“Динамо” дене шынықтыру спорт қоғамында қоян-қолтық ұрыстан өткен облыстық чемпионатқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері, “Сұңқар” спорт клубының, қоян-қолтық ұрыс федерациясының мүшелері қатысып, 80-нен астам спортшы өзара күш сынасты.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде полиция департаментінің бастығы, қоян-қолтық ұрыс федерациясының төрағасы Марат Төлебаев шараның маңызын атап өтті. “Сіздерге қарап жас ұрпақ бой түзейді. Күнделікті қызметте саламатты өмір салтын серік ету басты бағдарымызға айналуы керек”, – дей келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет адалдық және превенция басқармасының жетекшісі Дамир Хабибулин спорттың жастар арасындағы тәрбиелік рөліне тоқталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылған сайыс “Динамо” қозғалысының 95 жылдығына арналып, “Спортта жемқорлыққа орын жоқ!” ұранымен жалғасты.
Доданың бас төрешісі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғабит Өтенов пен жарыстың бас хатшысы, еңбек сіңірген спорт шебері Мирас Бірімжановтың айтуларынша, спортшылар бәсекеге тыңғылықты дайындықпен келген. Оны жарыс қорытындысы айқын байқатты. Ұлттық Ұлан әскери институты мен №6637 әскери бөлімнің командалары үш алтын медаль олжалады. “Сұңқар” спорт клубының өкілі Қабидолла Қозыбаев 55 килограмм салмақ бойынша топ жарды. Полиция департаментінің өкілдері Еркебұлан Сәрсембай – 70, Талғат Рүстемов 90 килограмм салмақ дәрежесінде белдесіп, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Осы ведомствоның хас шеберлері Ердәулет Сайдуллаев жеңіске деген жігері үшін марапатталса, Игорь Дрозд қарсыласын 39 секундта тізе бүктірді. Мадияр Жұмағұлов “Үздік техникалық шеберлігі үшін” аталымын иеленді.
Жеңімпаздар республикалық додада облыс намысын қорғайтын болады.
Игорь МЕРЦАЛОВ, облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.