
Қымбатты жерлестер!
Сіздерді өңіріміздің қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі аса маңызды оқиға – “Soltústіk Qazaqstan” газетінің ғасырлық тойымен шын жүректен құттықтаймын!
Байырғы басылымның жүзжылдық ғұмырында атқарған қызметі – тарих үшін қайталанбайтын ерлік. Сарғайған газет беттерін парақтағанда, ғасыр белесінде ұлтымыз бастан кешірген қилы-қилы оқиғалар көз алдымызға келеді. Жиырмасыншы жылдардағы ұжымдастыру, отызыншы жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары, тың игеру және басқа да тағдырлы әрі тарихи оқиғалар, азаттықтың ақ таңындағы ақжолтай жаңалықтар – осылардың бәрі басылым бетінде қатталған. “Soltústіk Qazaqstan”-ның өткені мен бүгіні ел тарихымен, сан ғасырлық ғұмырында “мың өліп, мың тірілген” халқымыздың тағдырымен тығыз сабақтас.
Газет журналистері қай кезде де өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуын назарда ұстап, игілікті істерге жанашырлықпен үн қосты, өз заманының түбегейлі, түйінді мәселелерін көтеріп, олардың кесімді шешімін табуына кәсіби шеберлікпен атсалысты. Осылай басылым халықтың да, уақыттың да талап үдесінен көрініп, ұлт мүддесінің жоқтаушысы, қазақ руханиятының іздеушісі, төл мәдениетіміздің жанашыры бола білді.
Жақсы дәстүр бүгін де жалғасып келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында сенімді де қуатты үнімен халықты жасампаз істерге жетелеген ұжым елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың түпкі мақсатын, жалпы халықтық мүдделерді, басты құндылықтарды негізгі тақырыбына айналдырып отыр. Олар жерлестерімізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген асқаралы міндеттерді, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыруға жұмылдыруда ықпалды күшке айналып, елдігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда.
Алаш қайраткерлерінің аманатына адал, елге, халыққа қалтқысыз қызмет етуді басты мұратына айналдырған төл газетіміздің ғұмыры ұзақ болғай. Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!
Құмар АҚСАҚАЛОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.