
Өз басым Жақсыбай Самратты 1980-ші жылдардың аяқ кезінен бері білемін. Тәуелсіздіктің арайлы таңы қарсаңында Қызылжар өңірі де саясаттың сан құбылған, от-жалынға шарпылған қилы кезеңдерін бастан кешіріп, әсіресе, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру төңірегінде талас-тартыстың өршігені, жағдайдың ушыққаны соншалық, өліспей-беріспейтіндей өзара текетіреске түскен қос тараптың арасында кез келген уақытта ұлтаралық кикілжіңнің шығып кетуі әбден мүмкін еді.
Бейнелеп айтқанда, сол кездегі жағдай шырпы тисе лап етіп жанғалы тұрған қаудан шөпке көбірек ұқсайтын. Бірі орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берілуін талап етіп, шовинистік, сепаратистік ұрандарды алаулатып-жалаулатып жүрсе, алаңның екінші жағындағы топ босағадан сығалап, төрге оза алмай тұрған қазақ тілінің мүшкіл халіне алаңдап, азуын айға білеген ұлтжанды азаматтар еді. “Күлтөбенің басында күнде жиын” дегендей, таңертеңнен кешке дейін күн тәртібіне негізінен қазақ тілі арқау етілген түрлі бейресми жиындардан көз ашпайтын кездер аз кездеспейтін. Осындайда бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұптары жазылмайтын үш жігіттің басқосулардан қалмайтыны жұртшылық назарын бірден аударған. Орда бұзар шақта азаматтық көзқарасы әбден қалыптасқан Сағынтай Изгуддин, Қайырбек Сапаров және Жақсыбай Самрат өз қатарластарынан оқшауланып тұратын. Олардың ішінде Жақсыбай бір қарағанда томағатұйықтау, ешкімге сыр ашпайтындай көрінгенімен, ұлттық мәселелерге келгенде іркіліп қалмайтын. Көзқарасы айқын, сөзі нақты, ойы жүйелі. Біреу білер, біреу білмес, 1989 жылы шілдеде “Тіл туралы” Заң жобасы жарияланып, онсыз да екі иінінен ентігіп, әзер дем алып тұрған дімкәс қоғамды, әлеуметтік жағдайды, тіпті, ширықтырып жіберді. Осы тұста “Қазақ тілі” қоғамы құрылатыны жарияланып, ұлттық мүдде жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтар біржола атқа қонды.
Не бел кетер, не белбеу кетер шешуші күрестің бел ортасында өзгелермен иық тірестіріп, тізе қосқан Жақсыбай қалалық “Қазақ тілі” ұйымының төрағасы Қайырбек Оразовтың басшылығымен қазақ сыныптарының, балабақшаларының, мектептердің ашылуына зор үлес қосты. Қоғамның пленум, бюро мүшесі ретінде өңірдің мәдени, әдеби, рухани өмірінде айтарлықтай із қалдырды. Бұл оқиғаларды еске түсіріп жатқаным, қоғамдағы, саясаттағы орнын егемендікке дейін-ақ анықтап алғанын, ал тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында күрескерлік тұлғасы одан әрі шыңдалып, қайраткерлік дәрежеге дейін көтерілгенін бөле-жара айту. Оның бір ғана мысалына тоқталайын. Абылай ханның Петропавлдағы ақ үйі төңірегінде дау-дамай аз болған жоқ. Бүйректен сирақ шығарушылар тарихи нысанның салынғанын теріске шығарып, сүріп тастау қаупі төнгенде қызылкеңірдек айтыс-тартыстың бел ортасында жүрді. Атақты ханның ордасы болғанын тарихи құжаттармен бұлтартпастай дәлелдеп, сақтап қалуға, қайта қалпына келтіруге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол жөнінде “Абылайдың ақ үйі” атты зерттеу еңбегін жазып, оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған кітаптың алғы сөзінде білімдік тұрғыдан берері өте мол, пайдалы еңбекті тарих пәніне қосымша ретінде сыныптан тыс оқуға пайдалану туралы ұсыныс жасауы бекер емес.
Сөз киесін пір тұтқан қарымды қаламгерлер арасында жерлесіміз Ж.Самраттың есімі құрметпен аталады. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тақырыбына алғашқылардың қатарында қалам тартып, қазақ жастарының трагедиялық ауыр жағдайы қаны сорғалаған ащы шындықпен суреттелген “Бітеу жара” романын жазды. Жұртшылықтың сұрауымен толықтырылып, қайта басылып шықты. “Өзгеленді бұл ғалам” әлеуметтік романы да үлкен сұранысқа ие болды. “Бұралаң заман” хикаятына белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетай: “Сен мені қуанттың, бауырым! Ғанибет күй кештім. Бас-аяғы жинақы жұтынып тұрған роман. Тұрмыстың ұңғыл-шұңғыл қалтарыстары әлеуметтік-моральдық тұрғыда кең қарыммен қамтылған”, – деп әділ бағасын берген. Жақсыбайдың қай шығармасын алсақ та, ойы ұшқыр, тілі шұрайлы. “Күзде гүлдеген алмалар” жинағына топтастырылған әңгімелері психологиялық иірімдерге толы. Журналистика саласындағы тартымды еңбектері – өз алдына бір төбе.
Алпыстың асқарына көтеріліп отырған жазушы-журналистің көп жылғы тынымсыз да қажырлы еңбегі Президент гранты, Қазақстан Журналистер одағы мен “Nur Otan” партиясының сыйлықтарымен атап өтілген. Мәдениет қайраткері. Есіл ауданының құрметті азаматы. Бүгінде республикалық “Egemen Qazaqstan” газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып жүрген жерлесімізге шалқар шабыттың құшағына көміліп, шығармашылық табыстарың толастамасын, абыройың асқақтай берсін демекпіз.
Өмір ЕСҚАЛИ, “Soltústik Qazaqstan”.