
Қызылжар аудандық кітапханасының “Абай” орталығында “Қанатты әйел” медалінің иегері, көзі тірісінде оймақтының шебері атанған Сақып Құсайынованы еске алу кеші өтті.
Өз айналасына адамгершілік келбетімен, абыройлы істерімен танылған Сақып апа салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жаңғырту ісіне өлшеусіз үлес қосты. Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында “Мақсат” қазақ этно-мәдени орталығын құрып, он саусағынан өнер тамған қыз-келіншектердің ісмерлікпен айналысуына түрткі болды. Жүрген жерінде нәзік жандарды жақсы ене, ибалы келін болудың қыр-сырына баулып, тәрбиелік мәні зор өсиет әңгімелерімен танылды. Шара барысында кеш қонақтары Сақып апаның өзге де қырларын сөз етіп, бірге өткізген күндерді сағынышпен еске алды. Ісмер жайлы естелігімен бөліскен ардагер ұстаз Ботагөз Ғалеева Сақып Рақымжанқызын жылылық пен мейірімнің, сұлулық пен парасаттылықтың, талант пен еңбекқорлықтың эталонына балады. Жиналған қауым марқұмның архивте сақталған әңгіме жазбаларын тыңдап, көзге жас алды. Зейнеткер Фарида Мұқашқызы: “Көзі тірісінде баршаға қадірлі болған Сақып Құсайынованың туғанына 85 жыл толуына орай өткізіліп жатқан шарада ардақтымызды сағынышпен еске алып, жақсы бір кештің куәсі болдық. Асыл ана өмірінің соңына дейін келешек ұрпақтың жарқын болашағын ойлаумен өтті. Бұрынғылар осындай қасиетке ие адамдарды “сүйегі асыл, түбі текті” дейтін. Ал ел анасы атанған Сақып апаның бойында қазаққа тән асыл қасиеттердің барлығы бар еді. Ол кісі мәдени-қоғамдық шаралардың да басықасында жүретін”, – деп ағынан жарылды.
Кеш бойы әсем әндер шырқалып, “Ел мақтанышы” деректі фильмі көрсетілді. Сондай-ақ, кеш қонақтары “Он саусағынан өнер тамған асыл жан” кітап көрмесін тамашалап, Сақып апаның қолөнер бұйымдарын, ұлттық нақышта жасаған туындыларын тамашалады.
Эльмира КАБЕЕВА,
Қызылжар аудандық кітапханасының директоры.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.