«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӨЛЕҢ — СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ”

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Өлең – сөздің патшасы” атты аймақаралық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Көрші облыстар арасында әде­би байланыс орнату, жас ақындарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған жыр сайысына Қызылжар, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды қалаларынан сөз өнерінің шеберлері қатысты. Аты аңызға айналған ақын жайлы өлеңнен өрнек салған үміткерлердің өне­ріне, Халықаралық “Алаш” сыйлығының иегері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, белгілі журналист, қоғам қайраткері, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов төрелік етті. Алдымен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов талай дарынды бесігінде құндақтаған Қызылжардың төрінде бастау алған жыр мүшәйрасының қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Биыл елімізде бірқатар айтулы шаралар атап өтіледі. Ең бастысы, олардың мәні мен мазмұнына назар аударуымыз қажет. Мәдени, рухани шаралардың жастар үшін тәрбиелік маңызы зор болуы тиіс. Соның ішінде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын тиісті деңгейде атап өту көзделуде. Ақынның мерейтойына Мемлекет басшысы да айрықша мән беруде. Жақында өңірімізде атаулы мерейтойлардың алғашқы іс-шаралары бастау алды, – дей келе Құралбек Атамұратов қоғамның шамшырағына айналған Абай атамыздың еңбектері ешқашан маңызын жоймайтынын айтып, руханияттың жанашырларына шынайы алғысын білдірді. Бұл орай­да жас ақындардың мүшәйрасына қолдау білдірген облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің директоры Ерлік Жанділдин, облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айтықан Қалғаева, Қазақстан Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Диас Мэлс, облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжановты атап өткен жөн. Демеушілердің атынан сөз алған “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай ғұлама ойшылдың ой иірімдері адамзат баласын ізгілікке жетелейтінін айтып, жастарды хакім Абайдың бекзат болмысынан өнеге алуға шақырды.
Мүшәйра барысында қатысушылар ақынға арнау айтып, еркін тақырыпта жазылған өлеңдерін оқыды. Сөз мәйегін ағытып, жыр маржанын төккен жас ақындардың додасы тартысты әрі қызықты өтті.

“…Сенің жолың, сендік жұмбақ, сендік ой,
Әлі де алыс, құпиялы, тереңдік.
Қоғам толы, шұбар көңіл, теңбіл ой
Бір мазасыз шуылы  көп кереңдік…
Сол кереңдік жылағысы келеді,
Жырланғысы келетіндей сөзбенен…
Маза бермей кемелдіктің дерегі,
Біреулер жүр түн түнекке
төзбеген.
Теңіз суы секілденген алыбым,
Жұтқан сайын шөліркейді  жан іші.
Алты Алаштан асып түсер қалыбың,
Сен шығарсың Адамзаттың арысы!..” – деп керекулік ақын Жарқынбек Амантайұлы Абай атамызға жыр арнады. Ақынның “Ескі сурет” атты өлеңі көңіл күй иірімдерінің әсері мен әдемілігінен құрал­ғанын аңғартты. Жиналғандар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Абылайхан Әшімханның тебіреніске толы өлеңін де жылы қабылдады.
“…Береді күрең сөзге  кім азаттық,
Ақылы көп болғанға  кінә жаптық.
Тіріңде сабағандар бүгін сенің,
Барады мазарыңа  мінәжат қып.

Шағылған күн сәулесі  тасқа құлап,
Бүгінгінің әні, күйі басқа бірақ.
Түсіме жиі енді бұлтқа оранып,
Қараауыл Шыңғыстау мен Қасқабұлақ…”.
Қарағанды қаласынан келген Салтанат Қайырбек еркін тақы­рыпта жазылған махаббат жайлы өлеңін шабыттана оқыды.
“Дәруіштей қаңғырдым,
Ойды кездім бір алпауыт күшпенен.
Өзімді-өзім таң қылдым,
Көнетоз, жамау Шәмсі күпісі кигенім,
Ақ қанат қағып, дәруіш  биін биледім.
Кербездің мысын Бастым жолымда жолыққан,
Алқызыл гүлдер – ғашықтық келіп тобықтан…”, – деп іңкәр кө­ңіл, нәзік сезімге бой алдырған ақын қыздың сұлу жыры тыңдарманның көңілінен шықты.
Жалпы он бір ақын сынға түскен сайыста Нұр-Сұлтан қаласынан келген Рауан Қайдаров, Қызылжардың намысын қорғаған Нұргүл Оқашева мен Нұрбол Мирасбек, қарағандылық Айзада Рақымжанова мен өзге де жас дарындар шараға қатысушыларды сұлу жырдың тұнығына бойлатты. Ақындардың өнеріне лайықты баға берген қазылар алқасы қатысушыларға алғыс білдірді. Өңіріміздегі руханият жанашыры, қаламгер Жарасбай Қабдоллаұлы өлеңді өміріне серік еткен жас ақындарға сәттілік тілесе, қазылар алқасының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы:
– Абай сүйген қазақтың бір пұшпағы осы Қызылжардағы намысы өр қазақтар деп ойлаймын. Мағжанның, Ғабит пен Сәбиттің елі ретінде танылған қасиетті өлкеде Сафуан Шаймерденов, Ерік Асқаров сынды дүлдүлдер дүниеге келгенін ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан мұндай шаралардың бұл өңірде өтуі – заңдылық. Әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Сәбит Мұқановтың мерейтойлары кең көлемде аталып өтуі тиіс. Оған сіз де, біз де атсалысуымыз керек, – деді.
Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдеге Жарқынбек Амантайұлы ие болса, бірінші, екінші, үшінші орындарды Абылайхан Әшімхан (Петропавл), Салтанат Қайырбек (Қарағанды), Қуаныш Оспан (Көкшетау) бөлісті. Сегіз сері, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлделерге ие болған өзге ақындар да құр қол қайтпады. Әріптесіміз, бас редактордың орынбасары Нұргүл Оқашева арнайы жүлдемен марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесі тағайындаған жүлде қарағандылық Айзада Бүркітқызына табыс етілді.
Өлең ғана емес, күй күмбірлеп, әсем ән қалықтаған әдемі кеште қызылжарлықтар ерекше әсерге бөленіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Тәпсіріңді күтумен жүр ғасырлар

Қос жанарда қатқан татты ысқылап,
Жүректегі көздің алдын сүртіп ем.
Ар жағынан бір ақиқат қыстығат,
Төгілердей қаламымның үрпінен…

Санамызға сөлі сіңген тұманның,
Сенен бір үн жететінді көмескі.
Көн терісін сылып алдым күмәннің,
Енді өзіңнің жүрегіңмен кеңестім.

Сенің жолың, сендік жұмбақ, сендік ой,
Әлі де алыс, құпиялы, тереңдік.
Қоғам толы, шұбар көңіл, теңбіл ой,
Бір мазасыз шуылы көп кереңдік…

Сол кереңдік жылағысы келеді,
Жырланғысы келетіндей сөзбенен…
Маза бермей кемелдіктің дерегі,
Біреулер жүр түн түнекке төзбеген.

Теңіз суы секілденген алыбым,
Жұтқан сайын шөліркейді жан іші.
Алты Алаштан асып түсер қалыбың,
Сен шығарсың Адамзаттың арысы!

Жүрегіңнің түбіндегі тұңғиық,
Ұлттың ұлы кепиетін жасырды әр.
Жанарының шарасына мұң құйып,
Тәпсіріңді күтумен жүр ғасырлар!

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ.

Данышпан

Самаладай таратқан таңнан арай,
Шежірелі Шыңғыстау, маң далам-ай!
Табаныңның астынан тағдыр түлеп,
Қаламымен жол салған арға қарай.

Жұпар иіс аңқытып жарыс, тақтан,
Кеңістіктің құсасын алыстатқан.
Ол бөз бе еді беткейлі боз далама,
Ол сөз бе еді естілген ғарыш жақтан.

Жан күбірі шертілген сыр ма, зар ма,
Өркениеттің өркеші – нар басында.
Дауысымен сілкінтіп бір дәуірді,
Болмысымен үн қатқан бар ғасырға.

Тұрақ бермей жаныңа ар сұрағы,
Мыңмен жалғыз алысып… “қансырады”.
Жар астында естілді жаңғырығың,
Халқың жатыр о, тоба, қамсыз әлі.

Сен жалаған жазылмай жарам әлі…
Қарап тұр ғой қасқайып дарам әні.
…Қай қалыпқа салса да қайыспаған,
Қарасөздің сен бе едің қара нары?

Ен далаңа қондырған құсың бар-тын,
Сол құсыңды самғатып ұшырды әркім.
Ұл-қыздардың ірілігі ұсақталып,
Жұлдыздардың сөнбеуі үшін бәлкім…

Мінін тердің, қалмадың аянып-ақ,
Тұтас әлем сөзіңді сая қылад(ы).
Қазақ сені “ұлы” деп айғайлайды,
Пеш түбінде құс жастық таянып ап.

Бір сөзіңнен жер шары қақырады,
Сен жүрген жол – ар жолы, жатыр әні.
…Қолын соғып күтіп тұр, данышпанын,
Жиырма екінші ғасырдың атырабы.

Нұргүл ОҚАШЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp