«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМ МЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екенін атап өтті. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсуде атқарылар іс ауқымды. Әсіресе, аса маңызды міндеттерді шешуде азаматтық қоғамның күшін қолдануға да басымдық беріліп отыр. Қоғамдық кеңес бұл – өзекті мәселелерді талқылау алаңы, ел ішіндегі түрлі саладағы түйткілдерді, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкілдеріне жеткізу құралы.

Әр саланың өкілдерінен құралған облыстық қоғамдық кеңес 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кеңес зиялы қауымнан, қоғам қайраткерлерінен, саяси партия өкілдерінен, танымал заңгерлерден, білімі мен тәжірибесі мол, ұтымды ұсыныс айта алатын үкіметтік емес ұйым мүшелерінен құралған. Ереже бойынша жұмыс тобы қоғамдық кеңес мүшелерін конкурс арқылы үш жылға бекітеді. Үш жылдан кейін жаңадан тағайындалады. Кеңес мүшелеріне жалақы төленбейді, міндеттерін қоғамдық негізде атқарады. Облыстық қоғамдық кеңеске 21 адам мүше. Оның біреуі ғана мемлекеттік органнан болса, қалғандары – үкімметік емес ұйымның, саяси партиялардың, кәсіподақтың, кәсіпкерлік құрылымның, бюджеттік саланың, бұқаралық ақпарат құралының өкілі. Бұл өңіріміздің кез келген азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қоса алатынын көрсетеді. Яғни, мемлекеттік органдардың қандай да бір шешімдерді қабылдауына ықпал етеді. Себебі, заңда көрсетілгендей, қоғамдық кеңестің әрбір қабылдаған шешімін қарастыру – биліктің міндеті.
Облыстық қоғамдық кеңес 2016 жылдан бері 575 отырыс өткізіп, жергілікті атқарушы органның 44 басшысы есеп беріп, 474 нормативтік-құқықтық акті қаралған. Ал өткен жылдың өзінде 166 мәселе қаралып, қоғамдық тыңдауда талқыланды.
Былтыр облыстық қоғамдық кеңеске “орташа ақыл-ой кемістігі” диагнозы бар баласын №2 түзету мектеп интернатына орналастыра алмай жүрген ана шағымданды. Біздің ұсынысымызбен прокуратура органдары тексерген кезде, баланың құқығы бұзылғанын анықтады. Бүгінгі таңда бала түзету мектеп интернатына барып, тиісті білім алып жүр. Бұл қоғамдық кеңес мүшелерінің араласуымен мәселенің түйіні тарқаған бір адамның басындағы жағдай болса, жыл бойы өңірдің күнделікті тіршілігіне әсер ететін жүздеген ұсыныстарды қарап, тұрғындар үшін тиімдісін қабылдаймыз.
Соның бірі – өңірішілік көші-қон мәселесі. Былтыр өңіріміздегі тұрғындар саны 50-ден аз 111 елді мекен тіркеліп, олар бойынша еліміздің “Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс туралы” заңына сәйкес тиісті шаралар жүргізілуі қажет болды. Алайда, қолданыстағы заңнамада мұндай ауылдардың тұрғындарына материалдық көмек көрсету тетігі қарастырылмаған екен. Қоғамдық кеңес мүшелері аталған мәселені талқылау барысында қысқартылған ауылдардағы жағдайды жергілікті тұрғындардан, ауылдық округ әкімдерінен, аудан әкімі аппаратының басшыларынан сұрап білді. Ауыл тұрғындары әлеуеті зор, болашағы бар ауылдарға көшуге ынта танытқанымен олардың дені – зейнеткерлер, екі қолға бір күрек таба алмаған еңбек жасындағы азаматтар. Яғни, олардың өзге ауылға көшкенімен, үй алатын қаржысы жоқ. Тіпті, негізгі мемлекеттік және әлеуметтік қызметпен де қамтылмаған.
Бұл мәселені шешудің заңнамалық тетігі болмағандықтан, атқарушы органдардың, аудан, ауылдық округ әкімдерінің қаржылық қолдау көрсетуге құқы жоқ. Ал ел Үкіметінің 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы тек жастар мен еңбекке жарамды тұрғындарға ғана арналған. Облысымыз аталған бағдарлама қабылданған күннен бері өңірішілік көші-қонға қаржы бөлмегені де белгілі болды. Бұл бағдарлама облыс тұрғындарының балалар, кәмелеттік жасқа толмағандар, зейнеткерлер, мүгедектер секілді санаттарын қамтымайды. Осы орайда қоғамдық кеңес мүшелері заңнамаға қысқартылған ауылдардың тұрғындарына болашағы бар ауылдарға көшерде әлеуметтік көмек көрсету мүмкіндігін қарастыратын өзгертулер енгізуді ұсынды.
Кейбір ауылдық жерлерде ауызсуға зарығып отырғандар бар екені сөзсіз. Осы мәселені шешу үшін қоғамдық кеңес мүшелері облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының, “Есіл су” мекемесінің басшылығымен Есіл және Тимирязев аудандарына барып, жергілікті тұрғындармен, жергілікті атқарушы органның өкілдерімен кездесті. Осы орайда ауылдықтарды сапалы ауызсумен қамтуда жұмыстың жүйелі жүргізілгенін, бөлінген қаржының тиімді жұмсалғанын назарға алуымыз керек. Бүгіндері аудандардан “Ауылға су тартылды” деген сүйінші хабар жеткенімен, ескі колонканың өңін жаңартып, қайта орнату белең алғанын айтып өткен жөн. Қазіргі таңда колонка шығаратын зауыт жоқ, ал ескісін қанша сырласаң да, бірер аптадан кейін істен шығады. Осы орайда біз тіршілік нәрінің әр үйге жеткізілгеніне басымдық беріп отырмыз. Бүгінгі таңда осы ұсыныс Есіл ауданындағы Покровка ауылында жүзеге асып, сапалы ауызсу әр үйге енгізілуде.
Қоғамдық кеңес халық пен биліктің арасындағы алтын көпір сияқты. Өйткені кеңес мүшелері билікке жұрттың талап-арызын, мұң-мұқтажын жеткізіп, дұрыс шешім қабылдануына ықпал ете алады. Қоғамдық кеңес туралы заңда қоғамдық кеңестер “қоғамдық мәні бар мәселелерде азаматтық қоғам пікірін білдіреді” деп көрсетілген. Сондықтан да кеңестердің бүгінгі таңда атқарып отырған істері өте ауқымды әрі тиімді деп айтуға болады. Бұрын ел арасында туындаған түйткілді мәселелер мен даудамайларды аузы дуалы ақсақалдар бір ауыз сөзбен шешсе, қазір бұл міндетті қоғамдық кеңес атқарып отыр.

Қайырлы ЕДІРЕСОВ,
облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp