«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫЛАР МҰРАСЫ

Елімізде “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, оқуға деген қызығушылықты арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге, оқып-білуге ынталандыру, сондай-ақ, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету. “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы комиссиясының шешімі бойынша 2020 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей оқу үшін Әнуар Әлімжановтың “Ұстаздың оралуы” романы мен Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясы ұсынылып отыр.

Әнуар Әлімжановтың “Ұстаздың оралуы” романы бізді орта ғасыр дәуіріне жетелейді. Оқиғалар Орта Азия мен Таяу Шығыс қалаларында өрбиді. Бұл жерде шығарманың басты кейіпкері, терең ақылы және кең білімі үшін әлемдегі екінші ұстаз атанған Әбу-Насыр әл-Фараби өзінің философиялық трактаттарын жазған.
Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясы – қазақтың көркем прозасын жоғары деңгейге көтеріп, әлем әдебиетіне биік эстетикалық талғам, көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Төрт томдық романның әр кітабының құрылымы мен стилінің бірін-бірі қайталамауының өзі де жаңалық. Бірінші кітап жас Абай қызықтаған жастық романтикасына негізделіп, оның ел тіршілігімен танысып, ашылуын бейнелесе, екінші кітап ақындыққа, ойшылдыққа бет-бұрысты танытады. Мұнда жастық романтикасының орны, адамдар арасындағы тартыс айтылады. Үшінші кітап Абайдың өз ортасынан бөлініп шығып, туған халқымен табысуын, халыққа бетбұрысын танытса, төртінші кітапта Абай жолының кеңейіп, қалаға, далаға тарауын, оның үлкен қоғамдық күшке айналуын көрсетеді.

 

Құралай ӘБІЛИНА,
қалалық қазақ мектеп-гимназиясының кітапханашысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp