
Биылғы көктемнің ырқымызға көнбейтін түрі бар. Өзен-көлдердегі мұз ерте еріп, тасқын судың қарқыны қатты болады деген болжам айтылуда. 92 елді мекен су астында қалуы ықтимал. Аудандар қажетті алдын алу шараларын уақытында жүргізбесе, көктемгі тасқынның зардабы одан да мол болуы мүмкін. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында көктемгі су тасқынына, үстіміздегі жылы болатын санаққа дайындық барысы пысықталып, әлеуметтік маңызы зор азық-түлік бағасын тұрақтандыруда атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов 2017 жылғы жағдай қайталанатынын айтты. Негізгі қауіп Есіл, Шағалы, Сілеті, Қамысақты өзендерінен келуі мүмкін. Есіл өзенінің бойында орналасқан аудандар оқыс жағдайларға даяр болғаны жөн.
Ал Шағалалы өзені арнасынан асса, оның зардабын Тайынша қаласы мен Теңдік ауылының тұрғындары тартады. Сонымен қатар осы аудандағы он ауылға қар суы кіруі мүмкін. Қызылжар, Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың Есіл өзенінің бойында орналасқан 19 елді мекені мен Петропавл қаласының шеткі аудандарына да су келеді деген болжам бар.
Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, шаһарда жыл сайын су алатын 249 жеке аула мен көппәтерлі он үш үй бар. Бүгінгі таңда арнайы қызмет пен еріктілердің арқасында ондағы қар сыртқа шығарылуда. Десек те, облыс әкімі Құмар Ақсақалов аулалар мен көшелердегі қарды сыртқа шығару жұмыстарын ширатып, үш ауысыммен жұмыс істеуді тапсырды.
Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу бойынша кешенді жоспар құрылып, жұмыстар соған сәйкес жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жедел әрекет ету мақсатында 484 құтқарушыдан жасақталған 155 техника, 8 жүзу құралы және 72 мотопомпа бар топтар құрылды. Жанар-жағармай мен инертті материалдар, құм салынған қаптар дайындалды. Тіпті, алдын ала келісім бойынша Қызылорда және Жамбыл облыстарынан құтқарушылар келмек.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов биылғы көктемде су тасқынынан келер қауіп зор екенін айтып, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев жетекшілік ететін жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейтін болды. Өңір басшысы тағы бір орынбасары Руслан Әлішевке тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмысына жауапты екенін айтып, қазірден бастап су басу қаупі зор аймақтардағы қарттар, мүгедектер мен жүкті әйелдердің тізімін жасауды тапсырды.
– Тұрғындардың өмірін, олардың мал-мүлкін сақтауда жұмыла әрекет етуіміз қажет. Әкімдік отырысына агроқұрылым басшыларын әдейі шақырттым. Сіздер де жауапты кезеңде қолдан келер көмектеріңізді аямаңыздар. Қазіргі таңда қандай елді мекендерге қауіп төніп тұрғаны белгілі. Алдымен осы ауылдардағы қарды шығарып, қажетті жұмыстарды атқарыңыздар, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Үстіміздегі жылы елімізде ұлттық санақ өткізу жоспарланған. Облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпованың айтуына қарағанда, осы жолғы санақ электронды үлгіде өткізіледі. Өңірімізде санақ барысында 1000 жұмыс орны ашылып, еңбекақы көлемі 75-94 мың теңге аралығында болады. Санақ жүргізуге он сегіз жастан асқан кез келген солтүстікқазақстандық қатыса алады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл жұмысқа мұғалімдерді тартпауды ескертті.
Өңірімізде әлеуметтік маңызы зор азық-түлік өнімдерінің бағасына тоқталған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова жағдай тұрақты екенін жеткізді. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловқа жергілікті шұжық өндірушілер ірі сауда үйлеріне өнімдерін өткізе алмай, есіктерінен сығалап жүргенін айтып шағымданған. Шеттен әкелінетін сапасыз өнімдерге бүйрегі бұрған кәсіпкерлердің бұл қылығын сынға алған өңір басшысы бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке мәселені шешуді тапсырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.