«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛТЫНАЙ”

Айтуға жеңіл, жаттауға оңай әуезді әндердің бірі – “Алтынай”. Көпшіліктің көңілінің төрінен орын алған осынау бір әннің шығу тарихы да қызық. Бұл туралы белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының естелігінде егжей-тегжейлі жазылған. Соған көз жүгіртіп көрейік.

“1991 жыл. Қырғызстанның Ош қаласында Құрманжан датқа деген қырғыз ханшасының мерейтойы өтті. Сол тойға Оңтүстік Қазақстан облысынан екі адам делегат ретінде шақырылдық. Бірі – мен. Екіншісі – облыстық атқару комитетінің хатшысы. Шынын айту керек, бұған дейін Екатерина, Елизавета деген орыстың әйел патшаларын білетінбіз. Ал Шығыс халқынан шыққан, оның үстіне қырғыз бауырларымыз ұлықтаған ханшаның тойы көңілімізге ерекше бір мейрам орнатқандай болды.
Жан-жақтан қонақтар келгенде оларды әрі-бері алып жүретін бір адамды бекітіп қоятыны белгілі ғой. Маған бектілгені Қырғызстанның арақ-шарап зауытының директоры Алтынай Сулайманова деген келіншек екен. Алтынай – қырғыздың мөлдіреп тұрған қызы. Өзі басшылық ететін зауытта 10 мыңдай адамды басқарады. Осыдан-ақ оның мықтылығын байқай беру керек шығар. Алтынай шенеунік қана емес, жүрегі жұмсақ, жанарынан мейірім төгілген, бауырмал, сондай бір әдемі қыз болып көрінді маған. Ошта 3-4 күн болдық. Бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз, қайтатын кез жетіп, қоштасып жатқанда Алтынайдың көзіне мөлтілдеп жас келіп қалды. Жалпы біздің табиғатымыздағы жоғалтқан нәрсеміз – біреуді жақсы көру, қоштасарда көзге жас алу. Қазіргі заманда сирек кездесетін адами қасиеттер. Содан Шымкентке дейін жеңіл көлікпен 12 сағаттай жол жүрдік. Жол бойы Алтынай көз алдымнан кетпеді. Қимас туысыммен қоштасқандай ыстық та ізгі сезімдер осы сапарда өлең жолдарына айналғанды. Осылайша:
“Алатауды айналып,
Ош аспаны ойланып.
Әлем бір сәт қалғандай,
Кірпігіңе байланып…”, – деген тіркестер өмірге келді”, – деп жазыпты ақын Ханбибі Есенқарақызы.


Алатауды айналып,
Ош аспаны ойланып
Әлем бір сәт қалғандай
Кірпігіңе байланып
Ей, Алтынай

Қайырмасы:

Алтынай, Арман-ай,
Бәрі де артта қалғаны-ай.
Бір күнгідей болмады-ай
Арман қуған ей, Алтынай.
Жанарыңның жарқылы,
Жалт еткен сол қалпың-ай.
Құрбаның боп өтермін
Мен жолыңда, Алтынай,
Ей, Алтынай.

Қайырмасы:

Алатаудың маралы-ай,
Ал көңілім жоғары.
Алтын сенің садағаң,
Алтыннан да бағалы,
Ей, Алтынай.

Қайырмасы.

СУРЕТТЕ: А.Сулайманова (сол жақта) мен Х. Есенқарақызы.
Диас ДУМАНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің
музыка пәндері кафедрасының студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp