«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА”

Құс салып, аң аулау – көнеден жеткен дәстүр. Бүгінгі таңда саятшылықтың осы түрін құстың тілін жетік білетін құсбегілер насихаттауда. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін саятшылық сайыстары елімізде жиі өтіп тұрады. Бұл жолы Қызылжар өңіріндегі “Құлагер” атшабарында құсбегілер арасында XIV ел біріншілігі бастау алды. Сайысқа 12 облыс пен екі қаладан қолына бүркіт, қаршыға және ителгі қондырған 50-ден астам құсбегі қатысуда.

Ұлттық өнерді қайта түлетуді мақсат еткен шараның ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жиналған көпшілікке құттықтау сөзін арнап, сайыстың алдағы уақытта облысымызда құсбегілікті дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.
Бұдан кейін сөз алған спортты дамыту дирекциясының ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Атамекен Рүстемов соңғы жылдары елімізде төл өнердің екінші тынысы ашылғанын атап айтты.
– Құсбегілік – қазаққа ғана тән бекзат өнердің бірі. Ол әлем бойынша спорт түрі ретінде 3-4 елде ғана тіркелген.
Ұлттық спорт түрлері қауым­дас­тығының саятшылықты спорт ре­тінде дамытуының бас­ты мақ­са­ты – ата-бабамыздан мұра бо­лып қалған құсбегілікті жоғалтпай, келер ұр­паққа аманаттау. Бүгінгі таңда құсбегілік өнер Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы­ның қамқорлығына алынған. Жарыс өткізу­дің ереже-талабы бірізге тү­сіріліп, бекітілді. Алдағы жоспары­мыз – құсбегілер жарысын әлем­дік деңгейде өткізу, – деді Ата­мекен Нәбиұлы.
Жарыс қатысушылары 34 бүр­кіт, 8 қар­шыға және 8 ителгімен кел­ді. Біріншіліктің алғашқы күні құс­бегілер бүркітті қолға қон­дыру бойынша сынға түсті. Қатты соқ­қан жел бүркіттердің ұшуына біраз кедергі кел­тіргенін де айтып өткен жөн. Тіпті, қатары­нан үш бүркіт қат­ты желден бұл тапсырма­ны тиісті деңгейде орындай ал­май, жарыс жолынан шығып қалды. Бі­рін­шілік­тің бас тө­решісі Дулат Маратұлы­ның айтуынша, спорт түрі ретінде ресми бекі­тілген соң жа­рыс ар­найы ереже шеңберінде өткі­зілу­де. Ережеге сәйкес әр бүркітке ұпай қойы­ла­ды. Егер құс жерге қон­бай, бірден ие­сінің қо­лына барып қонса, ең жоғары 10 ұпай бе­ріледі. Ал жерге қонғаны үшін бір ұпай тө­мендетіледі. Қаршыға мен ителгіге бай­ла­нысты да ереже бірдей. Ха­лық­ара­лық до­даларда да осы та­лаптар сақталады екен.
Бірінші кезеңнен сүрінбей өт­кен құстар еркін ұшу, аңға түсу жә­не шырғаға тарту ше­берлігі баға­ланатын екінші кезеңге жол­да­ма алады. Ал финалда бүркіт, қар­шы­ға жә­не ителгі құсқа, қоян мен түлкіге салынады. Жарыс қоры­тын­дысы бойынша үздік деп та­нылған құс иесі ақшалай сый­лық­пен марапатталмақ. Біріншілікте үз­­діктер қатарынан көрінген құс­бегілер спорт шебері атағына ие болып, кейін ел құрамасына қосылады.
Қазақстанның құсбегіліктен аға жат­тық­тырушысы Базарбек Күн­ту­ғанұлының ай­туын­ша, көне өнер­ден қол үзіп қалмаудың бір ама­лы – оны спорт түрі ретінде танып, мем­лекеттік тұрғыдан қол­дау көрсету. Ке­шенді шаралар­дың нәтижесінде елімізде саят­шылық спорт түрі ретінде ресми бекіті­ліп, 2004 жылы бүркітшілер федерациясы құрылды. Жыл са­йын “Салбурын”, “Саят”, “Қансо­нар” атты бүркітшілердің респуб­ли­калық чемпионаттарын ұйым­дастыру игі дәс­түрге айналған. Бұл біріншілік­терге 100-ге жуық құсбегі қатысатын болса, оның 60-сы бүркіт баптайды.
– Соңғы жылдары құсбегілік өнері бір­шама ілгеріледі. Бірақ жа­сыратыны жоқ, бұл сала Қызыл­жар өңірінде кенжелеп қал­ған. Осыны ескерген ұйымдастыру­шы­лар алқасы сайысты Солтүстік Қазақстан облы­сында өткізуді жөн санады. Төл өнерімізді насихат­тап, оған жастардың ықыласын ау­дару үшін биылдан бастап өңір­лерде спорттың бұл түріне жан-жақты қолдау көр­сетіледі. Қазақ­станның бірқатар өңірле­рінде құс­бегілік бөлімдер ашылуда. Шығыс Қазақстан және Маңғыстау об­лыс­тарында аталмыш бөлімдер өз жұмысын бастады. Ал­дағы уа­қытта саятшылық бойынша тәр­бие беретін мектептер ашу жос­пар­лануда, – деді Базарбек Күн­туғанұлы.
Биылғы қазан айында Павло­дар қала­сында жастар мен жас­өспірімдер арасын­да құсбегілер біріншілігі өткізіледі. Сондай-ақ, ел құрамасының өкілдері биыл Бу­ра­байда өтетін әлем чемпиона­тында және Түркияда жалауы жел­бірейтін халықара­лық көшпенді­лер ойындарында ел намы­сын қорғамақ.

 

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp