«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛЫ ҮЙДІҢ БАҚЫТЫ

Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған 15 баласы бар жалғыз отбасы бар. Көпбалалы ерлі-зайыпты Култышевтар Петропавл қаласында тұрады. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уәде еткен он бес баласы барларға берілетін 159 мың теңге жәрдемақыдан үміткер еліміздегі бірден-бір шаңырақ.

Татьяна орта мектепті тамам­да­ғаннан кейін бірден тұрмысқа шыққан. Павел екеуі 18 жылдан бе­рі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Көпбалалы ана тұңғышын 20 жасында дүниеге әкел­ген. Балалары егіз емес. Сә­билерінің арасы негізінен 1 жас ша­масында. 8 ұл, 7 қыз. Ерлі-зайып­тылар маусым айында 16-шы сә­би өмірге келеді деп отыр. Татья­на жүктілік бойынша тіркеуге де әлі тұрмаған екен. “Мен әдетте бо­са­натын шақ жақындағанда ғана дәрігерге барамын. Осы үшін ма­мандардан сөз де естимін. Бірақ менің түрлі сараптама тапсырып, ультрадыбыстық зерттеуге барып жүретін уақытым жоқ. Балала­рыма қарау керек”, – дейді Татьяна. Балалардың барлығы 3-4 килограмм салмақпен туған. Тек 14-шісі, яғни Диана ғана ірірек – 4 килограмм 400 грамм болған. Ал ең кіші сал­мақ көрсеткіші, яғни 2,9 килограмм Еле­наға тиесілі.
Дүниеге келген сәбиді шыға­рып алу үшін әкесі отбасының бар­лық мүшелерін перзентханаға ер­тіп апарады. Ол үшін кішігірім авто­бус жалдайды екен. Павел Влади­мировичтің өзі сегіз ағайын­ды. Сондықтан ол баланы Құдайдың баға жетпес сыйы деп қабылдай­ды. Жаратқан тағы бірнеше сәби сүйгізсе де қарсы емес. Әр сәбиге есім бергенде барлығы ақылда­сады. Үйде екі Павел, екі Татьяна бар. Ерлі-зайыптылар оларға өз есімдерін беруді жөн санап­ты. Ал үшінші бала Павелдің әке­сімен аттас. “Әр баланың орны бө­лек. Біреуі үйде болмай қалса, се­зіліп тұрады. Барлығын бірдей жақ­сы көремін. Көпбалалы отба­сын­да тәрбиеленген балалар ұйым­шыл болады. Бір-біріне кө­мек қолын созуға дайын тұрады. Оларға тек сөзбен ғана емес, іс­пен үлгі көрсетуге тырысамын”, – дейді көпбалалы әке.
Павел мен Татьяна таңғы 7-ден тұ­рады. Үйде 11 оқушы бар. Олар­ды тамақтандырып, мектеп­ке шы­ға­рып салу үшін біраз уақыт керек. “Біз бір сыныпқа екі бала­дан бе­реміз. Солай жеңілірек әрі бір-біріне серік болады, көмекте­седі. Мек­тепке жұптасып барады. Қыз­дарым сабақты жақсы оқиды. Шы­ны керек, ұлдар туралы олай айта алмаймын. Сырқаттанып, са­баққа бармай қалса қуанады. Есе­сіне спортқа, әкелері сияқты те­мірге жақын”, – дейді көпбалалы ана.
Кішкентайлары балабақшаға бармайды. Осылайша отбасылық бюджетті үнемдейді. Үйдің ере­сек­тері ата-анасына қолғанат. Қыз­дар бір-бірінің шашын өріп, дас­тарқанды да бірге жаяды. Кул­тышевтардың қағидасы – үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бо­лу. Барлық үй шаруасын бірлесе істейді. Отбасы қалада тұрып жат­са да, мал ұстайды. Қорадағы ірі қараны ұлдар жайласа, қыздары сиыр сауады. Дастар­қан­нан ақ тамақ үзілмейді. Сондықтан болар, балала­ры­ның барлығының дені сау. Та­тьяна тек қыс мезгілінде ғана түр­лі инфекциялар әбігерге салаты­нын айтады. Өйткені, балалардың бірі ауырса, бәріне жұғады.
Отбасы Жұмысшы кентінде тұрып жатыр. 2012 жылы жер үй са­тып алыпты. Шағын ғана баспа­наға қосымша бөлмелер салып кө­бейткен. Төрт бөлмелі жер үй – 17 адам үшін тарлық етеді. Татулығы жарасқан отбасы қысылып-қымтырылып өмір сүріп жатыр. Павел Владимирович қол жайып, ешкім­нен көмек сұрап көрмеген. Деген­мен, жәрдем беретін адамдар та­былып жатса бас тартпайды. “От­басымыз үлкен. Баспанамыз 120 шаршы метр болса да, 17 адамға тарлық ететіні рас. Осы үйді сатып алғанда аядай ғана бола­тын. Біраз кеңейттік. Тағы да бөл­мелер қосайық десек, мүмкіндік жоқ. Себебі, жеріміз небары 5 со­тық. Атымда жылжымайтын мүлік болғандықтан, бізге үй берілмей­тіні белгілі. Біреулер сияқты қулық жасап, үйімді басқаның атына тү­сі­ріп, мемлекетті алдап ештеңе ал­ғым келмейді. Өйтсем балала­ры­ма қандай үлгі көрсетемін? Тым болмаса жер алайын деп, әкім­дікке жер кезегіне тұруға бардым. Өтінішімді қабылдамай қойды”, – дейді көпбалалы әке.
Өткен жылы шағын кәсіпкер­лік­ті дамытуға арналған “Бастау” бағдарламасы бойынша 250 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Сол қаражатқа дә­некерлеуге арналған аппарат са­тып алыпты. Жеке кәсібін ашып, нәпақасын тауып отыр. Тек та­быс бірде бар, бірде жоқ. Әсіре­се, құрылыс қарқыны бәсеңдейтін қыс мезгілінде тапсырыс азайып, күнкөріс қиындайды.
Балалар “ұялы телефон, киім әпер” деп әлекке салмайды екен. Өйткені, Павел мен Татьяна ұрпа­ғына дұрыс тәрбие беруді мақсат тұтады. “Осынша баланы қайте­сің­дер, оны қалай асырайсыңдар?” деп сөгетіндер де бар. Бала – ба­қыт. Әрине, оларды өсіріп, ержет­кізіп, білім беру керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Оңай деп айта ал­маймын. Бірде жетіп, бірде жет­пей жатады. Мемлекетке телмір­мейміз. Жәрдемақының көбейіп жатқанына қуаныштымын. Қанша жәрдемақы берсе де, қанағат тұтамыз”, – дейді Павел.
Үлкен қыздары Инна мен Елена шаштараз даярлайтын курста оқы­ған. Бауырларының шашын қию – екеуінің мойнында. Қазір әп­келі-сіңлілілер киім тігуді меңгеріп жүр. “Бауырларымызды Лена екеу­міз бөліп аламыз. Әрқайсы­сы­ның өз шаштаразы бар. Бір-бір­леп кезекке тұрады. Әкемнің ша­шын алуға жүрексінемін. Сондық­тан ол кәсіби мамандарға бара­ды. Әбден тәжірибе жинап, қолым үйренген соң әкемнің де шашын өзім қиятын боламын”, – дейді үйдің тұңғышы Инна.
Татьяна мен Ирина скрипкада ойнайды. Инна – күйсандықтың тілін меңгеріп алған. Отбасы үйде ән айтқан кезде музыкалық ас­пап­тар қосылып, кішігірім ан­самбль­ге айналады. Ал ұлдар жа­ғы фотоға түсірумен әуестенеді. Өмір­де кез келген кәсіп қажетке асатынын балалар жақсы түсі­неді. Кул­ты­шевтар отбасында ба­ла­лардың әрқайсысының туған күні – ерек­ше мереке. Павел Вла­димирович мүмкіндігінде мүше­леп ет асып, балаларының құрме­тіне табақ тартатынын айтады. Жай­маны да Татьяна өзі жасай­ды. Ақша бірде жетіп, бірде жет­пей жатады. Бірақ бұл отбасы оған ешқашан налы­ған емес. Әр­кім­нің өз несібесі бар деп есеп­тейді.

Эльмира КӘЛЕНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp