
Мен өңіріміздегі абыз басылым – “Soltústik Qazaqstan” облыстық газетінде қалам тербеп жүрген жастардың бірімін. Бүгінде алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл толып отырған газет өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды десем, асыра айтқандық болмас. Өйткені, кеше газеттің әр санын асыға күткен оқырман болсам, бүгін соның журналисімін. Бір ғасырлық тарихы бар баспасөзде еңбек жолын бастау – әркімнің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Қарап отырсам, қасиетті қарашаңыраққа кездейсоқ келмеппін. Бала кезден әр басқан қадамым мені сүйікті редакцияма жақындата түскен екен.
Қаршадай кезден әдебиетке құмар болдым. Марқұм анам мектепте мұғалім болғандықтан, үйде том-том аңыз-әңгіме кітаптары үйіліп жататын-тұғын. Оқуға деген ынтамды байқаған әкем де маған “Балдырған”, “Бала би” журналдарын сатып әперетін. Уақыт өте келе назарым газетке ауды. Ауылда пошташы апайды тағатсыз тосатындардың бірі мен едім.
Облыстық газетке тырнақалды мақаламды 9-сыныпта жаздым. Бұл кезде Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта оқимын. Осындағы қадірлі ұстазым Әлия Малдыбаеваның жол сілтеуінің арқасында газетке қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының батырлығы жайында “Ерлік пен Жеңіс” атты мақаламды жібердім. Келесі күні мектебімізге фототілші Талғат Тәнібаев келіп, мені фотоаппаратымен “шырт” еткізді. Сол күні қуанышымда шек болмағанын жасырып қайтейін. Тіпті, мақала шыққанда жерден жеті қоян тапқандай қуанғаным-ай! Бұл мақала мен суретім жарияланған газеттің қиындысы мектебіміздің фойесіне ілінгені әлі есімде. Бұдан кейін қалам сиясын кептіртпеуге тырысып, бірнеше мақала жаздым. Соның ішінде он бала көтерген асыл әжем Үмітжан Жүсіпбекқызы туралы материалым арқылы туған-туыстың ризашылығын алдым.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің дипломы қолға тиісімен бірден редакция табалдырығын аттадым. Алдымен бүгіндері бас редактор болып жүрген ағамыз Ербақыт Амантайұлына жолығып, өтінішімді жеткіздім. Ол кісі Жарасбай Сүлейменов ағамызға жолықтырды. Сөйтіп, бұйымтайымды айтып, жазғандарымды ұсындым. Жастарға ерекше қамқорлықпен қарайтын ағамыз сол жолы мендей “сары ауызды” газетке қызметке қабылдап, журналистік жолдағы тұсауымды кесті. Осылайша, 2016 жылдың маусымынан қиындығы мен қызығы қат-қабат тілшілік тіршілік басталды. Редакциядағы жанашыр, ақылшы аға-әпкелердің қол ұшын беруінің арқасында осында табан аудармай еңбек етіп келемін. Бәріміздің мақсатымыз бір – қоғам игілігіне жұмыс істеу.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.