«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ТУРАЛЫ СӨЗ

Өткен жылы облыстық “Soltústіk Qa­zaqstan” газетінің редакциясына табан ті­реп, Қызылжар өңірі баспасөзінің қасиетті қарашаңырағында қызмет атқарған әкем Имақ Тоқпановтың ізба­сарларын көріп бір марқайып қалдым. Маған қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған аяу­лы тұлғалар қызмет еткен редакция бөтен емес. Өйт­кені, іргесін Алаштың ардақты пер­зент­тері қалап, керегесін көркемсөз, кес­те­лі оймен керген осынау басылым­да әкем Имақ Тоқпанұлының да ізі сайрап жатыр.

Әкем – Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылының тумасы. Ұзақ жылдар бойы ауыл­най болды. Елді мекеннің Жаңажол аталуына да көп еңбек сіңіргенін жұртшы­лық жақсы біледі. Анам Мұхит Бекбер­ген­қызының шыққан жері – сол аудандағы Май­­­балық ауылы. Олар көздері тірісінде қа­зақ әдебиетінің алыптары: Сәбит Мұ­қа­новпен, Ғабит Мүсіреповпен өте жақын ара­ласты. Біз ол кезде баламыз. Өсе келе әке­міздің жастық шағы, есею жылдары туралы айт­қан әңгімелеріне ден қоя бастадық. Әкем 11-12 жасында ауылдағы байлардың қойын бағып, жалшылықта жүріп күн көрген екен. Ауыл мол­дасынан оқығаны кейін іске асып, жазған дү­ние­лері газет беттерінде жарқ етіп шыға келеді. Ол кісі саналы ғұмырының едәуір бөлігін Уәли­ханов ауданында өткізді.
Имақ Тоқпанов туралы жазушы Сәбит Мұ­қанов өзінің “Өмір мектебі” атты ро­манында бі­раз жазған. “Имақ Тоқпанов менен төрт жас үл­кен, кішкене күнінен жал­шылықта жүрген, одан тек менің үгіт­теуіммен 1925 жылы ғана құты­лып, “Төң­керіс” аталатын болыста ашылған сауат­сыздықты жою мектебіне түскен. Одан кейін туған елінде, екінші нөмірлі ауылдық со­веттің председателі болды… Табиға­тында ақыл­ды, сабырлы жаралған ол, таныс адам­дардың ұғымында “қыз мінезді” жігіттердің біріне есептелетін. Сауатсыз­дар мектебіне түскенге дейін саяси дүние­ден қараңғы да. Енді сөйлесіп көрсем – ауыл жағдайында дыңдай сауат­ты адам” (С.Мұқанов. “Өмір мек­тебі”. 3-кі­тап “Жа­зушы”, Алматы, 1970.236-237 б.), – дейді Сәбең бала күнгі досы жайында.
Әкемнің де Сәбең туралы жазып қал­дырған естеліктері аз емес. Солардың бір­қа­т­арын кө­зім­нің қарашығындай сақтап келе­мін. “Сәбит екеуміз бір ауылда туып, қатар өсіп, балалық шағымызда балақты түріп алып, тай-құлындай асыр салып, асықты, лекетті бірге ойнап, айлы түндер­де ақ сүйекті де бірге іздескен едік… “Әкесі құрдастың – баласы құрдас”. Сәбиттің әке­сі Мұқанмен менің әкем Иса да құрдас еді. Екеуі қал­жыңдасып қатты ойнайды екен. Сә­бит менен үш жас кіші болғанмен, біз де құр­дас­тай ойнап, қалжыңдаса бе­ретінбіз. Сәбит әке-ше­шеден жастай қа­лып, жетімдіктің аза­бын көп шекті. Ол 1914-1915 жылдары “Өмір мек­тебінің” бі­рін­ші кітабында өзі айтқандай, Құ­тырлаған ауылында Қайрекеңмен бірге бақ­та­шы болып жүргенде, мен де сол ауылдағы Малько Севостьянов, Петр Токарев деген бай­­лар­да жалшылықта болдым. Сәбит екеу­міз кеш­кі уақыттарда жалшылар сырын бірге сыр­ластық”, – деп жазады әкем өзінің ес­телігінде (“Кәдімгі Сәбит Мұқанов”. Ал­маты “Жазушы” – 1984-16 б.).
Әкем газет жұмысына ерте араласты. Сә­беңнің ықпалымен Қызылту ауданында (қа­зіргі Уәлиханов) партиялық бақылау комис­сиясы мен жұмысшы-шаруа инспек­циясы­ның басты­ғы бола жүріп те ау­дан­дық “Колхоз жолы” газе­тінің редакторлығы міндетін қосымша атқарды. Өсу, өрлеу үс­тіндегі жас коммунисті сол кез­дегі партия органдары әрқашан назарда ұстап, оның өз білімін жетілдіруіне қамқоршы болды. 1935-1937 жылдары әкемнің тағы да Ал­матыға оқуға жіберілуі соның дәлелі. Оны қай жерде жүр­месін, қандай міндет атқар­масын газет жұ­мысы, өмірдің отымен кіріп, күлімен шығып жа­та­тын баспасөз қызметі өзіне тартып, қызық­ты­ра бергені кездейсоқ емес. Сондық­тан да бо­лар, 1937 жылдан бастап ол журна­листік қыз­мет­ке біржола ауысты. Бұрынғы Көкшетау об­лы­­сының бірқатар аудандық газеттерінің ре­дак­торы болып қызмет істеді. Екінші дүниежүзі­лік соғыстың алдында еңбек жолын “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетін­де жал­ғас­тырды. Қаламы төселіп, газет жұ­мысы­ның қы­ры мен сырын жетік білетінді­гін таныт­қан оған кейін Көкшетау облыстық партия ко­ми­теті Қы­зыл­ту ауданына тілші болып баруды ұсынады. Сөйтіп, ол 1949 жылы Көкшетау об­лыстық “Көк­шетау прав­дасы” газетінің меншікті тілшісі қыз­метін атқарды.
Жалпы әкем “Ленин туы” газетіне де кездей­соқ келе қалған жоқ. Бұл ба­сылым “Бостан­дық туы” деген атаумен шы­ғып тұр­ған­да-ақ оған түр­лі жанрдағы мақа­лалары жариялан­ған. Мә­се­лен, “Бостан­дық туын­да” “И.Бес­паев”, “И.Исаев” деген жасырын атпен ауыл өмі­рінен алынған хабарлар жиі басылып тұра­тын бол­ған. Олардың шын авторы менің әкем Имақ Тоқ­панов екенін біреу білсе, біреу білмейді. Соның куәсі ретінде әкемнің қолында бертінге дейін құнды құжат болды. Онда араб әрпімен былай жазылған: “Тілшілік билет. №252. 1928 жыл, де­кабрь. Осы би­летті көрсетуші жолдас Имақ Тоқ­панұлы “Бостандық туы” газетінің Ақ­мола гу­бер­­ниясы, Қызылжар уезі, Төңкеріс бо­лысы №2 ауылдағы белсенді тілшісі болып бел­гі­ленді. Жолдас Имақ Тоқпанұлына мін­детті қыз­­метін атқа­рып жүргенде барлық партия, ке­ңес меке­мелері, қызмет адамда­ры заңға сыя­тын жәр­дем берулері керек. Міндетті шыға­рушы – Жақан Сыздықұлы. Жауапты хат­шы – Қас­кей Өтекеұлы. 22 май, 1928 жыл. №396”. Осы куә­лік­ке қол қойғандардың бірі кейін бүкіл Қа­зақстанға белгілі болған ақын Жақан Сыз­дықов екенін, ал жауапты хатшы деп қол қой­ған кісі атақты Сәкен Сейфуллиннің жан досы, Қа­зақстан Орталық атқару комитетінің (КазЦИК) хатшысы болған тарихи тұлға, “Тар жол, тайғақ кешу” романында аты ата­латын Қаскей Өтекин еке­нін еске саламыз. Бұл жа­ғынан алғанда әкем Имақ Тоқпанов сондай біртуар адамдар­мен қызметтес болған бақытты жан.
Кейде анамның жинаған жеке мұраға­тын ақ­та­рып отырғанда әкемнің өміріне қатысты құ­жаттар көзіме оттай басыла ке­теді. Әкемнің сол кездің өзінде КСРО жур­налистер одағының мүшесі болғаны, Қазақ КСР Журналистерінің ІІ-съезіне делегат болып қатысқаны туралы құ­жаттар да сақ­таулы. Имақ Исаұлының көп­жыл­ғы ты­нымсыз еңбегі, белсенді қызметі елеусіз қал­мады: Октябрь революциясы, “Еңбек Қы­зыл ту”, “Құрмет белгісі” орденде­рі­мен, “Фа­шистік Германияны жеңгені үшін”, “Тың және ты­ңайған жерлерді игергені үшін” медаль­дары­мен марапатталды. Сол кез­дегі биліктің мақтау қағаздары да бір төбе. 1961 жылы өкімет әкеме одақтық дә­режедегі дербес зейнетақы таға­йын­­дайды. Қаршадайынан өмірге қызу ара­лас­­қан әкем марқұм зейнет демалысына шық­са да, қарап отыра алма­ды, едәуір уақыт Қы­зыл ту аудандық партия коми­тетінің партиялық комиссиясын басқар­ды, шығармашылықпен айналысты.
Есімі Көкшетау өңіріне белгілі ақын, жа­зушы Еркеш Ебікенов өзінің “Қоғам қайрат­кері, қалам қайраткері” деген сурет­темесінде әкемнен: “Журна­листикаға қай жылдан бас­тап араласа бастадыңыз?” – деп сұрайды. Сонда Имақ Тоқпанов ойла­нып отырып: “38 жыл бұ­рын”, – деп жа­уап беріпті. Әрине, баспасөзде осын­шама жыл жұмыс істеу – екінің бірінің қо­лынан келе бермейтін үлкен ерлік. Бұл деге­ніңіз, көз майын тауысып сарыла жұмыс істеу­мен өткен көп күндер мен түндер, қағаз бетіне түскен сансыз іздер мен өмірдің нақ өзінен алы­нып, қиыннан қиыс­тыра сыр шерткен әр көлем, әр маз­мұн­дағы ондаған, жүзде­ген газет мате­риалдары деп білу керек. Өлшеусіз тер төгу­мен, ізде­нумен өткен сол жылдардың көбін әкем Қы­зылту өлкесіне арнады. Уәлиханов ау­да­нының еңбеккер­лері өз араларынан шыққан журналист Имақ Тоқпановтың есімін ұмыт­қан жоқ. Аудан орталығы – Кішкенекөл ауы­лын­дағы бір көшеге әкем Имақ Тоқпа­новтың аты берілуі, міне, соның куәсі емес пе?
Мені биіктерге уақыттың өзі қон­ды­ра сал­ған жоқ. Ең алдымен, әкем Имақ Тоқ­па­новтың бер­ген тәрбиесі дер едім. Жұрт­шылық мені түрлі деңгейдегі мерейлі ша­раларда төрге шығарып, дәрігер әрі ән­ші ретінде құрмет тұ­тып жатса, бұл да әкем­нің: “Халқыңа адал қыз­мет ет” де­ген тәлі­мінің орындалғаны. Бүгінде, Құдайға шү­­кір, өзім де әкемін. Зайыбым Роза Жап­пар­қы­зы екеуіміз (ол да дәрігер) екі ұл, екі қыз өсі­ріп отырмыз. Оларға да әкемнің біз­ге көр­­сетіп кеткен өнегелі өмір жолын үлгі ре­тінде ай­тып отырудан жалыққан емес­пін.


Серік ТОҚПАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp