«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛЕҢІМНІҢ БІР ШУМАҒЫ ҒАНА ӨЗІМДІКІ ЕДІ

Бүгінде өзінің ғасыр тойын атап өткелі отырған “Soltústіk Qazaqstan” газетімен бала ке­зім­нен таныспын. Ол кезде бұл басылым “Ленин туы” деп ата­латын. Қызылжардағы қазақ-мектеп интернатында 5-6-сы­ныптарда оқып жүргенімде, об­лыстық газетке “Таң нұ­ры” де­ген өлеңім жарияланған­да тө­бем көкке сәл-ақ жетпей қалып қуанғаным күні кешегі­дей әлі есімде. Ол өлеңімнің жарияла­ну тарихы былай бол­ды. Мек­теп­те қазақ тілі мен әдебиеті­нен Мәрия Мырзатае­ва деген мұ­ғалімім мені өлең жазуға бейімдеп жүрген кез. Бірде үйге газетте қызмет істеп жүрген жер­лесіміз Ерғали Әбіл­мәжінов де­ген ағай келіп қалды. Ол менің өлеңдерімді сұрап алып, оқып көрді де, анама: “Мына баланы газетке шығарамын”, – деп қол­жазбаларымды алып кетті.

Бұрынғы Бостандық көше­сінде орналасқан интернатта жүрсем, радиоторап арқылы менің өлеңім “Ленин туы” газе­тіне жарияланғаны туралы ха­барлап жатыр екен. Ол кезде интернат­тың ауласында өзінің радио­торабы болатын. Диктор осы­­ны хабарлады да, өлеңімді оқи жөнелді. Кілт тоқтай қалып тыңдасам, әлгі өлеңнің бір шу­мағы ғана өзімдікі, қалғанын ре­дакциядағы ағайлар көркем­деп, редакциялап шығыпты. Ол кез­де менікі де қай бір өлең дейсіз? Баланың балдыр-батпа­ғы, шал­дыр-шатпағы бола­тын. Деген­мен, әлгі жаңалықты ес­тігенім мұң еді, көкірегімді мақтаныш сезімі керней жөнел­ді.
Кейін біздің ауылдан шыққан белгілі ақын, қаламгер Болат Қо­жахметов менің өлең­дерімді, мақалаларымды өң­деп, газет бет­теріне жиі-жиі шы­ғарып тұр­ды. Музыкалық учи­лищеде оқып жүрген кезімде де газет­тен қол үзген емеспін. Менің жур­­­налист ретінде қа­лып­та­суы­ма бірден-бір септігін тигіз­ген осы басылым десем, артық айтқандығым емес. Әлі күнге дейін журналистика сала­сында қандай да бір жетістікке қол жет­кізсем, оның түп-тамырын “Sol­tústіk Qazaqstan” газе­тімен, ба­ла кезімнен оның маған жаса­ған қолдауымен, қам­қорлығымен байланыс­тырамын. Қана­тымды қатайт­қан қарт басы­лым­ға сол үшін де ризашы­лы­ғым шексіз.

Бүркіт БЕКМАҒАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші, ақын, сазгер, журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp