Осыған дейін Петропавл қаласында кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілген үш балабақшаның мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы жазған болатынбыз. Облыстық прокуратура балабақшаларды сенімді басқаруға беру кезінде заңдылықтың қаншалықты сақталғанына талдау жасап, қорытындысын шығарды.
Қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі басқарманың прокуроры Нұржігіт Сапаровтың айтуына қарағанда, талдау барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталыпты. Оның ішінде ведомствоаралық жобалық топ құрылмаған, жасалған келісімдерде туындауы мүмкін өндірістік кедергілер қарастырылмаған, конкурс жайлы ақпарат мерзімді баспасөз беттерінде жарияланбаған, біліктілік талаптары бойынша шындыққа жанаспайтын мәліметтер ұсынылған.
– Мемлекеттік қызметші – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы тарапынан мүдде қайшылығы орын алды. Алайда, ол өкілетті органдарға тиісті хабарлама жіберіп, бұл жайында ескерткен, – деді Нұржігіт Сапаров.
Тарқатып айтар болсақ, қалалық білім бөлімі басшысының азаматтық некедегі жұбайы Бақытжан Қашқымбаев – былтырғы қараша айынан үстіміздегі жылдың қаңтарына дейін үш балабақшаның екеуін сенімді басқаруға алған “Grand-Broker” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы. Бұл жайды Сара Рамазанова жасырмай, қаңтар айында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаментіне хабарлама жіберген көрінеді.
Прокурорлық тексерістің нәтижесінде жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарына, құқықтық мәселелер жөніндегі бөлім басшысына сөгіс жарияланып, экономика басқармасы басшысының орынбасарына ескерту жасалды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.