«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РУХАНИ ҚОРҒАНЫМЫЗ

Осы күндері халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айналған “Soltústіk Qazaqstan” газеті ел басына түскен зұлмат жылдарды да, ұлттың мерейін тасытқан қуанышты сәттерді де бастан өткерді. Алайда, газет қай кезде де, қандай жағдайда да ұлтының сөзін сөйлеуден, ел-жұртты жақсылыққа, іргелі істерге ұмтылдырудан жаңылған емес.

Сонау 80-ші жылдары газет ұжымы көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласын көрсе, қолдап, демеп, елге таныстыруға асық болды. Өйткені, ол замандарда “ұлттардың бір-біріне қосылуы” деген ұранды желеу етіп, ашықтан-ашық орыстандыру саясаты жүргізіле бастаған еді. Ел ішінде “Қазақы болмысымызды қалай қорғаймыз?”, “Ана тілімізді қалай сақтаймыз?” деген алаңдаушылық басым болғанын жасырып қайтеміз. Сол кезде көз алдымызға тіліміз бен діліміздің жоқтаушысы, іздеушісі ретінде облыстық газет елестейтін. “Soltústіk Qazaqstan” газеті – қазақтың ұлттық болмысын, қазақ тілін қорғаған шаңырақ.
“Soltústіk Qazaqstan” газетінің одан кейінгі дәуірі Жарасбай Сүлейменовтің атымен байланысты. Жарасбай Қабдоллаұлы бас редактор болып келген жылдары газет көркейді, кемеліне жетті. Әсіресе, ол кісінің тұсында газеттің шежіресі жасалғанын атап өткен жөн. Әр жылдары газетті басқарған редакторлар мен еңбек еткен журналистерді, қызметкерлерді түгендеп, түрін түстеп, есімдерін жаңғыртты. Тірнектеп жиналған мәлімет кейін бірнеше кітаптың жарық көруіне арқау болды.
Еліміздің елдігін, ерлігін, солтүстік өңірдің тарихын жырлаған қарашаңыраққа береке-бақыт, ынтымақ, шығармашылық табыс тілеймін.


Баянғали ӘЛІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp