріп, өзіне көмек көрсеткен адамдарға шын жүректен алғысын айтты.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев ауа райының қолайсыздығына байланысты жеке құрамға қала сыртындағы жолдарды тәулік бойы бақылауды және көмекке мұқтаж азаматтарға жедел түрде қол ұшын беруді тапсырды. Басты мақсат – боран салдарынан ешкімнің зардап шекпеуін қамтамасыз ету.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp