«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРАН ҚҰС НЕ АЛМАЙДЫ САЛСА БАПТАП

Қазақтың ертеден келе жатқан көне ұлттық дәстүрі – құсбегіліктен кейінгі кездері көз жазыңқырап қалғандай болып едік. Қыран құс баптап, аң қағу, табиғат аясында сейілдеу, таза ауаны құмарлана жұту жан рақаты болумен қатар сері жігіттер үшін аңшылықтың ерекше түрі саналған. “Қыран құс не алмайды салса баптап” демекші, қыста қансонарда ойдан-қырдан аң ауласа, жазда үйрек-қазға салып, сынға түскен.

Бір сөзбен айтқанда, саят өнері нағыз ер жігіттің ғана қолынан келген. Өйткені, қанатты аспан тағыларын қолға үйретіп, әбден бабына келтіру ерекше шыдамдылық, төзімділік, ептілік, табиғат тылсымын меңгеру, құстың “тілін” жете білу секілді “сегіз қырлы, бір сырлы” қасиеттерді қажет етері сөзсіз. Қызылжар ауданында орналасқан “Құлагер” ипподромында бастау алып, үш күнге созылған ХІV ел біріншілігіне 12 өңір мен 2 қаладан сайдың тасындай іріктеліп келген саятшылар бас қосып, құс салып, аңшылық құрудың небір әдіс-тәсілдерін көрсетті. Үш кезеңнен тұратын сайыс құстарды еркін ұшыру, қолға қондыру, шырғаға тарту, аңға салу түрлерін қамтыды. Ақтық бәсекеде ұлттық спорт жанкүйерлері бүркіт, қаршыға, ителгінің қоян мен түлкіні қалай аулайтынын қызықтады.
Жекелей жарыс қорытындысында Түркістан облысынан Дәурен Аршабай үкілеп қосқан “Ақбас” атты ителгі барлық “қарсыластарын” шаң қаптырды. Қаршығалар сайысында жетісулық Алмас Сейтжанның құсына тең келері болмады. Ал маңғыстаулық Айшуақ Таймановтың қыран бүркіті нағыз бабында екенін танытты.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға ақшалай сыйлықтар, грамоталар, медальдар табыс етілді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда додалы бәсекеде топ жарған құсбегілер ұлттық құрама сапына қабылданып, әлем чемпионатына қатысатын болады. Ең қуаныштысы, өңірде саятшылар қауымдастығы құрылып, бекзат өнердің дамуына жан-жақты мүмкіндіктер туғызылмақ.

Өмір ЕСҚАЛИ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp