
Облыс полицейлері ауа райының тосын мінез танытуына орай абаттандыру ережелерінің сақталуын қадағалауды күшейте түсті. Әсіресе, іргелес аумақтардан қар шығару, үй шатырларын қар мен сүңгі мұздан тазартуға баса назар аударылды. Учаскелік полиция инспекторлары пәтер иелері кооперативтері төрағаларымен кездесіп, үй шатырларының қардан тазалануына бақылау жүргізуде.
«Көп жағдайда бақылаусыз үйлерде қиындық туындайды. Пәтер иелері кооперативтері болмаса, учаскелік полиция инспекторлары үй тұрғындарымен жұмыс жүргізеді», –деді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов.
Мұндай үйлердің бірі Сәтбаев көшесі, 46 мекенжайында орналасқан. Бұл үйдің төбесінде салмағы бірнеше килограмға жететін мұз сүңгілері адам өміріне қауіп төндіріп тұрғаны туралы әлеуметтік желілердегі тікелей эфир кезінде бір қала тұрғыны ескерткен болатын. Бұл үйде пәтер иелері кооперативі жоқ. Ғимараттың бір бөлігін «Ресей темір жолы» АҚ жалға алған. Учаскелік полиция инспекторымен кездескен ұйым басшылығы қажетті техника табуға келісіп, мұзды тазалады. Тікелей эфир кезінде полицейлерге Булаев қаласына апаратын жолдың мүшкіл жағдайына қатысты бірнеше хабарлама келіп түсті. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері мердігер — «ҚазАвтоЖол» ЖШС-іне қатысты әкімшілік хаттама толтырды.
Учаскелік полиция инспекторлары жер үйлер, дүкендер, ұйымдардың аумағында үйілген қардың шығарылуын қамтамасыз ету мақсатында рейдтер жүргізеді. Өңірімізде жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзғандарға 729 әкімшілік хаттама толтырылды. Негізгі ықпал ету шарасы – ескерту. 7 жағдайда қайталап заң бұзғандарға айыппұл төлеуге тура келді.