«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕГІМНІҢ ҚАЛАУЫ

Мен өңіріміздегі абыз басылым – “Sol­tústik Qazaqstan” облыстық газетінде қа­лам тербеп жүрген жастардың бірімін. Бү­гінде алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл толып отырған газет өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды десем, асыра айтқандық болмас. Өйткені, кеше газеттің әр санын асыға күткен оқырман болсам, бүгін соның журналисімін. Бір ға­сырлық тарихы бар баспасөзде еңбек жо­лын бастау – әркімнің маңдайына бұйы­­ра бермейтін бақ. Қарап отырсам, қа­сиетті қарашаңыраққа кездейсоқ келмеп­пін. Ба­ла кезден әр басқан қадамым мені сүйікті редакцияма жақындата түскен екен.

Қаршадай кезден әдебиетке құмар бол­дым. Марқұм анам мектепте мұғалім бол­ғандықтан, үйде том-том аңыз-әңгіме кі­тап­тары үйіліп жататынтұғын. Оқуға де­ген ынтамды байқаған әкем де маған “Балдырған”, “Бала би” журналдарын са­тып әперетін. Уақыт өте келе назарым га­зетке ауды. Ауылда пошташы апайды та­ғатсыз тосатындардың бірі мен едім.
Облыстық газетке тырнақалды мақа­лам­ды 9-сыныпта жаздым. Бұл кезде Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық да­рынды балаларға мамандандырылған гим­назия-интернатта оқимын. Осындағы қадірлі ұстазым Әлия Малдыбаеваның жол сілтеуінің арқасында газетке қазақ­тың біртуар перзенті Бауыржан Момыш­ұлының батырлығы жайында “Ерлік пен Же­ңіс” атты мақаламды жібердім. Келесі күні мектебімізге фототілші Талғат Тәні­баев келіп, мені фотоаппаратымен “шырт” еткізді. Сол күні қуанышымда шек бол­мағанын жасырып қайтейін. Тіпті, ма­қа­ла шыққанда жерден жеті қоян тапқан­дай қуанғаным-ай! Бұл мақала мен суре­тім жарияланған газеттің қиындысы мек­тебіміздің фойесіне ілінгені әлі есімде. Бұдан кейін қалам сиясын кептіртпеуге тырысып, бір­неше мақала жаздым. Соның ішінде он ба­ла көтерген асыл әжем Үмітжан Жүсіп­бекқызы туралы материалым арқылы туған-туыстың ризашылығын алдым.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің дипломы қол­ға тиісімен бірден редакция табалды­ры­ғын аттадым. Алдымен бүгіндері бас ре­дактор болып жүрген ағамыз Ербақыт Амантайұлына жолығып, өтінішімді жет­кіздім. Ол кісі Жарасбай Сүлейменов аға­мызға жолықтырды. Сөйтіп, бұйым­та­йым­ды айтып, жазғандарымды ұсын­дым. Жастарға ерекше қамқорлықпен қарай­тын ағамыз сол жолы мендей “сары ауыз­ды” газетке қызметке қабылдап, журна­лис­тік жолдағы тұсауымды кесті. Осы­лай­ша, 2016 жылдың маусымынан қиын­дығы мен қызығы қат-қабат тілшілік тір­шілік басталды. Редакциядағы жанашыр, ақылшы аға-әпкелердің қол ұшын беруі­нің арқасында осында табан аудармай еңбек етіп келемін. Бәріміздің мақсаты­мыз бір – қоғам игілігіне жұмыс істеу.

 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp