
Денсаулыққа зиян келтірумен аяқталатын қылмыстардың әрбір екіншісі масаң күйде жасалады. Әйелдерге қатысты жасалатын барлық қылмыстардың әрбір төртіншісі бірлесіп ішімдік ішуден соң орын алады. Тұрмыстық қылмыстарға да көбінесе алкоголь себепші.
Соңғы кезде өңірде ащы суды кез-келген уақытта қолдан сатып алуға болады. Осындай деректерді анықтау үшін тәртіп сақшылары рейдтер жүргізіп, тұрғындардан келіп түсетін қоңыраулар бойынша шаралар қабылдайды. Мәселен, шағымдардың бірі Аққайың ауданында тұрғындармен кездесу кезінде келіп түсті. Тұрғындар Черкасское ауылындағы үйлердің бірінде ішімдік заңсыз жолмен сатылып жатқанын айтып шағымданды. Учаскелік полиция инспекторы мен ауылдық округтегі қоғамдық кеңестің мүшесі мекенжайларды анықтау мақсатында үй-үйді аралау кезінде 1981 жылы туған тұрғынды ішімдік сатып жатқан жерінде байқап қалды. Заң бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Заңсыз өнім тәркіленді.
«Облыста жыл басынан осындай 25 дерек анықталып, 59,5 литр ішімдік тәркіленді. Сондай-ақ, заңды сату нүктелерінің жұмысы да полицейлердің бақылауында. 21 жасқа толмаған тұлғаларға ішімдік сатуға тыйым салынатынын есте ұстаған жөн. Сағат кешкі 23-тен таңғы 8-ге дейін алкогольдік өнімдерді сатуға жол берілмейді. Құрамындағы этил спиртінің үлесі 30% асқан өнімдерді сатуға сағат 21-ден келесі күнгі 12-ге дейін тыйым салынады. Сатушылар сатып алушылардың жасын растайтын құжаттарын міндетті түрде талап етуі тиіс. Талаптарды орындамаған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді». — дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Жыл басынан бері Әкімшілік кодекстің 200-бабы бойынша 16 әкімшілік хаттама толтырылды, оның 3-і Петропавл қаласында. Соттың шешімімен аталған бап бойынша облыс орталығындағы 2 азық-түлік дүкенінің және «Шоколад» түнгі клубының ішімдік сатуға лицензиялары тоқтатылды. Қоғамдық орындарда мас күйде жүріп, айналасындағыларды қорлағаны үшін 948 адам жауапкершілікке тартылды.