«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСЫЛЫМ БЕЛЕСІ

“Ауыл арайы” аудандық газетінің алғашқы санының оқырман қолына тигеніне отыз жыл толып отыр. Айтулы оқиғаға орай Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылында редакция ұжымының және басылымда қызмет істеген ардагерлердің, оқырман қауымның қатысуымен салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Мұратбек Әбішев мерейтой иелерін төл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады.

Осыдан бір ғасырдан астам уа­қыт бұрын Ахмет Байтұрсынұлының: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі” деген сөзі бүгінгі заманда да өзектілігін жоймай келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында (1 қаңтар 1990 ж.) мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді, төл тарихымызды жаңғыртуды және тұрғындарды ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар етуді мақсат тұтқан “Ауыл арайы” газетінің алғашқы нөмірі оқырманға жол тартты. Басылымның алғашқы редакторы тәжірибелі журналист Шұғай Өсіпов ауыл-ауылды аралап, мақалалар жазып, ана тіліміздің өркендеуіне атсалысты. Оның соңынан ерген тілшілер де халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп тұрды.
Сол жылдары аптасына 4 рет шығатын “Ауыл арайының” таралымы мың данаға жеткен еді. Әр жылдары газетке басшылық еткен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Таңат Сүгірбаев пен Әсет Мұстафин де жемісті еңбектерімен жергілікті баспасөздің беделін арттыра түсті. “Қазақстанның Құрметті журналисі” атағына ие болған Әсет Мәлікұлы өмірінің соңына дейін басылымның өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсап, халықтың еңсесін, рухын көтеретін материалдарды жариялауға ұмтылды. Ол өмірінің көп бөлігін басылымға арнап, соның 24 жылында редак­торлық қызметті абыройлы атқарды.
Аудандық газет қызметкерлерінің ұлтаралық келісімді нығайтуда атқарған еңбегі де зор. Қаламын қару еткен Ақнұр Несіпова, Назгүл Өтенова, Гүлзат Смағұлова, Қайыржан Сәрсекеев, Айдарбек Аткелтіров сынды азаматтар ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға күш жұмылдырды. Олар, сондай-ақ, басылымды дамыту, бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру ісіне зор үлес қосты. Газеттің осы және өзге де белесті кезеңдерін сөз еткен аудан әкімі Мұратбек Әбішев әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындауда биліктің сенімді серігіне айналған басылымның бірнеше қызметкері мен ардагеріне Құрмет грамотасын табыс етті.
Ал бүгінде бұл газет аудан тұрғындарының сүйікті басылымына ай­налды. Маңызды жаңалықтар, саясат, білім, мәдениет, әдебиет тақырыбын қамтыған мақалалар жиі жарық көреді. Құрылтайшысы, “Ауыл арайы” – “Сельская новь” ЖШС-нің директоры Екпін Әбиев қозғалатын тақы­рып аясын кеңейтуге және түрлі мәселелер төңірегінде жазылған сараптамалық мақалаларға басым­дық беріп отыр. Соның нәтижесінде аудан тұрғындары ел, өңір және аудан өмірінде болып жатқан оқиғалардан уақтылы хабардар болуда. Апта сайын шығатын “Сұрақ-жауап”, “Редакцияға хат”, “Ма­ман жауабы”, “Пікір” сияқты айдарлар арқылы оқырман өздерін мазалаған сауалдарға жауап алу мүмкіндігіне ие. Тілшілер ауыл-аймақтарды аралап, түйткілді мәсе­лелерді көтеруде белсенділік танытып келеді.
– “Ауыл арайы” туған елімен бір­ге жасап келеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңді де, экономика­лық дағдарыстың ауыртпалықтарын да бастан өткерді. Алайда, газет қандай жағдай болмасын, ұлтының сөзін сөйлеуден, ел-жұртты жақсылыққа, абыройлы істерге ұмтылдырудан жаңылған емес. Қазіргі таңдағы алдына шырақ етіп ұстанған басты мақсат-мұраты да сол – тәуелсіздігімізді бекемдеуге, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет ету, – деді серіктестік директоры Екпін Әбиұлы. Кәсіпкер биыл газет ғимаратын салуға 20 млн. теңге қаржы бөлмек. Ол, сондай-ақ, Пресновка ауылында баспахана құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Ардагерлер атынан сөз алған Тұяқ Рақышев өткен күндерді еске алып, бір кездері газетті шығару қиынға соққанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ауданның атқамінерлері мен қарапайым халқы қиын шақтарда күнделікті нанын таба алмай отырса да, газеттің жабылуына жол берген жоқ. Жұртшылық “Ауыл арайын” асыға күтті. Осының өзі басылымның беделі зор екенін айғақтайды. Газеттің сарғайған беттерінде ауданның тарихы, өткен күннің шежіресі жазылған.
Салтанатты жиын аудандық Мә­дениет үйінің өнерпаздары әзірлеген концертпен тамамдалды.

 

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
CУРЕТТЕ: газет редакторы И.Рахметов (сол жақта) пен құрылтайшысы Е.Әбиев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp