
Солтүстік Қазақстан облысында ауа райына байланысты автожолдардың 42 учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, полиция департаментінің, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ жауапты қызметкерлерінің қатысуымен облыстық жедел штаб құрылды, жолда зардап шеккендерден хабарлама қабылдау үшін «қауырт желі» іске қосылды.
Тимирязев ауданындағы Дмитриевка ауылының маңында «Волошинка – Тимирязев» автожолында 15 автокөлік қар құрсауынан құтқарылды. Бұл көліктерде 37 жолаушы болған, біреуі – бала. Құтқару жұмыстарына Тимирязев ауылындағы № 18 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. «Нива Бронто» жол талғамайтын көлігі, 3 «ДЭУ – 63» техникасы пайдаланалды.
«Жезказган – Петропавл» тас жолының бойында, Шал ақын ауданы Кеңес және Жаңажол ауылдарының аралығында № 6 өрт сөндіру бөлімінің, полиция қызметкерлерінің көмегімен жол жиегіне түсіп кеткен «VOLVO» жүк көлігі шығарылды. Жеке құрамның 12 адамы «АСА – 20» апаттық-құтқару автокөлігін, 6 инженерлік техниканы қолданды.
Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.