
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев облыстық көпбейінді балалар ауруханасында болып, емдеу мекемесінің материалдық-техникалық жағдайымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында кішкентай науқастарды емдеумен айналысатын облыстық балалар ауруханасының хирургия, жарақат емдеу және ортопедия, балалар патологиясы бөлімшелерін аралады.
Хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Геннадий Беляев кішкентай сырқаттар отадан кейін ем алып жатқанын айтты. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан жеткізілген жеті жастағы Данилдің анасы Мария Грибнева шұғыл көмектің арқасында дәрігерлер ұлын аман алып қалғанын жеткізді.
Баласы үшін жанын шүберекке түйген келіншек облыстық балалар ауруханасының ұжымына алғысын білдірді.
Жергілікті бюджет есебінен өткен жылы мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Медициналық ұйымды аралаған Руслан Қанатханұлы емдеу мекемесінде қандай қондырғыларға қажеттілік бар екенін сұрады. Мамандардың айтуынша, қазір мұнда лапораскопиялық аппараттар жетіспейді.
– Облыстық балалар ауруханасында жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2019 жылы хирургия, жарақат емдеу, нефрология, лор бөлімшелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін 168 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, аурухананың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға қосымша қаржы қарастырылды. Биыл бір бөлімшені күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда, – деген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов бөлімшелерге ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту, су, кәріз жүйелері ауыстырылғанын, өрт дабылы орнатылғанын тілге тиек етті.
Жарақат емдеу және ортопедия бөлімшесі де кішкентай сырқаттарға талапқа сай медициналық қызмет көрсетіп жатқанын айтып өткен жөн. Отыз бес орынға шақталған бөлімшеде қазір 27 сырқат ем алуда. Өкінішке қарай, балалар патологиясы бөлімшесі екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. Өйткені, қазір жұқпалы аурулар саны артқан. Бөлімше меңгерушісі Елена Чанышева мұнда кейбір ата-аналарды ақылы түрде жатқызуға мәжбүр екендерін айтты. Санитарлық талап бойынша 3 жасқа толған бала ауруханада жалғыз жатуы тиіс. Егер ата-анасы бірге жатуды қаласа, ақы төлеуге міндетті. Алайда, сырқаттарға тиісті көмек көрсетуде ешқандай кедергі жоқ.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.