«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЙБІТ ШЕРУЛЕР ШАРТЫН ТҮСІНДІРДІ

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметовтің қатысуымен өткен жиында “Бейбіт жиналыс ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” Заң жобасы талқыланды.

– Жаңа құжатта “митинг”, “пикет”, “жиналыс”, “шеру” секілді бейбіт акция түрлеріне нақты құқықтық анықтама берілген. Заң жобасы бейбіт жиналысты ұйымдастырушылардың, қатысушылардың және мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттерін анықтайды. Сонымен қатар мұндай жиындарды өткізуге болатын арнайы орындарды белгілеудегі жергілікті атқарушы органдардың құзыреттілігі де нақтыланған. Митингтерді қаланың шетінде өткізуге болмайды. Яғни, құжатта әкімшілік-аумақтық бірліктің орталығында өтуі тиіс екені нақты көрсетілген, – деді Жанат Мұратұлы.
Шарада мұндай жиналыстарды өткізуге қандай жағдайда жол берілмейтіні де айтылды. Жанат Мұратұлының айтуынша, аталған заң жобасын әзірлеуде халықаралық тәжірибе ескерілген. Мәселен, Нидерланды, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде хабарландыру жүйесі бар. Ал рұқсат беру жүйесі АҚШ, Швеция, Жапония және Сингапурда қолданылады. Дегенмен, хабарландыру немесе рұқсат беру жүйелеріне байланысты бұл елдерді демократиялық, демократиялық емес деп бөлуге негіз жоқ. Өйткені, көптеген мемлекеттерде рұқсат етілмеген митингтер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, айыппұл санкциясы да жоғары. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауда берілетін басымдықтарға байланысты жаза әр елде әртүрлі белгіленген.
Егер жиналыс немесе шеру қоғамдық тәртіпті бұзып, мемлекетке немесе жекеменшікке залал келтіреді деген қауіп болса, шараны өткізуге рұқсат берілмеуі мүмкін.
Оның үстіне бұдан былай 250 адамға дейін қатысатын бейбіт жиналыстарды өткізу үшін билікті хабардар ету жеткілікті. Ал жиналғандар саны одан асып кетсе, жергілікті биліктің келісімін алған жөн. Облыстық қауымдастық өкілдері митингке қатысушылар саны қалай есептелетіні және мұндай жиналыстардың қоғамға қауіп тудырмауын қадағалау әдісі жайлы сұрады. Жанат Қожахметов атап өткендей, мұндай жиналыстарды ұйымдастырушылар қатысушылар санын алдын ала хабарлауға міндетті. Олардың позициясын ұстанбайтын азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бұл тізімге енбейді екен.
Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының аға оқытушысы, саясаттанушы Сергей Могунов бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібін реттейтін заң жобасын өзгерту уақыт талабы деген ойын жеткізді.
– Бұл заң 1995 жылы қабылданды. Ол кезде Конституция қабылданбаған еді. Осы уақыт ішінде оны өзгерту қажеттілігі туғаны айқын. Өзгерістер енгізудің нәтижесінде бұл заң қазіргі қоғамда орын алып жатқан жайттарға сәйкестендіріледі. Оның үстіне халықаралық тәжірибенің ескерілгені де аса маңызды, – деген ол митингке қатысушы адамдардың санына қатысты тарауды облыс орталығы және ауылдық жерде өтуіне байланысты нақтылау қажет деген ұсыныс білдірді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp