«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЛА ДАНЫШПАНДАРЫНЫҢ МҰРАСЫ — “МӘҢГІЛІК ЕЛ” БОЛУДЫҢ НЕГІЗІ

Үстіміздегі жылы Тәуелсіз еліміздің тарихында айшықты іздерін қалдырған оқиғалар мен ұлы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілмек. Дала данышпандарының арасында 175 жылдығы аталып өтілетін ұлы Абайдың, туғанына 1150 жыл толатын әл-Фарабидің халқымыз үшін орны бөлек екені ақиқат. Алтын Орданың 750 жылдығы да ұлтымыздың мерейін өсіретін ұлы мереке болмақ. Сол сияқты қазақ әдебиеті алыптарының бірі – академик-жазушы Сәбит Мұқановтың 120 жылдығына қызу әзірлік басталды.

Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада биыл аталып өтілетін мерейтойларға арналған “Ұлы даланың ұлы тұлғалары” тақырыбында пікір алмасу алаңы өтті. Бұл тәрбиелік-танымдық шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібек, Сәбит Мұқановтың ұрпағы Ермек Мұстафин, зиялы қауым, еңбек ардагерлері, мұғалімдер мен студенттер қатысты.
Руслан Әлішев жиналған қауымды өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан үстіміздегі жылы еліміздің аумағында атап өтілетін мерейлі мерекелермен құттықтады. Қызылжар өңірінде де қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Биыл облыс аумағында сексеннен астам республикалық, өңірлік іс-шара өткізу жоспарланған. Барлық кітапханаларда Абайға арналаған орталықтар ашылған, оқушылар арасында сайыстар, әртүрлі мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында: “Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгіндері де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымыздың жаңғыру ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн”, – деген болатын. Бұл ойды өзінің келелі әңгімесімен жалғастырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет ұлы далаға жаңа ой, жаңа поэзия әкелген Абай әлемдік деңгейдегі тұлға екенін тілге тиек етті. Сондықтан да болар, бүгіндері басқа елдерде де ғұлама ойшыл, ұлы ақынның мерейтойына орай әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Алматылық мейман үстіміздегі жылдың қаңтар айында Еуропаның бірнеше қаласында ашылған Абай орталықтарында болғанын жеткізді. Мұндай игілікті істер әлі де жалғасын табады.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай “Абайтанудың көкейкесті мәселелері” тақырыбында баяндама жасады. “Абайтануды кешегі кеңестік көзқарастан арылтып, бүгінгі тәуелсіз еліміздің толық Абайын қалыптастыруымыз қажет” дегенін негізге алуымыз тиіс. Абай өз шығармаларының кітап болып басылғанын көрген жоқ. Абайдың көзі тірісінде “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат” деген өлеңін Жүсіпбек Шайықсіләмұлы ақынның атын атамай бастырады. “Жаз”, “Болыс болдым мінеки” деген өлеңдері 1886 жылы “Дала уәлаяты” газетіне Көкбай Жанатаевтың атымен жарық көреді. Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағы ақын дүниеден озғаннан кейін, яғни 1909 жылы Санкт-Петербургтағы баспадан жарық көрді”, – деген баяндамашы осы шараға келген ардагерлердің, студенттердің Абайдың шығармашылығы туралы сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.
Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жанар Таласпаева адамзаттың асыл қазынасы – Абайдың мол мұрасына тоқталды. “Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі бірге жасайды. Ғасырлар бойы қазақ елін жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абай мұрасы біз үшін мәңгілік. Абай – артына өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасай беретін ұлы ақын”, – деді Жанар Серкешқызы.
Биыл қазақ топырағында туған ұлы данышпан, Аристотельден кейінгі әлемдік білім мен мәдениеттің екінші ұстазы атанған ғұлама ойшыл, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, риторика, философия, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия ғылымдарын меңгеріп, 200-ден астам трактат жазған әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір ғылым саласы жоқ деуге болады. Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің директоры Күлімкөз Смайылова ұлы бабамыздың даналық мұрасы мен ұлттық мүдде мәселесі төңірегінде кеңінен әңгіме өрбітті.
Алаштың ардақтысы Қошке Кемеңгеровтің шөбересі, доцент Қайырбек Кемеңгер жерлес-жазушы Сәбит Мұқановтың сан қырлы шығармашылығы туралы айтып берді. Әдебиетсүйер қауым Сәбеңнің барлық жанрларда өндірте жазғанын жақсы біледі. Ол артына лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, басқа да әдеби мұра қалдырған. Жерлес жазушының мерейтойы туған жерінде кеңінен аталып өтілмек.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева “Алтын Орда дәуірі тарихи мұрасының маңыздылығы” тақырыбын қозғап, жиналған қауымды құнды мағлұматтармен таныстырды. “Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн”, – деді. Алтын Орданың маңызын айшықтау, төл тарихтың жаңа беттерін ашу жұмыстары жалғаса бермек.
“Ұлы даланың ұлы тұлғалары” тақырыбында пікір алмасу алаңына қатысқан қауым облыстық кітапханада ашылған Абай орталығында болып, кітап көрмесін тамашалады.
* * *
Жастар сарайында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың – 175, шығыстың ойшылы әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың 750 және жазушы Сәбит Мұқановтың 120 жылдығына орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев “Ұлы даланың ұлы тұлғаларының” мерейтойларын атап өту бастау алғанын жариялады. Еліміздің тарихи тұлғаларын дәріптеуге бағытталған шаралар жыл бойы өткізілмек.
Қазақтың біртуар азаматтарына және тарихи оқиғаларға арналған шаралардың рухани және мәдени құндылықтарды қалыптастырудағы маңызы зор. Олар өткенімізді құрметтеуге, кейінгі буынның Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға жол ашпақ. Жиналған қауым алдында өз ойымен бөліскен Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет руханият мәселесін ұмыт қалдырмаған солтүстікқазақстандықтарға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен кеш бүгінгі ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді, еліміздің мақтаныштарының үлгі-өнегелерін құрметтей білуге тәрбиелеу мақсатында өрбіді. Ол әл-Фарабидің трактаттарынан үзінді оқумен бастау алды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері Абай мен Сәбиттің жарқын бейнесін сомдап, ұлт мақтаныштарының жан тебірентерлік ойларын ортаға салды. Бұдан соң тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырар әсем әндер әуелеп, күй шертілді. Ұлттық келбетімізді аша түскен түрлі өнер ұжымдары қазақи нақыштағы театрландырылған көріністерді сахналап, көрермен ризашылығына бөленді. “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы” деп Абай атамыз айтқандай, қошеметке ие болғандардың қатарында саналы өмірін өнермен байланыстырған жастардың көптігі қуантты. Кеш соңында барша қауым Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әнін шырқады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
Гүлбике КУБЕНОВА. “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp